Сайлау • 03 Наурыз, 2023

Партиялар пікірсайысы: сөз бен іс

643 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Qazaqstan» ұлттық арнасының тікелей эфирінде Мәжіліс сайлауына қатысатын саяси партиялардың өкілдері пікір таластырды. Теледебатқа «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау, Қазақстан халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының жетекшісі Нұрлан Әуесбаев қатысып, елдегі өзекті мәселелерді ортаға салды.

Партиялар пікірсайысы: сөз бен іс

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Теледебатта 7 саяси партия сайлауалды бағдарламасының ба­сым­дықтарын алға тартты. Мәсе­лен, «Ақ жол» мемлекеттің эко­номикаға қатысуын шектеу, кәсіп­керлікті қолдау қажеттігіне тоқ­талса, ЖСДП Парламентте көте­ретін мәселелердің барлығын қолға алатынын айтып, сендіруге ты­рысты. Ал «Байтақ» жасыл­дар партиясы елге шенді-шек­пен, бай-бағландар емес қара­па­йым халықтан шыққан азамат­тар қажеттігін алға тартты. Әдет­­­­тегідей ауылдың мәселе­сін «Ауыл» партиясы назарға алып, осы жолы еңбек адамының мәрте­бе­сін көтеру керек ұсынысын білдірді. Халық партиясы болса ел мен жер үшін деген ұранға саятын іс тындыратынын мәлімдеді. «Respublica»-ның мәлімдеуінше, олар ауылдағы орта білімнің дең­гейін қаламен теңестіріп, ең­бек­қор адамдарға лайықты ай­лық төлеу, жағымпаздық пен жем­қорлықты жоюды қолға алмақ. Ал «Amanat» партиясын­да популистік ұран болмайды, елдегі өзекті мәселелерді әлеуметтік-эко­но­микалық тұр­ғыдан қарас­ты­рып, халықтың жағдайын көтер­мек. Сонымен теледебатта пар­тия­­лар өкілдері не дейді?

 

Берік ДҮЙСЕМБИНОВ,

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілі:

– Байқасаңыздар қазақ елінің соңғы 30 жылы ұранмен өтіп жатыр. Бағаның Еуропадағыдай шарықтауы, бүгінгі қымбат өмір осының бәрі қайдан шықты? Бұл тек саясатты ғана емес, экономиканы да жекешелендіріп алған адамдардың жауапсыздығынан шығып отыр. Ал біздікі құрғақ ұран емес, біздікі жүйелі жұмыс­тың жалғасы. Өкінішке қарай, бізде нақты экономиканың орнына слайд көрсетеді, елдің салған қаншама ақшасы мемлекеттік бағдарламаларға зая кетіп жатыр? Біздің мақсатымыз – осы қаржыны еркін нарық шеңберіне ел­дің өзіне қайтару. Эконо­ми­каны либерализация жасау, мемле­кет­тің қатысуын шектеу, нақты кәсіпкерлікті қолдау. Елді асырап отырғандардың бірі – кәсіпкерлер. Осыны «Ақ жол» партиясы талдап, саралай келе кәсіпкерлерді бұқаралық етуді мақсат тұтып отыр. Елімізде кәсіпкерлер көп болу керек. Ал кәсіпкерлікке зиян келтіріп отырған органдар жауапқа тартылуға тиіс.

Біз, «Ақ жол» партиясы өз тәжірибемізге сүйене отырып, әріп­тестеріміз айтқан игі істер бюджет болмаса іске аспайтынын атап көрсеттік. Сондықтан бі­рін­ші­д­ен, Парламенттің мем­лекеттік бюджетті бекітуі мен бақылаудағы өкілеттігін күшейтуіміз керек. Кез келген мә­селені шешу жолында мем­ле­кеттік мүмкіндіктерді бюд­жет анықтайды. Бірақ елдегі мем­лекет қаржысының қомақты бө­лі­гі Парламенттің қаты­суын­сыз кетеді. Кез келген игі істі жү­зеге асыру үшін бюджет Пар­ла­ментке есепті болуы керек. Екін­ші­ден, Үкіметті жеңіске жет­кен партия құрауы керек. Ық­палды Парламент болуы үшін Үкімет оған есеп беруі керек. Үшін­­шіден, еліміздегі үлкен мә­се­ле – сот билігі. Президент айтқан «Әділетті Қазақстан» деген сөз ең бірінші сот билігінен туын­­­­дайды. Мәжілістің алдында жүз­деген адам қолдарына плакат алып, шеруге шығып жүр. Қаншама адамды қабылдадық, солардың бәрінің сот әділдігіне айтар наразылығы бар.

 

Нұрлан ӘУЕСБАЕВ,

ЖСДП өкілі:

– Бірінші кезекте тегін медици­налық қызмет, сапалы білім, аза­мат­тардың ыңғайлы баспанасын қамтамасыз ету, зейнетақы, жала­қы, жәрдемақыларды көте­ру, жұмыспен қамту, банк сала­­сын­­дағы жоғары несиелерді тө­мен­­дету мәселелері тұр. Осы мә­се­ле­лер­дің шешілмеуінің бас­ты се­бебі – жемқорлық.

Еліміз азаматтарының өмір са­па­­сы стандарттарын енгізу ғылы­ми тұрғыда Еуропа елдерінен алын­ған. Елдегі ең әлжуаз, аз қам­­тылған адамның өзі нақты стан­дарт­тарға сай болуы керек. Ол қазір­гідей тұтынушылық себет қана емес, дәрі-дәрмек, дема­лыспен қамтылуы керек, тамақ­тануы, киімі, басқасы бар. Бұл стандарттың сақталуына бар­лық министрлікті міндеттеу керек. Екіншіден, олигархиялық жү­йе­ден арылу мәселесі. Қазақ­стан­ның жер қойнауында байлық мол болса да еліміз кедей тұрады. Өйткені бақылау жоқ. Осы орайда ұлттық байлықты мемлекетке қайтару да әлі өзекті болып тұр.

Қазіргі таңда еліміз ауыр ке­зең­­ді өткеріп жатыр. Қымбат­шы­лық күннен-күнге қысып, шарықтау шегінен шығып барады. Сондықтан осында айтыл­ған барлық мәселеден нақты қо­ры­тын­ды шығару ке­рек. Пар­ламенттің үн­сіз жүргенінің салдарынан елі­міз­ді жемқорлық жайлап алды. Біз барлық мәсе­лені бақылауда ұста­уымыз керек, ол халықтық ба­­қы­­лау болуы керек. Сонда ғана жақ­сы нәтижеге жетеміз. Біз үз­дік­сіз жем­қорлықпен күресеміз. Елге тиес­ілі байлықты мемлекетке қай­тару­ға тырысамыз.

 

Азаматхан ӘМІРТАЕВ,

«Байтақ» жасылдар партиясының өкілі:

– «Байтақтың» басты мақсаты – қор­шаған ортаны қорғау және адам денсаулығы. Денсаулық – өмір­дегі ең маңызды құндылық. 30 жыл бойы зауыттарды, кәсіп­кер­лікті қолдауға партиялар ық­пал етті. Соңында не болды? Хал­қы­мыз ауруға шалдықты. Біз үгіт-насихат науқаны кезінде көп за­уытқа бардық. Елді мекендерде қаншама ауру адам бар. Олардың жағдайын кім ойлап жатыр? Егер әр өндіріс адамға бақыт әкелмейтін болса, оның бізге керегі не? Сондықтан біз үшін бірінші кезекте – қоршаған орта, екінші адам денсаулығы тұрады. Бүгінде кәсіпорындар 364 млн тонна СО2 газын ауаға бөліп отыр. Соның салдарынан қаншама миллиондаған адам ауруға шалдығып жатыр. Мүгедек балалар дүниеге келді. Сол себепті біз қатты тұрмыстық қал­­дықтарды қайта өңдеу, энер­ге­ти­ка мәселесіне көңіл бөлуіміз қажет.

Сонымен қатар бүгінгі күні әлеуметтің жергілікті басқару жү­йе­сімен байланысы жоқ. Сол үшін жаңа заңды тез арада қа­был­дауымыз керек. Егер біз Пар­­ламентке баратын болсақ, жер­гі­лікті өзін өзі басқару заңын қолға аламыз. Сол арқылы біз жер­гі­лік­ті халықтың билікке дауысы жететіндей жағдай жасаймыз.

 

Жигули ДАЙРАБАЕВ,

«Ауыл» партиясының өкілі:

– Қазір ауыл шаруашылығында проблема баршылық. Біріншіден, қа­рапайым еңбек адамының мәр­те­бесіне назар аудару керек, яғни жұмысшылардың жағдайын жасау маңызды. Олардың қа­та­рын­да мемлекеттің азық-түлік қа­уіп­сіздігі мәселесін шешіп жүр­­­­­ген қарапайым инженерлер, ме­­­ха­никтер, комбайншылар, мал­шылар, құрылысшылардың мәр­те­бесін қайта қарау қажет. Атап айтқанда, осы салада жүрген адам­дар қоғамда құрметті орнын алуы керек. Қазір ауыл шаруа­шы­лығы саласында қызмет етіп жүрген түрлі формадағы 280 мың шаруашылық бар. Солардың барлығын салықтан босатудың амалын қарастыру қажет. Өйт­ке­ні қазір ауылға барып жұмыс істеп, ауылды көркейтетін адам­дар сирек кездеседі. Атап айт­қан­да, ауыл шаруашылығы са­ла­­­сында жүрген азаматтарға бар мүм­кіндікті жасау қажет. Мұ­ны­мен қоса, квазимемлекеттік сектордағы ұйымдарды ауылға қарай бұру мәселесін ойлас­ты­р­мақпыз. Себебі ауыл шаруа­шы­лығындағы өңделмеген өнімді өткізетін орындар, өңдей­­тін арнайы кәсіпорындар ұйымдас­ты­рылмаған. Сондықтан осы мәсе­ле­лерге ерекше басымдық беру керек.

Сонымен қатар ауылдарда жол, сумен қамтамасыз ету және басқа да инфрақұрылымына қа­ты­сты шешілмеген мәселелер бар. Елді мекендерге газ, интернет тартып, мәдени нысандар салу қажет. Жастардың ауылға оралуына тиісті мүмкіндік жасау маңызды. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі туралы тиісті заң қабылдау керек. Біз осы бас­таманы көтереміз. Ауыл шаруа­шы­лығында тұрақтылық болмай тұр, министрлер жиі ауысады. Осыған дейін бұл салада біраз кемшілікке жол берілді, сондай-ақ бағдарламалар мен жос­парлар тиісті деңгейде орындалмай қал­ды.

 

Асхат АСЫЛБЕКОВ,

Қазақстан Халық партиясының өкілі:

– Біздің сайлаудағы бағдар­ла­ма «Билік – халыққа», «Бай аза­маттар – бай мемлекет» және «Әр отбасы – мемлекеттің қамқор­лы­ғында» деген үш бөлімнен тұ­рады. Біздің мақсат – ел би­лі­­гі мен байлығы Қазақстан хал­қы­на тиесілі болатын әділетті қо­ғам құру. Формуламыз – әділ Президент – ықпалды Парламент – халықтық Үкімет. Осы орайда Мәжіліс пен мәслихаттарға нағыз билікті қайтару, аудиторлар палатасын және заңды да­йындайтын институтты Мәжілістің құрамына енгізуге ерекше мән бе­ріп отырмыз. Атқарушы билік аты затына сай болуы керек. Ұлттық қауіп­сіздік пен мемлекеттік тіл мәселесін шешу жолында қандас­тар­ды қолдап отырған жалғыз партиямыз.

Әділеттілік негізі соттан бас­талуға тиіс. Сол үшін аудандық соттарды халықтың өзі сайла­уын талап етіп отырмыз. Елімізде 3 миллиондай кедей адам бар. Ал 8 миллион халық несиеден ба­сын көтере алмай отыр. Біз ке­дейлікпен күрес туралы заң қабылдауды талап етеміз. Біз ұсынып отырған салық реформасынан кейін елімізде қуатты орта қалыптасады. Ауыл ша­руа­шылығын дамытатын арнайы бағдарламамыз да бар. Сон­­дай-ақ аналар мен балалар, мүм­кін­дігі шектеулі жандар мен жұ­мыс­шылардың жағдайын жақ­сар­тамыз. Жаңа Еңбек ко­дексін қабылдаймыз. Балаға берілетін жәрдемақыны 13 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін өсірсек, ал төменгі жалақыны 70 мың теңгеден 140 мың теңгеге арттырамыз. Одан бөлек, әйел­дердің 58 жаста зейнетке шығуын талап етеміз. Жас отбасыларға мемлекет тарапынан уақытша баспана бөлінуге тиіс. Ал ипотека 3 па­йыздан аспауы керек.

 

Сырымбек ТАУ,

«Respublica» партиясының өкілі:

– Біздің партия осы күнге дейін 700 мыңға тарта адаммен кездесу өткізіп, 8 облыс, 3 қа­ла­ны аралады. Үгіт-насихат жұ­мыстары кезінде қала мен ауыл арасындағы айырмашылық өте үлкен екенін байқадық. Көп адамның айтып жатқан ұсынысы – еңбек адамының жалақысын көтеру мәселесі. Ауылдағы бала­лар­дың білімі мен қаладағы бала­лар­дың білім деңгейі 5 жылға алшақтап кеткен және жем­­қорлық ше­гіне жеткен. Біздің алға қой­ған мақсаттарымыздың бірі – ауылдағы білім деңгейін көтеру.

Неге ауылда туған бала қала­да­ғыдай оқи алмайды? Ауылда туған баланың кінәсі не? Әлі күн­ге дейін осы сұрақтарға жауап таба алмай келе жатырмыз. Сон­дықтан біз ең бастысы білім мәселесін шешіп алуымыз қажет. Сондай-ақ ауылдарда шағын және орта кәсіпке ешқандай жағ­дай жа­сал­маған.

Ауылдағы орта кәсіпке еш­қандай жағ­дай жа­сал­маған­дықтан бұл іске еш­кім­нің келгісі келмей­ді. Орта кә­сіпкерлердің өз күші мен ұм­ты­лысы ғана бар. Сондық­тан орта кәсіпті дамытуға күш саламыз. Нағыз еңбек адам­да­рының жалақысы бағаланбай жатыр. Ауылдан келеді де, қалада жұмыс істеп, 70 мың теңге алады. Ал үлкен қалада мұндай мардымсыз ақшаға күн көру мүмкін емес. Сол себепті ауылдағы кәсіпті оң жол­ға қойып, еңбек адамдарының ақ, адал істерін әділ бағалауымыз керек.

 

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,

«Amanat» партиясының өкілі:

– «Amanat» партиясының сай­лауалды бағдарламасы шынайы түрде халықпен бірге жазылды. Біз осы күнге дейін ел-елді аралап, 1 миллионға жуық азаматпен тікелей кездестік. Кез­де­су барысында елдің ішіндегі қым­батшылық, жұмыссыздық және бір азаматтың 1 отбасын күн­де­лік­ті табысымен асырап отыр­ғанын көрдік. Әри­не, мұндай мәселе елімізде бар. Бірақ осы мәселелерді шешуді тек «Amanat» партия­сы іске асыра алады деген ой­дамын. Осы күнге дейінгі бар­лық мәселені біз популистік ұрандармен емес, керісінше әлеуметтік-экономикалық тұр­ғы­дан қарастырып отырмыз. Біріншіден, «Amanat» партиясы ретінде әділетсіздікті жоюымыз қажет. Олигополияға жол бермей, ондағы барлық мәселені бірге талқылауымыз керек деп есептеймін. Жемқорлық түбімен жойылуға тиіс. Сонымен қатар әр отбасының, әр азаматтың табысын арттыруға атсалысуымыз қажет. Әр отбасының табысын арттыру үшін біз лайықты жалақыны ілгерілетеміз. Со­нымен қатар жүздеген кәсіпорын ашамыз.

Әр адам мемлекеттің қам­қор­­лы­ғында болуы керек. Аза­маттарға әлеуметтік кө­мек 2,5 есеге артатын болады. Әрбір азаматтың, оның ішін­де ауыр өнеркәсіпте жүрген аза­мат­тардың зейнет жасын тө­мендетуге атсалысамыз. Қазақ­станда әрбір бала бақытты болуға тиіс. Сәбилеріміз 100 па­йыз балабақшамен қамтамасыз етілуі қажет. Апатты жағдайдағы, үш ауысымды мектептерді түбе­гейлі жоюымыз керек. Мұнан бөлек, жастарға жаңа мүм­кін­дік­тер береміз. Біріншіден, 1,5 млн жас­ты жұмыспен қамтимыз. Екін­шіден, студенттік шәкірт­­ақыны 2 есеге арттырамыз. Жас­тар­дың жатақхана мәселесін тү­бе­гейлі шешеміз. Жастарға мүм­кін­ді­гін­ше көмек көрсетеміз. 

ТҮЙІН. Сайлауалды кезеңде халық назарын аудартудың ең тиімді жолының бірі теледебат өткізу екеніне көз жеткіздік. Жалпы, еліміз көгілдір экран алдында пікірталас ұйымдастыруды 2004 жылдан бастады. Ол кезде Орталық сайлау комиссиясы өткізетін саяси іс-шара ретінде ғана қабылданып, сайлаудың нәтижесіне көп әсер ете қоймады. Өйткені халық партияның сайлауалды бағдарламасына емес, ондағы көшбасшы-жетекшінің иммиджіне қарай дауыс беретін. Оның үстіне, телесайыс дауыс беруге 3 күн қалғанда өткізілетін. Ал уақыт өте келе көш түзеліп, теледебат дәстүрі қалыптасты, одан қалды пікірсайыс мәдениеті де түзеліп келеді.

Айтпақшы, пікірсайыс кезінде «Қоғамдық пікір» зерттеу институты Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына қатысты әлеуметтік сауалдама жүргізді. Оған 70 минут ішінде 18 жастан асқан 34 947 респондент қатысқан. «Дауыс беруге барасыз ба?», деген сұраққа сауалдамаға қатысқандардың 77 па­йыздан астамы «сайлауға барамын» десе, 9 пайызы жауап беруге қиналған. «Жоқ деуге болады» және «Жоқ» дегендер 1 пайызды құраған.