Саясат • 04 Наурыз, 2023

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рейстер саны 2,5 есе артты

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бағыттар желісін кеңейту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында 2023 жылғы 2 наурызда Ташкент қаласында Қазақстан мен Өзбекстанның авиациялық билік органдарының келіссөздері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рейстер саны 2,5 есе артты

Қазақстан Республикасының делегациясын ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Өзбекстан Республикасының делегациясын Көлік министрінің орынбасары Жасүрбек Хориев басқарды.

Келіссөздер барысында тараптар рейстер санын одан әрі арттыру және ұшу географиясын кеңейту мәселелерін талқылады.

Тараптар Астана – Ташкент бағыттары бойынша рұқсат етілген рейстер санын аптасына 12–ден 36 рейске дейін (өсім 80%) және Алматы-Ташкент бағыттары бойынша аптасына 20-дан 36 рейске дейін (өсім 200%), ал қалған бағыттар бойынша аптасына 4 рейске дейін екі еседен астам ұлғайтуға уағдаласты.

Осылайша, қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде ағымдағы жылдың көктемгі-жазғы кезеңінен бастап «Эйр Астана» және «Uzbekistan Airways» әуе компаниялары Алматы – Ташкент бағыты бойынша жиіліктер санын аптасына 14–тен 20 рейске дейін және Астана-Ташкент бағыты бойынша аптасына 6-дан 12 рейске дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Бәсекелестікті және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ авиабилеттердің құнын төмендету мақсатында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы барлық шарттық бағыттар бойынша әуе тасымалдаушыларды бірнеше рет тағайындау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сонымен қатар, қазақстандық әуе тасымалдаушылар Самарқанд, Ферғана, Бұхара және Қарши қалаларына тікелей тұрақты рейстер ашуды жоспарлап отыр және  тараптар ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Алдағы уақытта  өңірлік авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігін арттыру үшін ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды жалғастыруға келісті.