25 Маусым, 2014

Озық елдер қатарына қосатын межелер

255 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кешегі өткен Үкімет отырысында  еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқатар мәселелері қаралғаны мәлім. Онда күн тәртібіне шыққан негізгі тақырыптар туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте, журналистерге Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бастаған ведомство басшылары әңгімелеп берді. Отырыста қаралған мәсе­ле­лермен таныстырған вице-премьер олардың әрқайсысы жө­нінде әріптестері кең көлемде әң­гімелейтіндігі туралы айтып, биылғы жылы қолға алын­ған маңызды шараның бірі – жекешелендіру ісі туралы мағ­лұмат берді. Ағымдағы жылы 278 квазимемлекеттік сектор нысаны бәсекелес ортаға сатылмақ екен. «Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру үшін Үкі­мет бәсекелес ортаға берілуі тиіс квазимемлекеттік сектор субъектілерінің атаулы тізбесін бекітті. Жалпы, бәсекелес ортаға квазимемлекеттік сектордың 782 ұйымы өтеді, 380 ұйым қайта ұйымдастырылу үшін таратылатын болады. Республикалық меншік бойынша 29 ұйым және 3 нысан, коммуналдық мен­шік бойынша 416 нысан жеке­ше­лендірілмек. Ұлттық холдингтер мен компаниялар бойынша бәсекелес ортаға 337 актив беріледі. Оның ішінде – «Самұрық-Қазына» қоры бойынша – 106 актив, «Бәйтерек» холдингі бойынша – 15, ҚазАгро – 32, Парасат – 8, Зерде – 2, ӘКК – 174. Қазіргі уақытта жеке­шелендіру жөніндегі тұрақты комиссиялар құрылып болды. Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында жекешелендіру жөніндегі тұрақты комиссиялардың құрамына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Нұр Отан» партиясының өкілдері кірді», деді Б.Сұлтанов. Ал осы жылы 278 нысанды сату жоспарланыпты. Онда республикалық меншік бойынша – 19, коммуналдық меншік бойынша – 109, ӘКК бойынша – 75, холдингтер бойынша – 75 нысан тұрған көрінеді. Сондай-ақ, коммуналдық меншіктегі 6 нысан сатылмақ екен. Оның 4-уі 85,6 млн. теңгеге сатылады деген үміт бар. Тағы 34 нысан бойынша бағалау шаралары басталыпты. 2030 жылы елімізде 21 млрд. текше метр тауарлық газ өндiрiледі. «Елімізді газдан­ды­ру­дың бас сызбасы бүгiн Үкi­метте қаралып, қабылданды. Бұл – Қазақстанда тұңғыш рет әзiрленiп отырған бағдарламалық құжат. Құжатты әзiрлеу үшiн газ және газбен жабдықтау туралы заң және Үкiмет бекiткен тиiстi қағидалар мен заңдар негiз болып есептеледі. Ал бүгінгі күнi 16 өңiрдiң 10-ы газдандырылған. Негізінен еліміздің батыс және оңтүстiк өңiрлерi, олармен бірге Алматы қаласы табиғи отынмен қамтамасыз етіліп отыр. Жалпы айтқанда, 2007-2013 жылдар ара­лығында газ тұтынуды талдау елiмiздегi нарықтың үдемелi өсуiн көрсетедi. Қарастырылып отырған кезеңде тұтыну көлемiнiң өсуi 26 пайызды, ал орташа жылдық өсу қарқыны шамамен 4 пайызды құрайды. Бұлай жалғаса берсе, 2030 жылға дейiн тауарлық газдың теңгерiмiне сәйкес газ өндiру көлемi 60 млрд. текше метрге дейiн жетедi. Ал оның 25 млрд. текше метрге жуығы, жер қабаты қысымын ұстау үшiн технологиялық қажеттiлiкке жаратылады. Осының салдарынан тауарлық газ өндiру көлемi 2030 жылға қарай 21 млрд. текше метрдi құрайды деп есептеп отырмыз», деді брифингте Мұнай және газ министрі Ұ.Қарабалин. Отырыста Үкімет 2016 жылға қарай Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингі бойынша алғашқы 30 елдің қатарына кіру іс-шараларының жоспарын бекітіпті. «Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін заңнамаға екі пакет түзету әзірленді. Бірінші түзетулерді маусымда Парламент қабылдады. Келесі түзетулерді Парламент қарауына 1 қыркүйекке дейін ұсынамыз. Бүгін Үкіметте осы заңнамаларға қатысты тұжырымдамалық амалдар қаралып, мақұлданды», деді Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев. Сондай-ақ, министр тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы дайындалған заң жобасы жөнінде әңгімеледі. Оның айтуынша, қазіргі үлестік құрылыс тетігінде негізгі кемшілік құрылыс аяқталғанға дейін үлескерлер қаражатын пайдалану мүмкін еместігі болып табылады. Енді саланы одан әрі дамытуға үлескерлер қаражатын пайдаланудың қауіп-қатерлерін азайтуды қамтамасыз ететін тетіктер жасалады екен. Бұдан өзге, Көлік және коммуникация министрі Ж.Қасымбек  автомобиль жолдары мен темір жол көлігі саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру туралы, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларды ескере отырып, «Агробизнес-2020» бағдарламасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселелері жөнінде, ал «ҚазАгро» ҰБХ басшысы Д.Айтжанов холдингтің инвестициялық жобалары туралы баяндады. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».