Даңқты қаламгер Шерхан Мұртаза сонау 1999 жылы «Киікотын көксеу» атты толғауында Мархабат Байғұт жайлы былай жазған екен: «Бұл жазушыда Жаратушы өзі бұйыртқан уыз тіл бар. Қазір жазушымын деп шіренгендердің көбінің тілінде уыз кемшін. Уызға жарымай, Көк базардан көп шалап ішкендер. Бұл жазушыда Құдай өзі берген көз бар. Көз, әрине, бар. Ол кімде жоқ, адамдардың бәрінде дерлік бар. Шын жазушының көзі – көкірегінде. Ол маңдайға біткен екі көзден басқа-а-а. Жазушы сонысымен суреткер». Шерхан Мұртазаның берген бағасы көп жайтты аңғартады. Қос жазушының арасында тек шығармашылық емес, аға-інілік үлкен құрмет, сыйластық байланыс болды. Осыдан төрт жылдай бұрын Махаңның идеясымен «Таупістелі тағылымы» халықаралық басқосуы «Шерхан мен Насыр бауында» тақырыбына арналған болатын. Мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын Тараздан бөлек, Түркістан облысында да атап өту – Мархабат көкеміздің бастамасы еді. Осы іс-шараны өткізудің мән-жайын ақылдасу үшін Пістеліге барғанымызда өзінің денсаулығы нашарлап тұрса да, сценарийін жазып, «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» деген тақырыбына дейін ойластырғанынан куә болған едік. Өкінішке қарай, Шерағаңның 90 жылдығына арналған іс-шараның басы-қасында Махаңның өзі жүрсе, келелі жиында отырып естеліктерін айтса деген ойымыз арман болып қалды.
Мархабаттанушы, кітапхана директоры Ақмарал Асанқызының ұйымдастыруымен өткен текті тұлға, бекзат болмысты жазушыны еске алуға арналған іс-шараға қатысқан қаламгердің сыныптастары, зиялы қауым, қоғам қайраткерлері Жеңісбек Мәуленқұлов, Бекет Тұрғараев, Шәріпбек Жамалбек, жазушы Шойбек Орынбай, ақын Дәурен Айманбет естеліктерімен бөлісті. Жазушының қызы Ақлима іс-шараны ұйымдастырушыларға шексіз алғысын білдірді. Ал қаламгердің сүйікті немересі, баласы Дулаттың қызы Айкөркем Мұқағали Мақатаевтың өлеңімен атасының өмірін өрнектеп жеткізгендей болды. Кітапхана қызметкерлері қаламгер Мархабат Байғұттың шығармашылығынан үзінділер оқыды, сахналық қойлымдар көрсетті, арнайы фильм дайындапты. Мұрағаттан Мархабат көкем шырқаған «Ақтолғай» әнін үлкен әсермен тыңдадық. Іс-шараға облыстағы кітапханалардан келген өкілдерге Мархабат Байғұт бұрыштарын ашуға және пайдалануға қаламгер тұтынған жәдігерлер тапсырылды. Жазушының жары Қыздаркүлге қатысты қызықты хикаяттар тілге тиек етіліп, өзі де көпшіліктің ортасында толқып отырды. Барлығы да Мархабат Байғұтпен қандай байланыстары барын мақтанышпен айтты. Ал біз ше?..
Өмір теңіз, ал уақыт қайығың,
Жаралғанбыз біздер
ескек есуге,
Аз-көп ғұмыр кешу емес
айыбың
Сол ғұмырды қалай, қайтып
кешуде, –
деппіз бір кездері жазған өлеңімізде. Иә, мен үшін қалай, қайтіп ғұмыр кешудің жарқын үлгісін көрсете білген, өмірі өнегелі жан Мархабат Байғұт деп айтар едім. Бүгінде Мархабат ағамызбен бірге болған әр сәтімізді сағынышпен еске аламын. Мархабат көкемнің жанына жақын жүрген бауырлас, қаламдас інісінің бірі ретінде «Мархабат музасы» атты жинақты шығаруға атсалысқанымызды, Махаңның авторлық жобасы – «Таупістелі тағылымы», «Бозарықтан Бозторғайға дейін» деген іс-шараларда қасынан табылғанымызды, ал 75 жасқа толған мерейтойында тұтас бір мәдени-тарихи институт атқаратын жүкті, жауапкершілікті арқалап жалғыз өзі жанкештілікпен жазып шыққан «Түркілер төрі Түркістан» атты аса құнды кітаптың тұсаукесеріне арналған, оған Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркиядан әдебиетшілер, ғалымдар қатысқан халықаралық жиынның тізгінін ұстауды, ұйымдастыруды біздей пақырыңызға тапсырғанын мақтанышпен, сағынышпен еске аламыз.
Қазақ әдебиеті бар кезде жазушы Мархабат Байғұттың шығармалары, «Мархабат мақамдары», жазушының әдебиеттегі ешкімге ұқсамайтын, өзіндік өрнегі бар соқпағы өлмейді. Мархабат биігі аласармайды.
Түркістан облысы