Руханият • 06 Наурыз, 2023

«Мемлекет те адам секілді өмір сүреді»

1016 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жеңілген ұлт әрдайым жеңген халықтың мінез-құлқын, өмір салтын алады, түр-сипатына ұқсағысы келеді, соларға ереді». Бұл – ортағасырлық белгілі тарихшы, философ, Шығыс ойшылы Ибн Халдунның айтып кеткен әйгілі пікірі.

«Мемлекет те адам секілді өмір сүреді»

Қоғамтану ілімін зерттеген ғалымның атақ-даңқы Ибн Сина, Әл-Фара­би, басқа да Ислам оқы­мыс­тыларының дәрежесінен бір мысқал да кем емес. Дегенмен бүгінгі таңда Ибн Халдунның өмір жолын, еңбектерін көпшілік әлі толық танып-білмейді. Ғалым­ның артында қалдырған мол ғылыми мұрасы осы күнге дейін Шығыспен бірге Еуропа ой­шыл­да­рының арасында зерттеліп, зерделеніп келеді.

Ибн Халдунның шын аты – Абу Зейд Абдурахман ибн Мухаммад әл Хадрами. Тарихшы 1332 жылы Тунис елінде дүниеге келген. Әкесі кезінде мемлекеттің саяси қызметінде еңбек еткен. Кейін мансабын тастап, ағартушылықпен айналысқан. Ибн Халдун алдымен әкесінің қолында білім алады, содан соң Тунистегі Зайтуния білім ордасында оқиды. Философтың өмір сүрген уақыты Ислам әлемінде өте ауыр кезеңдерге тұспа-тұс келді. Араб даласындағы біраз қала Шығыстан келген билеуші Әмір Темір әскерінің ойрандауымен күлге оранып жатса, еуропалықтар да қарап жатпай, солтүстік Африкаға алғашқы экономикалық эскпансиясын жүргізе бастайды. Жүздеген жыл бойы мұсылмандар билік құрған Андалусия – Испания жері қайтадан христиандардың қолына өтеді. Бұдан бөлек мұсылман мемлекеттерінің ара­сын­дағы билік үшін өзара талас-тартыс та елдің саяси өмі­ріндегі жағдайды одан сайын ушықтыра түсті. Сонымен бірге бүкіл атырапты жайлаған оба ауруы қаншама жыл бойы дінге, нәсілге қарамастан, Еуропа мен мұсылман халықтарын қынадай қырып жатты.

Ислам өркениетінің осылайша күні батып бара жатқанын көру ғалымның жүрегіне оңай тимеді. Неліктен өркениеттер биіктеп, төмендейді? Не себепті сол мәдениетті қалыптастырған халықты басқалар келіп алмастырады деген сауалдың төңірегінде ой қозғатып, өзінің әйгілі «Әл-Муқаддима» еңбегін жазып шығады. Тарихшының пайымынша, мемлекеттер де адам секілді өмір сүреді: тәй-тәй басып алғашқы қадамын жасайды, сосын өсіп-өркендейді, нағыз болып-толысқан кемеріне жетеді. Кейін қартайып, шау тартады. Осы үдеріс бастан-аяқ жүргенше бірнеше ұрпақ алмасады. Биік мәдениет пен өркениет тудырған мамыражай заман, қисапсыз байлық пен рақат өмір – мемлекет ғұмырының аяқтала бастағанының белгісі, яки құлдыраудың басы. Мәселен, кез келген империяны құратын аш-жалаңаш, далада өмір сүрген түздің қарапайым адамдары. Ашқұрсақ олардың бойында қайнаған күш, көздерінде лаулаған от болады. Өздерінің армандаған мемлекетінің саяси жүйесіне қол жеткізу үшін және келер ұрпағының қамына бола барлық нәрсеге құрбан болуға дайын тұрады. Тіпті өмірін қиюдан да қорықпайды. Алайда уақыт өте келе белгілі бір дәрежеде байлық пен бақытқа кенелген сол халықтың ұрпағы жалқауланып, ата-бабалары секілді жарқын келешек үшін бастарын бәйгеге тігуден жасқанатын болады. Есесіне ақша мен бос уақыт мұндай қоғамды рухани жағынан аздырып-тоздыра бастайды. Әбден тойынып, семіргендіктің салдарынан тіпті соғысуға да, өздерін қорғауға да шамалары келмей қалады. Міне, осындай сәтте олардан күштірек, әлдірек, рақат өмірге жан-тәнімен ұм­тылған басқа ұрпақ немесе ұлт саяси жүйені күйретеді. Осы­лайша, империяның ғұмыры тәмамдалып, өртеңге шыққан жас өскіндей жаңа мемлекет өсіп шығады.

Сонымен бірге Ибн Халдун билеушілер, әмірлер туралы да көп нәрсе айтады. Оның ойын­ша билікке мастанған, атақ-даң­қа көмілген, қазынаға ма­лын­ған билеуші мемлекетті құр­дым­ға сүйрейді. Бір ғажабы, Ибн Хал­дун өзінің еңбегін сырт­­тай бақылаушы ретінде жаз­ба­ған. Ол өзінің ғылыми тұжы­рым­­даламарын нақты өзінің өмі­­рін­­дегі тәжірибеден өткізіп барып бекіткен. Тарихшының өмір жолына үңілсек, Марокко сұл­та­­натында жоғары лауазымды қызмет атқарған, Андалусия әмір­­лік­терінде елші болып жұ­мыс істеген, одан Каир қаласында Мы­сыр патшасы Сейфуддин Бар­құқ­тың әмірімен қазы болған. Тарихи деректер бойынша 1400 жылы Ибн Халдун жер қайысқан қолымен жарты әлемді жаулап алған Әмір Темірмен Дамаскіде жолығып, әмірші одан солтүстік Африка аймағы жайында жан-жақ­ты баяндап беруін талап етіпті.

 

ШЫМКЕНТ