Жетісу облысының полицейлері табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтарды анықтау бойынша іс-қимылдарды күшейтті. Соңғы он күн ішінде Жетісу өңірінде жергілікті су қоймаларынан заңсыз балық аулау және тыйым салынған дараталшық торларын пайдалануға байланысты 82 бұзушылық тіркелді. Бұл жұмыстар «Браконьер» профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізіліп жатыр.
– Облыстың барлық аумағын полицейлер мен өңірлік Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы қызметкерлерінен тұратын арнайы топтар аралап жүр. 82 заң бұзушылық анықталып, 280 келіден астам әртүрлі балық түрлері мен ұзындығы үш мың метрге жуық балық аулауға тыйым салынған аулар тәркіленді. Сотта бес материал қаралып жатыр. Бір қылмыстық іс қозғалды, – деді Табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы Бағлан Рымжанов.
Polisia.kz мәліметінше, браконьерліктің соңғы фактісі Сарқан ауданында тіркелген. Онда Балқаш көлінде Төлебаев ауылының 48 жастағы тұрғыны ұсталған. 70 келіден астам балық аулап үлгерген ер адам тыйым салынған дараталшық торларын қолданған.
Мемлекетке келтірілген залал шамамен 400 мың теңгені құрады. Іс бойынша тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 335-бабына сәйкес жүргізіледі.