Медицина • 06 Наурыз, 2023

Коронавирусқа қарсы тұнба – көп аурудың емі

460 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекеттік тұрғыдағы іргелі зерттеулердің біршама бөлігі Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­­ситетінің ғылыми-зерттеу институты мен ғылыми орта­лық­­тарында жүргізілетіні белгілі. Оның үстіне Үкіметтің қау­лысымен университетке былтыр зерттеу университеті мәр­тебесі берілді. Мұның бәрі жетекші жоғары оқу орнына үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Бұл ретте университет жанындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу орталығының атқарып отырған жұмысы ауқымды. Біз аталған орталықтың директоры Жанар ЖЕҢІСҚЫЗЫМЕН әңгімелескен едік.

Коронавирусқа қарсы тұнба – көп аурудың емі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

елімізде өсетін осындай микробқа, қа­бынуға, тұмау вирусына қарсы, өкпені қуаттай­тын, иммунитет­ті нығайтатын дәрі­лік және азық­тық өсімдіктер­ден коро­нави­рус­тың алдын алу және емдеуге қолданылатын табиғи белсенді қос­па жасау туралы ғы­лыми жоба дайындадық

 

– Жанар Жеңісқызы, қазір орталықта ен даламыздың ерен байлығы болған қандай дәрілік шөптер зерттеліп жатыр?

– Біздің бағыт – елімізде өсе­тін дәрілік және азықтық өсім­дік­терді зерттеу. Орталық ғалымдары бұл жұмыстармен 20 жылдан бері айналысып келеді. Зерттеулер нәти­жесінде тұмау мен бауыр ауру­ла­рынан сақтайтын және имму­нитетті көтеретін биологиялық бел­сенді қоспалар және қандағы қант деңгейін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын, иммунитетті нығайтатын фито-шайлар әзірленді. Қазіргі уақытта осы өнімдер орталықтың шағын өндірісінде өндіріліп жатыр.

Қазір орталықта жусанды зерттеп жатырмыз. Осы зерттеулер бо­­йынша халықаралық ғылыми ма­қа­лалар да жарияладық. Елімізде жусанның 81-ден астам түрі өседі. Оның 19 түрі – эндемик. Бір өсім­діктің өзін толық зерттеу үшін кем дегенде 2-3 жыл уақыт қажет. Қазіргі таңда орталықтың ғылыми қызметкерлері зерттеп жатқан өсім­діктер – Алматы облысы мен Шы­ғыс Қазақстанның төңірегіндегі жусан түрлері.

Біз зерттейтін өсімдіктердің ішінде жемістер де бар. Алматы алманың отаны болғандықтан, бес-алты түрін, мысалы, «Голден делишес», «Қызыл крепсон», «Апорт», «Американка», одан бөлек өзбек алмасының бір тү­рін зерттедік. Тал­ғар мен Қаске­лең аймағындағы алма бақтарының әрқайсысынан алып, бір-бірі­мен салыстырдық. Олардың құра­мындағы биологиялық белсенді қосылыстарды зерттеп, қатерлі ісікке қарсы белсенділігі бар екенін анықтадық. Зерттеулер әрі қарай жалғасын табуы керек.

– Шипалы өсімдіктердің емдік қасиетін сақтау үшін оны жинаудың мезгілі, маусымы, шарттары бар емес пе? Дәрілік өсімдіктерді қай өңірлерден, қалай жинап аласыздар?

– Дәрілік өсімдіктерді жинау оның бөліктеріндегі бізге қажет био­логиялық белсенді қо­сылыстардың мөлшері ең жоғары ке­зеңде жиналады. Мысалы, кей­бір өсімдіктер ерте көктемде, ал кейбірі жаз айларында, енді бір емдік өсімдіктердің тамыры мен жемістері күз айларында жина­лады. Дәрілік өсімдіктер бойын­ша экспедиция жасалатын өңір­лер – Түркістан облысы, Алма­ты облысы, Шығыс Қазақстан облысы.

– Өсімдіктер зертханаға түскен соң зерттеу үдерісі қалай жалғасады?

– Біз ең алдымен дәрілік өсім­дік­тердің жалпы сығынды­сын алып, кейін әртүрлі еріт­кіштермен бөлу арқылы полярлы, полярсыз қосы­лыстарын толық зерттеп және био­логиялық белсенділіктерін анық­­таймыз. Әртүрлі дәрілік өсімдік­тердің бө­ліктері (жапырағы, сабағы, гүл­дері, тамыры мен жемістері) кос­метикалық өнімдер, тамақ және фармацевтика өндірісі, био­­логиялық белсенді қоспалар да­­йындауда кеңінен пайдаланылады. Зерттеу барысында біздің орталықтың мамандары осындай әртүрлі бағытты толығымен қарастырады.

Университетте өсімдіктерді зерт­­теуге бакалавр, магистр және док­­торанттар атсалысады. Орта­лықта жусанды фундамен­талды зерттеу бойын­ша қамтитын ғылыми жобалар бар. Одан бөлек, тері ауруларына ем болатын дәрілік өсім­діктер бағытында зерттеу жасап жатырмыз. Осы жоба аясында Аустралияның Гриффис университетімен бірге жұмыс істейміз. Өйткені өзімізде өсім­діктің тері ауруларына байла­нысты белсенділігін анықтау мүм­­кіндігі жоқ, шетелде ғана анық­талады.

– Сіздің жетекшілігіңізбен елімізде өсетін дәрілік өсімдік­терден алғаш рет табиғи тұнба әзір­ленгенін естідік. Бұл жоба қалай жүзеге асты?

– Бұрын зерттеу үшін өсімдік­терді жинап, кептіріп, ұсақтап, 10-20 килодан шетелге алып ке­тетін­біз. Өйткені өсімдік экс­т­рак­­тін алу­ға мүмкіндік болмады. Ал қазір гранттар мен университет қолдауының нәтижесінде роторлы буландырғыш және шөптерден экстракт алатын арнаулы ыдыс­тар бар. Сонымен бірге зертханамызда әртүрлі хро­мотографиялық әдістер арқы­­лы өсімдіктегі биологиялық бел­сен­ді қосылыстарды оқшаулаймыз.

Орталықта өсімдіктерді өң­деп, оның құрамын анықтау жұ­мыстары үнемі жалғасады. Мысалы, жоғары эффективті сұйықтық хромотографиясы (HPLC) арқылы биологиялық бел­сенді қосылыстарды сарап­тау және препаративті бөлуге болады. Біздегі осындай екі құрылғы­ның бірі Оңтүстік Кореяда, бірі Жапонияда жасалған.

Біз әзірлеген табиғи тұнба бо­йынша жоба дайындалып, Ғы­лым және жоғары білім министр­лігі­нің 2021-2023 жылдарға ар­нал­ған грант­тық қаржылан­­ды­­­ру конкурсына ұсынылып, жоба қа­былданды. Жоба аясында әзірленген тұнба зерттеліп жатыр.

– Коронавирусқа қарсы тұнба қа­лай әзірленді?

– 2003 жылдан бастап SARS-CoV деген вирус Қытайда Гон­конг­те тарағаны белгілі. Содан бері әлемдік ғалымдар емдік өсім­дік­тердің коронавирусқа қар­сы қасиет­терін зерттей бас­та­­­ды. Нәтижесін­де, көптеген дәрілік өсім­діктің вирусқа қарсы қасиеті бар екені, әсер ету механизм­дері әртүрлі болатыны анықтал­ған. Елімізде өсетін осындай микробқа, қа­бынуға, тұмау вирусына қарсы, өкпені қуаттай­тын, иммунитет­ті нығайтатын дәрі­лік және азық­тық өсімдіктер­ден коро­нави­рус­тың алдын алу және емдеуге қолданылатын табиғи белсенді қос­па жасау туралы ғы­лыми жоба дайындадық. Сол жобамыз 2020 жылы Ғылым қоры жа­риялаған «Стоп Коронавирус» бай­қауында финалға шықты.

– Осы тұнбаның құрамы мен қасиетіне тоқталсаңыз...

«Бірінші дайындаған рецеп­­те тек азықтық өсімдіктерді қолдан­дық. Сондықтан улы­лы­ғына да алаң­­дамаймын. Бар­лы­­ғының дә­лел­денген ғылыми негізі бар, до­­за­сы стандартты. Балалар қа­­былдаса да болады. Кейін жөтел мен де­мікпеге деп арнайы сұра­ныс арта бас­таған соң, екінші рецеп­ті да­йындадық. Мұн­да дәрілік ­өсім­діктер де қол­­данылды. Өкпені қуат­тай­тын, қақырық түсіретін, қан­ды сұйы­лтатын, қандағы майлар­ды азайтатын, қан айналымын жақсартатын, күш-қуат бе­ріп, ұйқыны теңшейтін қасиеті бар өсімдіктерді қостық. Осы қос­паның улылығы Nazarbayev University ғалымдарымен бірге зерттеліп, нәтижесінде, тұнба­ның стандартты дозада улы­лық көр­сет­пейтіндігі дәлелденді. Со­­нымен қатар Nazar­bayev Uni­versity-де жүргізілген сынақ нә­ти­­жесі бұл дәрілік тұнба бауыр­ жасу­шаларының жаңаруына әсер ете­тінін көрсетті. Тұнбаның қо­сым­­ша оң қасиетіне тоқтал­сақ, көктем-жаз мезгілдерінде бола­тын маусымдық аллергия­сы бар адамдарға көмектесіп, ауру бел­гі­лерін айқын түрде жеңілдетеді.

Дәрілік қоспаның құрамын­да жалбыз, қызылмия өсімдік­те­рі, қалампыр және түймедақ шөп­тері мен пайдалы өсімдіктер бар. Бұл дәріні ауру деңгейіне қа­рай қолданады. Жастар немесе имму­нитеті жоғары жандарға қысқа уақытта (3-5 күн) жақсы көмектеседі, ал жасы үлкен неме­се созылмалы ауруы бар адам­­ біршама уақыт (5-10 күн) қа­былдауы қажет.

– Қай кезде де дүниеге ғы­лыми жаңалық әкелу оңай бол­маған. Алайда ескіні ығыс­тырып, жаңа­сын қолданысқа енгізу одан да қиын. Жобаны коммерцияландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Жуырда университет жа­нын­дағы орталық базада өсім­дік шикізаты негізінде ин­нова­ция­лық өнім әзірлейтін шағын өндіріс ашылды. Сонымен қатар осы табиғи қоспаның ковидке белсенділігін терең зерттеу мақсатында Мис­сисипи уни­верситетіне арнайы бардым. Нәтижесінде, Қазақ ұлт­тық уни­верситеті базасында дайын­дал­ған биологиялық өніміміз АҚШ университетінің заманауи­ ­зертханаларында жан-жақты тал­данып, өзге сырқаттарға да ем­дік әсері бары анықталады. Со­нымен бірге біз да­йындаған та­би­ғи тұнбаларды нарық­қа шығару үшін биыл QazInnovations және Ғылым қоры жа­рия­лайтын коммерцияландыру конкурсына қатысуды жоспарлап отырмыз.

 

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ