Отырыста дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жобасын енгізуге қатысты бірқатар мәселе талқыланды. Спикерлер жүйенің мүмкіндіктерін ашып айтты – өндірушінің зауытынан бастап соңғы тұтынушыға сатуға дейін тауар туралы ақпарат толықтай көрсетілді. Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың отандық жүйесінде қолданылатын шет мемлекеттердің тәжірибесі мен үздік шешімдері ұсынылды.
Сондай-ақ отырыста спикерлер тауарларды таңбалаудың және қадағалаудың цифрлық архитектурасын талқылады және Денсаулық сақтау министрлігінің жүйелерін (ПОВ және ДЛО) бірыңғай оператордың таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесімен біріктіру бойынша алдын ала жоспарлар әзірледі.
Қатысушылар дәрі-дәрмек өндірушілердің шығындарын өтеу бөлігінде отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ішкі нарыққа жылжытуға бағытталған саланы мемлекеттік ынталандыру қажеттілігін талқылады. Оған қоса, отырыста облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың медициналық ұйымдарын таңбаланған дәрілік заттармен жұмыс істеуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсыру туралы шешім қабылданды.
Кездесу нәтижесінде тараптар 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін дәрілік заттарды 100 пайыз таңбалау және қадағалауды іске қосу туралы келісімге қол жеткізді.
Бірыңғай оператордың мәліметінше, Қазақстанда міндетті таңбалау енгізілген сәттен бастап бүгінгі күнге дейін 69,1 мың табиғи жүннен жасалған бұйым, 3,3 млрд темекі өнімі, 102,4 млн аяқкиім тауары таңбаланған. Сарапшылар жобаның жүзеге асу үдерісін тежейтін бірқатар маңызды тұстар да бар екенін айтады. Олар негізінен ақпараттық таңбалау жүйесінің техникалық проблемалары мен кемшіліктері. Бұған қарамастан, отандық аяқкиім өндірушілерінің өкілдері тауарларды міндетті түрде таңбалауды бизнестің мүдделеріне сай деп санайды.
«Отандық бизнес өкілдері ретінде біз тауарларды міндетті түрде таңбалауды қолдаймыз, өйткені бұл отандық өндірушінің мүдделерін қолдайды, бәсекелестік үшін тең жағдай жасайды. Егер техникалық проблемалар болса, оларды шешу керек. Біз таңбалау жүйесін енгізу үдерісіне қатысуға дайынбыз», дейді «Qaz Textile Industry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық бірлестігінің өкілі Анар Қайыржанова.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, тауарларды таңбалау жобасын енгізудің негізгі міндеті – тауарлардың еркін және заңды айналымын, ашықтығын қамтамасыз ету. Бұл ретте салалық ведомство мүдделі қатысушылармен әрбір тауар тобы бойынша барлық мәселені талқылап, қарастыруға дайын.
Айта кетелік, елімізде көлеңкелі нарыққа қарсы күрес құралы ретінде тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау 2018 жылы басталды. 2022 жылғы 4 қазандағы жағдай бойынша 4 тауар тобы бойынша міндетті таңбалау енгізілді: үлбір мен темекі бұйымдары, аяқкиім және дәрілік заттар. Құрамында қанты бар қапталған сусындар мен зергерлік бұйымдарды таңбалау бойынша қанатқақты жобалар іске асырылып жатыр.