Мәдениет • 07 Наурыз, 2023

Күй аңызы: «Назқоңыр» қалай туды?

644 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күй тарихы қызық қой. Күйді тыңдағанымыз болмаса, оның шығу тарихы мен мәнін аса біле бермейміз.

Күй аңызы: «Назқоңыр» қалай туды?

Бұл күйді Генерал Асқаровтан кейін ешкім тартпаған да сияқты. Күй Сүгірдің аңызбен астас махаббат жайын баян етеді. Тектіден текті аралап Найман елінен айттырып алып келген аяулы жары, әйгілі күйші Мафруза бір жылдан соң көз тиіп қайтыс болады. «Назқоңыр»  – алғашқы күндердің қалың қайғысын, күйшінің басын тау мен тасқа соғып, бойын өртеген қасіреттен, өкініштен «ах» ұрған қиямет сәтін бейнелейді. Сондай-ақ бұл күйде Сүгір алғашқылардың бірі болып, адамның жүрегіндегі тәубаны бейнелейтін әуенді ойлап тапқан, енгізген.

Сонау төменгі сағаға барып, он екі мүшені талдырған, қайғыны судай іштірген күй жоғарғы сағаға қайтып келіп, кенет аунап түсіп, алқоңыр әуенге ауысады. Осыншама қайғыдан келіп күйдің мажорға ауысуы басындағы бұраудан ауытқымайтын, сол бұраумен аяқталатын қазақ күйі үшін жаңа құбылыс, сырт құлаққа тіпті жағымсыз модуляция болып естілуі мүмкін. Бірақ құлағыңыз үйрене келе Сүгір күйінің биік парасатына бас ұрасыз.

Мен Сүгірдің Абай поэзиясымен қаншалықты таныс екенін білмеймін. Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахман өлгенде қолын жүрегіне қойып, Жаратқан иеге тағзым етіп:

– Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ

Саған жар менен артық табылса да, – деген.

Осындай ұлы қайғыны жеңген, Алла Тағала қандай сынға салса да тәубасынан жаңылмаған хәкім Абай Енжілдегі Аюп пайғамбарға теңелген. Бұл жөнінде «Abai.kz» порталында жарияланған мақалада жазылған. Сүгір Енжілден де бейхабар болуы мүмкін, басына түскен қайғыны аяғына дейін өзі кешкен, тәубаға өз жолымен келген.

 

Әңгімелеген - Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ