Гүлнұр Нұрғалиева – Шымкент қаласының тумасы. Көпбалалы отбасында өскен. Алтын құрсақты анасы төрт ұл, төрт қыз сүйген. Әке-шешесі 40 жыл мектепте ұстаздық еткен. Ал өзі мұғалімдік жолды таңдамай, дәрігер болуға аңсары ауған. Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының түлегі. 2001 жылы облыстық перинаталды орталықта акушер-гинеколог дәрігер болып еңбек жолын бастаған. Мамандығының майталманы болуға құштар ол елордада «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы ашылды деген хабарды естігеннен-ақ сонда жұмыс істеуге ниеттенген. Ақыры арманына жетіп, ол 2008 жылдың маусымында орталықта жұмысын жалғапты. Медицина өркен жайған заманда дәрігерлер жаңашылдыққа сақадай сай, әмбебап болуы шарт. Кез келген жағдайда әйелдің босануы қиындауы мүмкін ғой. Мұндайда дәрігерлер сөзге келмей операцияға қамданады. Ана мен бала орталығына жүкті әйел түскенде дәрігерлер оның бұған дейінгі және қазіргі ахуалына қатысты деректерді қорытып, диагноз шығарады. Г.Нұрғалиеваның жұмысының тағы бір қиын тұсы Ана мен бала орталығында көбіне-көп әр өңірден ауыр жағдайдағы аналар келіп босанады.
«Біздің орталыққа Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау облыстары қарайды. Сондағы диагноз бойынша келген әйелдерді қабылдаймыз. Олар экстрагениталды патологиясы бар, яғни іш құрылысы, жүрек қантамыр жүйесі, тыныс алу жүйесі, бүйрек, ас қорыту жүйесі зақымданған, ми жарақаты, тіпті басына қан құйылған әйелдер болуы мүмкін. Осындай жүкті әйелдер бізде босанады. Сол секілді балаларда кейде туабітті анықталатын ақауларға байланысты жүрек қантамыр жүйесі, несеп шығару жүйесі, әртүрлі ісіктер патологиясы болуы мүмкін. Сосын бізде шала туған балаларды әрі қарай жетілдіріп отыратын неонатология бөлімшесі бар. Мысалы, әйел 37 аптадан кейін босанса, мерзіміне жетіп босанған болып есептеледі. Ал оған жетпесе, нәресте шала туған болып саналады. Бізде жүктіліктің 25-аптасында босанған аналар болды. Балалар анестезиолог-реаниматологтерінің көмегімен салмағы 500 грамнан асқан шақалақты жетілдіруге болады. Бұрын 1 килодан (1000 грамм) асқан нәрестелер ғана бала болып саналған екен. Жүктіліктің 25, 26-аптасында босанғандарға медицинада преэклампсия деген диагноз бар. Оның жеңіл және ауыр дәрежесі деген болады. Ауыр түрінде әйелдерде ісік пайда болады, қан қысымы көтеріледі. Мұндай жағдайда біз қолдан келгенше ананың жағдайын бақылап отырып, жүктіліктің мерзімін созуға тырысамыз», дейді дәрігер.
Жүкті әйелдер босанғанға дейін бірнеше рет тексеріледі. Ананың денсаулығында жүктілікке қайшы келетін жүрек ақауы, қатерлі ісік, бауыр, бүйрек аурулары болмауы керек. Егер мұндай аурулардың белгісі байқалса, бірнеше дәрігер бас қосып кеңеседі. Яғни дәрігерлер әйелге босану кезіндегі кедергілерді айтып ескертеді. Амал жоқ, әйелдің жүктілігін күштеп тоқтата алмайды. Тек ананың денсаулығын жіті бақылауға алады. Бұдан әрі әйелдің жағдайы тіпті нашарласа, үш дәрігер кеңесіп, жедел шешім қабылдайды. Бірақ осы шешім туралы барлық ақпаратты ананың туыстары біліп отырады.
«Жаңылмасам, 2009 жылы болса керек. Шымкентте жұмыс істеп жүргенімде, әдеттегідей, жүкті әйел келіп түсті. Босану залына қабылдадық. Ананы көрдік, құрсағында егіз бала барын білдік. Себебі бізге дейін дәрігерлер, ананың өзі де егіз деп келген. Бірінші, ізінше екінші бала дүниеге келді. Сонда бізде үшінші бала бар деген күмән болды. Содан тағы қарасақ, расымен үшінші бала бар болып шықты. Осылай үшем дүниеге келді. Аман-сау өзі босанды. Тағы сол Шымкентте жүкті әйелді бір палатадан екіншіге ауыстырар шақта қашып кеткенін білдік. Аурухананы айналып, таба алмадық. Оның өміріне жауапты біз. Жұмыстан соң қасымда тағы бір дәрігер бар, Сайрам ауданындағы жүкті әйелдің мекенжайына тарттық. Біз әуелі әйелдің атасымен сөйлесіп, жағдайдың ауыр екенін түсіндірдік. Кейін келін жасырынған үйге бардық. Дарбазаның арғы жағында күйеуі әйелін оңайлықпен жібергісі жоқ. Әйелінің айы-күні жетпей босануына қарсы болып тұр. Амал жоқтан полиция шақырамыз деп жатып, көндіріп, ауданның жедел жәрдем көлігімен қалаға жеткіздік. Әйелден жүктіліктің асқынуы байқалып, перзентханаға жеткенше құсып келді. Қан қысымы 180-ге бір-ақ көтерілген екен. Әрине, кейін бала шала туылды. Бірақ әрі қарай жетілді, үйіне шықты. Сол уақытта күйеуіне есік ашқаны үшін алғыс айтқанымыз бар», деп еске алады акушер-гинеколог.
Салада жылдар бойы еңбек етіп, тәжірибесі толысқан Г.Нұрғалиева кез келген оқыс жағдайда бірден дәрігерді кінәлауға болмайды дейді. Себебі сәтті босану көп жағдайда ананың денсаулығына байланысты екен. Олар уақтылы дәрігерге қаралып, күтінсе дұрыс. Ал дәрігерлер ана мен баланы аман алып қалу үшін қолдан келгеннің барлығын жасап бағады. Мысалы, Г.Нұрғалиева күні бүгінге дейін жұмысқа оң аяғымен кіріп, «осындағы ана мен балаларды Аллам аман сақтасын, аналар сәбиін бауырына бассын» деп ниет етеді екен.
Акушер-гинекологтердің әр күні күрделі. Тәулік бойы кезекшілік етеді. Кезекшілікті екінші дәрігерге өткізген күннің өзінде үйге жетер-жетпестен пациенттердің ахуалына алаңдап, телефонға елеңдеумен болады. Орайлы сәтте Г.Нұрғалиева еңбек жолын бастағанда қасына ілестіріп, мамандыққа баулыған Махаббат Момынова, Нұрлан Жүсіпов, Алтынай Бегманова сынды дәрігерлерге алғысы зор екенін айтты. Ізінше саладағы дәрігерлердің еңбегі табысты болсын деп, ана мен баланың амандығын тіледі.