Үкімет • 08 Наурыз, 2023

Ата-ана мектептегі баласына алаңдамауы керек

244 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды.

Ата-ана мектептегі баласына алаңдамауы керек

Балалар қауіпсіздігі –  басты мәселе

Осы мәселе жөнінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2020 жылмен салыстырғанда республикада бейне­бақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген білім беру ұйымдарының саны 2,5 есеге, лицензияланған күзеті 7 есеге және ескерту түймелері 21 есеге артқаны туралы баяндады. Бүгінгі таңда осы бағыттардағы жұмыс жалғасуда.

Сонымен қатар балалардың қауіпсіз­дік жүйесін жетілдіру үшін білім беру ұйымдарындағы бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін күшейту, олар­дағы бақылау-өткізу режімінің тәртібін айқы­н­дау, дағдарыс жағдайында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға баса назар аудара отырып, тәрбие жұмысын қайта форматтау және педагогтерді даярлау мен қайта даярлау бағдарламасына жаңа тақырыптық модульді енгізу жоспарлануда.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов атап өткендей, елімізде білім беру нысандарын терроризмге қарсы қорғау жөніндегі Нұсқаулық бекітілген. Оның шеңберінде 300-ге дейін оқушысы бар мекемелерде бейнебақылау және құлақтандыру жүйелері болуы тиіс, ал 700 адамға дейінгі білім ошақтарында – бейнебақылауларды жедел басқару орталықтарына (ЖБО) қосу және дабыл түймелерін орнату, 700-ден астам адамы бар және облыс орталықтарының барлық мектептерінде турникеттер мен қосымша лицензияланған күзетпен шарт болуы тиіс. Бүгінгі таңда ҚР ТЖМ-мен бірлесіп барлық білім беру ұйымдарына кешенді тексеру жүргізілуде.

Өңірлерде жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов және Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаев баяндама жасады.

Премьер-министр баяндамашыларды тың­дап, Балалардың қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету мәселесі – мемлекеттің аса ма­ңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«Ата-ана мектептегі баласының жағ­дайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, бұл бағытта нор­мативтік те, ұйымдастыру жағынан да бар­лық деңгейде жүйелі шаралар қабыл­дануда. Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес Балаларды қорғау жөнін­дегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Білім беру ұйымдарын дабыл батырмаларымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, оларды полиция бөлімшелеріне қосуға, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтілді.

«Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуі тиіс» деді Премьер-министр осыған орай.

Сонымен қатар атқарылған шараларға қарамастан, өңірлерде проблемалар әлі де жеткілікті. Бейнебақылау орнатылған мектептердің арасында камералары стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін мектептер де бар. Еліміздегі 1 100-ге жуық мектеп полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Бақылау режімі қатаң сақталмайды.

«Түркістан және Солтүстік Қазақ­стан облыстарындағы мектептерде лицен­зияланған күзет қызметтерімен келісімдер жасалмаған. Күзетке көбінесе арнайы даяр­лықтан өтпеген адамдар тартылады. Осы мәселелердің барлығын дереу шешу керек. Өйткені бұл – балаларымыздың қауіп­сіздігі» деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Осыған байланысты Үкімет басшысы осы жылдың 1 сәуіріне дейін мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстарын аяқтауы қажеттігін айтты.

 

Оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру

Үкімет отырысында орта білім беру­дегі оқу процесін цифрландыру барысы қарал­ды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­сембаев Мемлекет басшысының Сай­лауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында оқытудың инновациялық тәсіл­дерін енгізу және оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру көзделгенін атап өтті. Осыған байланысты таяу жылдары педагогтерді тиісті даярлауды жүргізу, цифрлық оқулықтар мен арнайы білім беру платформаларын қолдануды кеңейту, мектептерді техникамен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуды жалғастыру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда республика бойынша 7 мың мектепке электронды журналдар мен күнделіктер жүргізу, үй тапсырмаларын бағалау, беру, жоспарлар жасау және қашық­тан оқыту үшін білім беру платформалары (Kundelik, білім, EDU және т.б.) енгізілді. Сонымен қатар мектептің мобильді қосымшалары, аналитикалық тақталар, асхана мәзірі және т.б. қосымша қызметтер бар.

Сонымен қатар министр қазіргі уақыт­та оқулықтардың 79%-ы цифрлық фор­матқа ауыстырылып, мемлекеттік сарапта­мадан өткенін айтты. 2024 жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен 100% қамту жоспарланған.

Сондай-ақ мектептерде қосымша оқу материалдары ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурс­тары белсенді түрде пайдаланыла­ды. Бүгінгі таңда білім берудің барлық дең­гейлері бойынша пәндердің 100%-ы қам­тылған 50 мыңнан астам ресурс құрылды. Осы жылдың басынан бастап цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылды, оларға күн сайын үш млн оқушы мен мұғалім жүгінеді.

Мәселені түйіндеген Премьер-министр оқушыларды электрондық оқулықтармен қамтамасыз етудің маңызын айтты.

«Онда анимациялық, мультимедиа­лық ком­поненттер мен тапсырмалар көрініс табуы керек. Бұл оқулықтар кез келген ком­­пью­­терде немесе мобильді гаджетте қол­­же­тім­ді болуы тиіс», деді Әлихан Смайылов.

Сөз соңында Премьер-министр 15 нау­рыз­ға дейін Оқу процесін цифрландыру жөніндегі жол картасын қабылдау керек­тігін айтты. Онда оқу материалдарын цифр­лық форматқа көшіру, мектептерді интерактивті жабдықтармен қамтамасыз ету, заманауи білім беру технологияларын енгізу жөніндегі шаралар көзделуі тиіс.

 

Әйелдер мемлекеттен қандай қолдау алады?

Үкімет отырысында Халықаралық әйел­дер күні қарсаңында гендерлік тендік­ті сақ­тау, әйелдерді жұмыспен қамту және олар­дың денсаулығы мәселелері талқыланды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров республикада гендерлік тең­дікті қамтамасыз етудің құқықтық және инсти­туционалдық негізі қалыптасқанын ай­тып өтті. Заңнамалық деңгейде әйел­дер­ге қатысты кемсітуді жою және тең­дік­ті ілгерілету жөніндегі нормалар көзделген.

2015 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму саласын­дағы мақсаттарын іске асыру жөніндегі міндет­темелерді қабылдады. Сондағы 17 мақ­саттың 12-сі – гендерлік-сезімтал. 2022 жылы «Гендерлік алшақтық индексі» рейтингі бойынша Қазақстан гендер­лік даму саласындағы табысты реформ­а­лар­дың арқасында 15 позицияға көтеріліп, рей­тинг­те 146 елдің ішінде 65-орынды иеленді.

Бүгінде мемлекеттік қызметте, сая­сат­та және корпоративтік секторда әйел­дер­дің қатысуын арттыру бойынша жұмыс жал­ғасуда. Статистикаға сәйкес 2022 жы­лы мемлекеттік қызметтегі әйел­дердің үле­сі 55%-дан астамға (46,5 мың) жетті, олар­дың 39%-дан астамы (9,2 мың) басшы­лық ла­уазымдарда қызмет етеді. Саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істей­ді, олардың арасында министрлер, агент­тік, Жоғары аудиторлық палата және Конс­ти­туциялық сот төрағалары, сондай-ақ облыс пен қала әкімдерінің орынбасарлары бар.

2021 жылы шағын және орта кәсіп­керліктегі әйелдердің үлесі 44,6% болды. Кәсіпорын басшыларының 30%-дан астамы – әйелдер. Сонымен қатар Үкімет гендерлік нысаналы индикаторлар­ды мем­лекеттің қатысуы бар компа­ния­лар­дың даму жоспарларына енгізу арқылы олардың бас­шылық органдарында әйелдердің үлесін ке­зең-кезеңмен арттыру жөнінде шаралар қабыл­дап жатыр. Жыл сайын қаржылық және қар­жылық емес шаралар арқылы әйел­дер кә­сіп­керлігін қолдау да артып келеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, республикада 4,3 млн әйел жұмыс істейді, бұл жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 48%-ы. Әйелдердің 35%-ы сауда және қызмет көрсету саласында, 32%-ы білім, денсаулық сақтау және ғылым саласында, 14%-ы өнеркәсіп, құрылыс және көлік саласында, 9%-дан астамы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді.

Министрдің айтуынша, өңірлік жұмыс­пен қамту карталары аясында әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Мәселен, 536 мың әйел жұмысқа орналастырылды, бұл – барлық жұмысқа ор­налас­тырылған азаматтардың 55%-ы. Ал осы жылдың екі айында бұл көрсеткіш 92 мыңнан асты.

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңыз­ды шарасы – кейіннен жұмысқа тұр­ғызу немесе өз ісін ашу мүмкіндігімен оқыту. Өткен жылы 80 мыңға жуық әйел кәсіп­кер­лік негіздері бойынша курстардан өтті. Оқыту қорытындысы бойынша 13 мың­ға жуық әйел грант алды. Олардың 58%-ы тауарлар мен қызметтерді өндіруге қажет­ті тех­нологиялық жабдықтар мен керек-жа­рақ­тарды сатып алды, ал 31%-ы мал са­тып алып, мал шаруашылығымен айналысты.

Сонымен қатар министр өткен жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске қосылғанын, оның аясында 3 мыңнан астам адам жұ­мыс­қа орналастырылғанын, оның 50%-ы әйел­дер екенін атап өтті. Биыл жобаға қаты­су жасы 58 жастан 50 жасқа дейін төмен­детілді. Жұмыс орындарын жұмыс беру­ші­лер ұсынады, қатысушылар өз білік­ті­лік­теріне қарай өз бетінше таңдау жасай алады.

Министрдің айтуынша, биыл ана мен баланы қолдау шараларымен 2,1 млн отбасы қамтылмақ, оларға мемлекеттік бюджет және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) қаражаты есебінен 1,2 трлн теңге бағытталады. Атап айтқанда, жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемдерді 258 мыңнан астам әйел алады.

Одан бөлек министр өз сөзінде бала тууға арналған біржолғы жәрдемақы­лар­дың мөлшерін ұлғайту және көпбалалы аналарды қолдау шаралары туралы айтты.

Әйелдер денсаулығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, әйелдерге арналған жаңа цифрлық шешімдер туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек, әйелдер бизнесін қолдау бағдарламалары туралы «Даму» кәсіпкер­лікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева баяндама жасады.

Мәселені қорытындылаған Премьер-министр көптеген елде әйелдер қауымы гендерлік кедергілерге тап болатынын айтты. Мәселен, Дүниежүзілік эконо­микалық форумның 2022 жылғы мәлі­меттері бойынша, гендерлік алшақ­тықты жою үшін 132 жыл қажет болады. Қазақстан өз кезегінде, 15 тармаққа көтеріліп, Жаһандық гендерлік алшақтық индексінде өз позиция­сын жақ­сартты. «Біздің елімізде әйелдер мем­лекеттік басқару ісіне тең дәрежеде қаты­сады, белсенді қоғамдық қызмет жүр­гізіп, бизнес-жобаларды іске асыруда. Мәсе­лен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақ­станда бизнестегі әйелдердің үлесі – 45%. Бұл АҚШ пен Түркия сияқты елдерге қара­ған­да, жоғары көрсеткіш», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы қазақстандық әйелдер «Даму» қоры қолдаған жобалардың жартысына жуығын жүзеге асырғанын атап өтті. Бұл ретте жобалардың үштен бірін ауылдық жерлерден келген кәсіпкер әйелдер алды.

Жыл басынан бері бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жыл­ға дейін ұзартылды. Одан бөлек Әлеуметтік кодексте «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізіледі. «Бұл мәртебе көпбалалы аналарды құрметтеп, олардың еңбегін дәріп­теу мақсатында «Күміс алқамен», «Алтын алқамен» мара­пат­талған, бұрын «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» орден­дерімен мара­пат­­талған әйелдерге берілет­ін болады. Мара­пат­талған аналар үшін жәр­демақы мөл­шері сараланып, ұлғай­ты­латын болады. Ша­мамен 90 мың ана осындай игілікке ие болады», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы пери­на­талдық ұйымдардың материалдық-тех­ни­калық жағдайына ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Олардың көп­ші­лігі талапқа сай емес. «Ана мен баланы қорғау жөніндегі тұжырымдама жоба­сын­да пе­ринаталдық орталықтардың инф­ра­құ­рылымын жаңғыртуды ескеру керек. Со­ның ішінде Денсаулық сақтау министр­лігі Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығын жөндеу және жарақтандыру мәселесін шешуді жеделдетуі қажет», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы әкімдіктер Өңірлік жұ­­мыс­пен қамту карталары аясында әйел­­дерді нәтижелі жұмыспен қамтуды ке­­ң­ей­ту бойынша шаралар қабылдап, ал Ең­­бек және халықты әлеуметтік қорғау ми­­нистр­­лігі осы бағыттың іске асыры­луын үй­­­лестіру мен мониторинг жүргізу­ді қам­­та­ма­сыз етуі керектігін айтты. «Со­­нымен қатар кәсіпкер әйелдердің жо­ба­­ларын қар­жы­ландыруды кеңейту, олар­ды капитал­ды көп қажет ететін жоба­ларға, мысалы, өңдеу өнеркәсібіне тарту жөніндегі жұмыс­ты кү­шейту қажет. Осы жұмыстың жүргі­зілуін кеңінен түсіндіру үшін Ақпарат жә­не қоғамдық даму министрлігі қолдау көрсетуі тиіс», деп түйіндеді Премьер-министр.