Қазақтың өткен тарихындағы қиын-қыстау кезеңдер, халқымыздың аштық пен қуғын-сүргінге ұшырауы, оның зардабы, яғни жартысына жуығының қырылуы мен тірі қалғандардың жансауғалап тарыдай шашылып бытырауы туралы айтылып келеді. Айтылсын, себебі, тарихты ұрпақ біліп жүргені дұрыс. Олардың қай шетелдерге қалай барып тұрақтағаны, сіңісіп еңбек еткені, ұрпақ өрбіткені де жазылып, жария болуда. Атамекенге ораламын деушілерге есік ашылды, біраз қандас ортамызға оралды да. Тек, тасада қалған тұс – шеттегі бауырлардың ана тілі мәселесі.
Шетелдердегі бауырларымыздың бұған дейін ана тілін бірі ұмытты, бірі ұмытпады. Себеп әртүрлі. Тіпті, Қытай, Моңғолия еліндегі бауырларымыздың қазақылығы астам түсіп жататыны бізді таңғалдырып, салт-дәстүр мен баба өнерін үйретіп жататын тұстары аз емес. Ұмытпауға басты себеп – олардағы қазақы орта, отбасы тәрбиесі, мектепте қазақ тілінің пән ретінде оқытылуы. Бірақ бүгінде бұл жағдай өзгеріп келеді. Көптеген қазақ мектептері жабылды, пән ретінде оқытылуының да аясы тарыла түсуде. Демек, шетелдердегі қазақтардың келешек ұрпақтары ана тілінен бірте-бірте ажырай түседі деген сөз. Бұл жай бізді бейжай қалдырмауы тиіс. Тек, бұл мәселеде қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей-ақ көңілге медеу боп жүрген – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 1996 жылғы 31 желтоқсандағы «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығы аясында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен шетелдердегі дарынды қазақ балалары арасында өтетін «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты халықаралық олимпиада. Олимпиада он жыл бойы қазақтың ұлан-ғайыр даласының әр қиырында өткізіліп келеді. Негізгі мақсат – шетте жүрген жас қазақтың өз тегін ұмытпауы, ана тілін білуі, бір-бірімен танысып, туыстық, рухани-мәдени сабақтастықты сақтауы болса, екінші мақсат – әр өңірмен танысу, сол өңірлердегі киелі орындарды көру, бабалар рухына тәу ету, қазақтың қасиетті даласының әр өлкесінің тарихын білуге, табиғатын көруге негізделген. Он жыл ішінде 150-ден астам қазақ баласын Отанға оралтып, ортамызға сіңірткен, олардың соңынан туыс-туған, ата-аналарын көшіріп алуы арқылы қатарымызды бірнеше шаңыраққа көбейткен олимпиада бұрын Астана, Алматы, Павлодар, Орал, Өскемен, Шымкент қалаларында өткен болса, он бірінші өткізілімі биыл Маңғыстау жерінде өтті. Атауының өзі сай-сүйекті сырқыратып, жан дүниеңді елжіретіп жіберетін олимпиадаға Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Түрікменстаннан, Қырғызстаннан, Ресейдегі Омбы облысынан, Алтай Республикасы Қосағаш ауданынан, Самара облысынан көптеген қазақ балалары өздерінің жетекшілерімен бірге келді. Маңғыстау облыстық әкімдігі мен білім басқармасының ұйымдастыруын, «ағайын» деп аңқылдап, «бауырым» деп босап, кең құшағына көмкерген маңғыстаулықтардың ыстық ықыласын қатысушылар жоғары бағалады. Салтанатты жағдайда ашылған олимпиаданың бірінші кезеңінде қатысушылар мектеп бағдарламасына сай және еркін тақырыптар бойынша шығармалар жазса, екінші кезеңде халқымыздың тарихы мен әдебиетіне қатысты берілген ауызша тапсырмаларды орындады.
– Түрікменстан мектептерінде сол елдің тілі, орыс тілі, ағылшын тілі оқытылады, ал қазақ тілі пән ретінде оқытылмайды. Бірақ, «ана тілді ұмытпау керек» деп ата-аналарымыз, ауылдағы жасы үлкен ата-әжелеріміз айтып отырады. Мен олимпиадада қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан қиналдым, Мұқағали, Фариза, Төлеген ақындар туралы жетік білмейді екенмін, ал өлеңдерін оқымағандығымды да жасырмаймын. Осы олимпиадада өз кемшілігімді ұғындым, енді қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын оқып жүретін боламын, – дейді Түрікменстанның Балқанабат уәлаятынан келген 10-сынып оқушысы Жансая Мұқанова.
Олимпиадаға қатысушылар мен жетекшілері, қонақтар Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барып, өңір тарихымен сырласты. Каспий теңізіне шомылып, Ақтау халықаралық теңіз-сауда портына барды, сондай-ақ «Дарын» қосымша білім беру орталығының «Балдәурен» оқу-сауықтыру кешенінде болып, Маңғыстау аймақтық денешынықтыру орталығының ұйымдастыруымен өткізілген спорттық шараларға қатысты. Ақтау қаласын аралап, Ж.Мыңбаев, Қ.Күржіманұлы, Қ.Сағырбайұлы, Т.Әлниязұлы ескерткіштер жанында суретке түсті. М.Өскінбаев атындағы облыстық филармониясында Маңғыстау өнерпаздарының концертін, Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында «Әпке» пьесасын тамашалады. Ғалымдар, тіл мамандары мен жетекшілер «Әлемдік тілдердің таралуы және қазақ тілінің дамуы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіп, шетелде қазақ тілін оқытудың қиыншылықтары, оқулықтардың жетіспеушілігі, т.б. проблемалар туралы ойларды ортаға салды.
Төрт күнге созылған олимпиада қорытындысында Қытайдан келген екі, Өзбекстаннан келген бір қандасымыз бірінші орынды, тағы да Аспанасты елінен келген екі жас қазақ пен, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен бір-бірден бауырларымыз екінші орынды иеленді. Екі ресейлік, үш қытайлық, бір өзбекстандық және бір түрікменстандық қаракөздер топ жарып, үшінші дәрежелі жүлдеге қол жеткізді. Лайықты марапаттарын алды, мәре-сәре. Бірақ, ұйымдастырушылардың айтуынша қиындық осы жерде екен. Бұрын халықаралық олимпиада жүлдегерлері ретінде жеңімпаздарға қазақстандық ЖОО-ға арнайы грант бөлінетін болса, бүгінде ол сиырқұйымшақтанған. «Қазақстанда қалсақ» деп көздері жайнап тұрған бауырлардың тауын шақпау қажет, сондықтан олимпиада соңынан әр оқу орнының есігін қағып, орын сұрау мәселесі кезігеді. Әттең дейсің осындайда, шетте жүрседе ана тілін ардақ тұтып, уызынан ұлттық рухқа тойынған сол жастарды «бәлен-түген» демей дер кезінде бауырға тартып алар ма еді? Келісімдер нәтижесінде биылғы жүлдегерлердің бірқатарына Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ, Қыздар университеті мен Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-ден орын табылуы мүмкін екен.
– Бұл олимпиаданың бізге берерін пайызға шағып қажеті жоқ, өйткені бұл экономикалық мәселе емес. Бірақ, тереңіне үңіле қарасақ, берерінің орасан зор екендігін ұғынуға болады. Қазақ мектептерінің жабылуы немесе кейбір елдердегі білім сапасының төмендігі небір талантты қазақ балаларының «лапылдап жануына» мүмкіндік бермей тұр. Олимпиада барысында бабы келіссе, құлашты кеңге сермеуге дайын тұрған талай баланы көріп келеміз, біздің мақсатымыз – оларға қолдан келгенше қолдау көрсету, ортаға оралту. Қазақ мектептерінің жабылуы, қазақ тілінің аясының тарылуы қазірдің өзінде шетелдердегі жас буынымызға өз әсерін тигізе бастаған, ана тілімізде тілі бұралып сәлемдесуден әрі аса алмайтын балалар бар. Жыл сайынғы олимпиада барысында біз сырттағы қазақ балаларының ана тілін білуі тұрғысында сан мен сапа жағынан өкінерлік өзгерістерге түсіп келе жатқанын байқап отырмыз, – дейді қазылар алқасының төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбайұлы.
Қонақтар арасында құжаттар шаруасымен шапқылаумен шаршағандар да, машинадан пойызға ауысып отырып апталап жол жүріп келгендер де бар екен. Бірақ, онысына ренжіп тұрған бірі жоқ, бәрі де Қазақстанға келгендеріне, «тым болмаса бір рет көріп кеткендеріне» қуанышты екендіктерін жеткізуде. Он жыл бойы балаларды өзім бастап келіп жүрмін. Осы жылдар ішінде екі рет бірінші орынды иелендік. Биыл да 1-ші орынға қол жеткізіп, абыроймен оралып барамыз. Қазір еңбек демаласындамын, балалардың өтінішін жерге тастамай, әрі құлағымыз естігенмен, көзіміз көрмеген киелі Маңғыстау жерін көру мақсатында қуана келген едім. Қазаққа тән дарқандықпен қарсы алып, құрметтеген Маңғыстау жұртына, ұйымдастырушыларға ризамыз», деп ақтарылды Ташкент облысының Бостандық ауданынан келген жетекші Базаркүл Ертаева.
Каспийден тізбектей көтеріліп, дүркірей қайтқан аққулардай шетелдегі қазақ балалары да тобымен кері ұшып кетті... Қауырсын қанат балапандар аман жүрсін деген тілекпен қол бұлғап атажұртта ағайын қалды. Қоштасарда олардың жас жүректері қандай сезімде болғанын білмейміз, бірақ оқуға шақырса келуге дайындығын жасырған жоқ...
АҚТАУ.