Туризм • 09 Наурыз, 2023

Германияда қазақтың киіз үйі көпшіліктің қызығушылығын тудырды

6341 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Отандық туризм индустриясының өкілдері 7-9 наурыз аралығында Германия астанасында өткен ITB Berlin Халықаралық туристік көрмесіне қатысты. Іс-шара пандемияға байланысты үш жылдық үзілістен кейін алғаш рет өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Германияда қазақтың киіз үйі көпшіліктің қызығушылығын тудырды

«Kazakh Tourism ҰК» АҚ ұйымдастырған стенд қонақтардың ерекше назары мен қызығушылығына бөленді. Көрмені тамашалауға келген қонақтарға отандық қолөнер шеберлері мен суретшілердің табиғи материалдардан жасалған әшекейлерімен безендірілген қазақтың киіз үйі ерекше ұнады.

Заманауи ұлттық тағамдарымыз да келушілердің көңілінен шықты. Қазақстандық делегацияның басым бөлігін отандық турбизнес мамандары құрады. Берлиндегі көрмеге қазақстандық туристік компаниялар мен қонақүйлердің 30 өкілі қатысты.

«Бұл көрмеде біздің турбизнес өкілдері болашақ серіктестермен іскерлік байланыс орнатады. Біздің стенд келушілер тарапынан Қазақстанға үлкен қызығушылық тудырды. Сонымен қатар Kazakh Tourism елімізге неміс туристерін тарту бағытында ең ірі халықаралық туристік бірлестіктердің бірі - PATA өңірлік өкілдігімен тығыз жұмыс істеуді жоспарлап отыр», деді «Kazakh Tourism ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Аманбаев.

Айта кетейік, ITB Berlin - туризм саласындағы ұйымдар үшін әлемдегі ең ірі B2B көрме болып саналады.