Қоғам • 09 Наурыз, 2023

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңдар күшейеді

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Сенаторлар күн тәртібіне шығарылған мәселелерді қарап, депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңдар күшейеді

Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл құжат мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік саяси қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуге және сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ заңда мемлекеттік органдарға келісімшарттық қызметшілерді жұмылдыруға және ротациялау тетігін жетілдіруге қатысты ережелер де бар.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады.

Аталған құжаттағы нормалар цифрлық ақпаратты көрсете отырып, жария кадастрлық карта бойынша «Электронды Үкіметтің» веб-порталы арқылы жерге тиісті құқықтарды беруді көздейді. Одан бөлек, қалалық елдімекендердегі жер учаскесі мен жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкестендіру құжаттарын бір «жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортына» біріктіруді ұсынады. Сенаторлар талқылау нәтижесінде заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Палата отырысы барысында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды. Сенат депутаттары жаңа нормаларды концептуалды тұрғыда қолдай отырып, заң жобасына бірқатар түзету енгізді. Нәтижесінде заң Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен қабылданды.

Құжатқа енгізілген түзетулер Мемлекет басшысының Жолдауларынан туындайтын тапсырмаларды іске асыруға, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерінің нормаларын жетілдіруге арналған. Сенат енгізген 45 түзетудің қатарында азаптағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуге, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласына және тағы басқа мәселелерге қатысты нормалар бар. Сондай-ақ төтенше және толық қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеу шарттары қайта қаралды.

«Президентіміз адам құқықтары және заң үстемдігі бойынша қабылдануы қажет шараларды айқындап берді. Бүгін қабылданған заң адамның қылмыстық сот төрелігі, жазаны атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтарын күшейтуге арналған. Оның ішінде ауыр сырқатқа шалдыққандардың, кішкентай баласы бар аналардың, алғаш рет сотталғандардың құқықтырын қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. Алдағы уақытта заң адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.