Мәдениет • 09 Наурыз, 2023

Күй аңызы: Әбікен Хасановтың «Қоңыр» күйі қалай туды?

922 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күй тарихы қызық қой. Күйді тыңдағанымыз болмаса, оның шығу тарихы мен мәнін аса біле бермейміз.

Күй аңызы: Әбікен Хасановтың «Қоңыр» күйі қалай туды?

«Қоңыр» күйінің шығу тарихы туралы түрлі дерек бар. Олардың арасында Сәкентанушы ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспановтың мәліметі ерекше назар аудартады. Ол өзіне дейінгі зерттеушілердің жұмыстарын салыстыра келе «Қоңырдың» нақты Сәкенге шығарылғаны туралы келесі деректі жазады: «...Алайда, бұл күмәнімізді Рымжан Сейфуллина апамызбен арада болған мына әңгіме сейілтті. Бұл жаңа деректі мен Рымжан апайдың өз ауызынан 25 ақпан 2009 жылы Астана қаласы Сәкен Сейфуллин мұражайында жазып алған едім:

1958 жылдыңжаймашуақ жаз айы болатын. Мен онда Ауылшаруашылық институтының доценті кезім, кафедраға сұңғақ бойлы, жасы алпыстарды еңсерген, ат жақты, бәденді, ел ағасы кірді.

– Мен Әбікен Хасенов деген ағаң боламын, айналайын! – дегенде орнымнан қалай атып тұрғанымды білмеймін, іштегі шер мен көрген қорлықтың зардабы болар, жылап жібердім. Ағай жұбатып әлек, кұлағыма сыбырлап:

– Жүр, далаға шығайық, әңгіме бар, – деді, мен соңынан ердім. Көшеге шыққан соң жан-жағына сақтықпен бір қарап алды да:

– Мен Сәкенге арнап күй шығардым, аты - «Қоңыр», – деді. Мен сасқанымнан:

– Куә бар ма? – деппін. Аға үнсіз басын изеді де:

– Жүсіп Алтайбаев, Исал Ахметовтар деді. Содан соң Жүсіп ағаймен хабарластым.

– «Бұл туралы» неге жазбайсыз? – дедім.

– «Жазамыз ғой, заман кішкене тынышталсын», – деді. Ол кез әлі де болса зобалаңның ызғары басылмаған кезең еді ғой. Бұл күйдің міне осындай тарихы бар балам, - деп Рымжан апай ауыр күрсініп әңгімесін аяқтады».

Рымжан Сейфуллина айтқан осы әңгімені тарқата түсетұғын болсақ Сәкенге арналған азалы күйдің сырына қанық адамдар - Жүсіп Алтайбаев, Исал Ахметов, Оспанқұл Шахажанов, Тұрсын Сыздықовтар. Олардың күйді жарияламай, сырын шашпауының себебі де белгілі, яғни замана бұлты әлі толық сейілмеген кезең оларды сескендірді, жазуға да қолдары бармады. Осыдан кейін Ақселеу Сейдімбек те хатқа түспеген жайды қаузамай, «заманның ауыртпашылығы басына түскен соң шығарылған» деп тізгінін тартады.

«Қоңырдың» көңілге қонымды шежіресін белгілі жазушы Кәмел Жүнісов баяндайды. Күйші бұл күйді «Қайран азаматтар-ай!» деп шығарғаны туралы нақты деректі Кәмел аға бірнеше адамның аузынан жазып алған. 1937 жылы Сәкен «халық жауы» деген нақақ жаламен ұсталып, 1938 жылы 25 ақпанында үштіктің шешімімен атылғаны тарихтан белгілі. Кәмел Жүнісов Әбікеннің Алматыға барғанда ағайындай араласқан адамдары - Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер болғанын, олар бірінен соң бірі ұсталғанда қатты қайғырып, осы күйді зарлата тартқанын Жүсіп Алтайбаевтың өз аузынан естіп, диктофонға жазып алған. «Атылған азаматтарға арнап едім» деген сөзін естіген Жүсіп Алтайбаев: «Әбеке-ау, мынаны ешкім естімесін, оттан аман қалған азаматтарға зияны тиіп жүрер» деп шошып кетеді. Әбікен де осыдан кейін «Қайран азаматтар-айды» тартпай кетеді. Кейін 1958 жылы Сәкен ақталған соң ғана күйтабаққа жазуға тәуекелі барады. Күйтабаққа да күйдің атын атамай «Қоңыр» деп жаздырады. 

Жеткізуші: Күй аңызы