Экология • 09 Наурыз, 2023

Зорман оянды

741 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Науырызым қорығында биыл зорман ерте оянды. ЮНЕСКО қорғауындағы далалы-орманды алқапқа бай табиғи қорықта саршұнақтардың үш түрі тіршілік етеді. Зорман соның ішіндегі ең ірісі.

Зорман оянды

Алты ай қыс алаңсыз ұйық­­­таған он шақты кемір­гіш­­тің 28 ақпанда індерінен шығып бара жатқанын қо­рықтың мемлекеттік инспекторы Қанатхан Кәрімов көріп қалыпты.

Әдетте зормандар өзге тұ­­қымдас­тарына қарағанда ерте оянады. Бірақ белсенді тіршілігі ұзаққа бармайды, жылына төрт-ақ ай ояу жүреді.

– 2022 жылы Науырызым зор­мандары 7 наурызда оян­ған. Биыл ақпанның соңғы он күні жылы болды. Содан бо­­лар, зорман да інінен ерте шықт­ы, – дейді қорықтың ғы­­лы­ми қызметкері Ришат Батря­ков.

Маманның айтуынша, бір айдан соң зормандар кө­бейе бастайды. Жаңа туған тыш­қандары мамырдың аяғында өздеріне жеке ін қазып алады. Ал ұзақ ұйқыға кетер алдында қысқа қоң жинап, әбден семіреді. Ұйқыға кете­тін мезгіл жақындағанда бір зорманның салмағы 1,6 килоға дейін жетеді. Ал күн ысып, шөп қата бастағанда зорман да жазғы ұйқысына жатады. Осылайша, жазғы ұйқысынан оянбастан, қысқы ұйқыға өтіп кетеді.

Өсімдік қоректі дала зор­мандары көбіне жыртқыш құс­тар мен қасқыр, түлкі сияқ­ты аңдарға жемтік болады.

 

Қостанай облысы