Аға толқын өкілдері адамның қолтаңбасына қарап, оның мінез, болмысын да білуге болатынын айтатын. Атақты Бауыржан Момышұлының арнайы жазба құралын қолданбай-ақ оқтай болып көкке шаншылған сызбалары күні бүгінге дейін оның қайтпас, қайсар мінезінен хабар беріп тұр.
Ақпараттық технология дамыса да тарихтан хабар беретін қолжазбаның бәсі уақыт өткен сайын аспандап барады. Ертеректе қазақ әдебиетін зерттеудегі бір қиындық – шығарманың авторлық қолжазбасы сақталмауы деп келді. Абай шығармаларының басым көпшілігі бізге Мүрсейіт қолжазбасы арқылы жетті емес пе?
ХV ғасырда өмір сүрген сұлтан Сүлейменнің құнды қолжазбалары Варшавадағы университет кітапханасында сақтаулы. Оның қандай жәдігер екенін және оны қарау қаншалықты қызықты екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Сүлейменнің билік құрғанына жүздеген жыл өтті, оның заманымен қолтаңбасы арқылы тілдесу шын мәнінде керемет. Мәселен, әз Тәукеден бастап Кенесарыға дейінгі хандарымыздың қолжазбасы Таяу Шығыс елдері архивтерінен табылып, олардың алды елге келіп, ғылыми айналымға еніп жатыр. Оларды көрген сәтте ұлттық рухтың ұйықтап қалған жасушалары бір мезгілде оянып, ойыңды да, бойыңды да сілкіндіріп жібергендей әсерде қалатының анық.
Бізге ұлы Абайдың қағаз бетінде сақталып қалған қолтаңбасы ыстық. Ондағы әрбір әріптен ұлы ақынның сол сәттегі көңіл күйін іздейсің. Әрбір белгінің астында, ақынның шығармасында тығылып тұрғандай әсерде боласың. Мұхтар Әуезовтің Алматыдағы мұражайында сақталып қалған қолжазбаларын көргенде де санаңды тылсым күш билеп алғандай болады.
Қолмен жазу тарихқа көшіп кеткен жоқ. Бояу қарындашымен қоштаса алмай жүрген буын арамызда әлі бар. Мысалы, атақты Олжас өз сұхбатында қолмен жазатынын айтады.
Көркем жазудың әдістемесі басқа ғылымдар сияқты қалыптасып, даму үстінде. «Көркем жазуды қай кезде оқыту керек?» деген сұраққа әлем талай жылдан бері жауап іздеп келеді.
ХХ ғасырдың басында америкалық психолог Ф.Фришен балаға жазу үйрету 9 жасында өте қолайлы десе, 20-жылдары Ю.Фаусек 5 жастан көркем жазуды үйрету керек екенін тәжірибе жүзінде көрсетті. Көркем жазуды Қытайда, араб елдерінде ұлттың мәдени ерекшеліктерінің бірі деп таниды. Ақпараттық технология дамыды десек те, әлем қолжазбамен қоштасуға дайын емес.
Қытайда мемлекетаралық шарттың бір нұсқасы қолмен жазылып, президенттердің қолтаңбасымен мөрленген күйде елдің Бас мұражайына тапсырылып, мыңжылдық жылнамаларының қатарын толықтырады. Болашақ үшін. Технология саласында адамның басы айналатын табыстарға қол жеткізген жапон еліне де бұл үрдіс жат емес.
Жапон, қытай балалары елінің жеңісімен ғана емес, адам қолымен кестеленген мыңдаған жылдық тарихы бар жылнамасымен де мақтанады.
Бізге де қолжазбаның құндылығын зерделейтін бір орталық ашылып, мемлекет басшыларының қолмен жазған құжаттары сонда сақталса дейсің. Әрине, ертеңгі ұрпақ үшін...
АЛМАТЫ