Үкімет • 09 Наурыз, 2023

Өңірлік жол картасы

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі ортамерзімді перспективаларын іске асыру аясында білім беруді дамытудың жол картасы әзірленген болатын. Жол картасы өңірдегі білім беру саласында туындаған өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

Өңірлік жол картасы

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Алматы әкімі Ерболат Досаевтың кездесуінде білім саласын жақсартуға байланысты мәселелер талқыланып, саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасына қол қойылды.

«Алматының 18 мыңға жуық педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, мектептердің басқарушы­лық құрамының 450 өкілі халықаралық менеджмент бағдарламаларын оқитын болады. Функционалдық сауат­тылықты, цифрлық құзыреттіліктер мен дағдыларды қалып­тастыру бағ­дар­ламаларын 9 мың педагог мең­гереді. Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес тегін техни­калық және кәсіптік біліммен жүз пайыз қамту үшін колледждерде мемлекеттік тапсырысты 20 мыңнан астам орынға ұлғайту жоспарланып отыр», деді кездесуде Ғ.Бейсембаев.

Е.Досаевтың айтуынша, жол картасы орта білім беру мәсе­лелерін шешу, педагогтердің біліктілігін арттыру сияқты ма­ңызды мәселелермен толық­тырылды. Алматы әкімдігінің жоспарына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 2029 жылға дейін балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты 35 мың орынға ұлғайту көзделіп отыр. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша биылдан бастап республикалық бюджет есебінен 37 мың оқушыға арналған 22 мектептің құрылысы басталып, орта білім беру ұйымдарына 30 мектеп пен 9 қосымша құрылыс салынады. Бұл 2025 жылға дейін оқушы орындарының тапшылығын 23 мыңға төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 50 білім беру нысанын жаңарту жоспарланып, 200-ге жуық мектеп жаңа буын кабинеттерімен қамтылады. Жыл сайын 2 мыңға жуық педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Ал биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың өңірлік ресурстық орталығын ашу көзделіп отыр.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қол­жетімдігі мен сапасын арттыру маңызды. Осы орайда 2025 жылға дейін 300 орынға арналған жатақханасы бар екі колледж құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар 4 мыңға жуық техникалық және кәсіптік білім беру оқытушысы біліктілікті арттыру курстарынан, 600 арнайы пән мұғалімдері мен өндірістік оқыту шеберлері халықаралық тағылымдамадан өтіп, 85 колледж басшысы менеджмент бойынша біліктілігін арттырады.

Қалада атқарылатын бірқатар іс-шара инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталып отыр. Психологиялық-медици­налық-педагогикалық консуль­тациялар желісін, психология­лық-педагогикалық түзету каби­неттерін кеңейту, ерекше қажет­тігі бар балаларға арна­йы психо­логиялық-педагогика­лық кө­мекке мемлекеттік тапсы­рыс­ты 1 400 орынға ұлғайту және қалалық инклюзивті ресурстық орталық құру жоспарланып отыр. Төрт инно­вациялық шығар­ма­шылық орталық, екі жазғы лагерь салу, қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тап­сырысын ұлғайту мен мектеп кітапханаларын жаңғыр­ту да – жос­пардағы маңызды міндеттер. Қаланың жол картасы сондай-ақ балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, құқықтарын қорғау, білім беру ұйымдарында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын да қамтиды.

 

АЛМАТЫ