Қазақстан • 10 Наурыз, 2023

Керік мазары

829 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы Тайпақ өңірінде бойына тылсым сыр бүккен тарихи жәдігер көп-ақ. Соның бірі – Базаршолан ауылының байырғы Дүйінбай жайлауындағы Керік мазары.

Керік мазары

Атырау облысының шекара­сында, Қаратөбе ауданымен жапсарлас жатқан бұл мекен әуелден Байұлының алаша және ысық рулары қоныс қылған құт­ты мекен. Тайсойған мен Бүй­рек құмдарының бір пұшпағы қыста жайлы, жазда шүйгін, құ­дығы сулы ғажап жер. 1837 жы­лы желтоқсанда Исатай мен Махам­бет бастаған үркердей топ қасиетті құм Нарыннан айырылып Жайықтан өткенде, құшақ жая қарсы алып, етігімен су кешкен ерлерді тынықтырып, қуғыннан жасырып, құтқарып жіберетін Шығанақ батырдың қонысы да осы маңда. Осынау тарихи топы­рақты аралап жүргенде ен далада, болар-болмас білінетін дөң басында алыстан көз тартатын шошақ моланың әсері ерекше еді.

Біздің жақта тау жынысы жоқ, бір-біріне соққанда ұш­қын шығарар тас кесекті емге тап­пайсыз. Барлық құры­лыс топы­рақты суға шылап жасаған шикі кірпіштен тұрғызылады. Әрине, кірпіштің сапасын арттыру үшін оған жылқының қылын, биенің сүтін аралас­тырады деген аңыз айтылады. Керік мазары да осындай ғажайып далалық сәулет ескерткішінің бірі еді.

Алыстан көргенде көз тартып, жанына келгенде басыңнан тақияң түскендей биік, қабырға­сының қалыңдығы бір құлаш, шілденің шіліңгір аптабында келсең де іші қоңырсалқын мамыражай болып тұратын Керік мазары аты да, заты да суық мола емес, керісінше ен далада адасқан жолаушы пана тұтатын, ең асыл тілегіңді Тәңірі Тағаладан сұрап алуға лайық зияратхана еді.

Ақылымен аңызға айналған Керік туралы ел аузында айтылатын әңгіме де керемет.

...Осы өңірді жайлаған ысық руының Жақсыбай тайпасынан Елтоқ Елбайұлы деген жігіт көпке дейін үйленбей жүріпті. Өзі ел ішінде барымта қылып, батырлық өмір сүрсе керек. Бір күні Елтоқтың ата-анасы көрші ауылдағы Сұлтансиықтың қызы Керікке сөз салады. Керік аса көрікті, ақылды қыз болған көрінеді. Қыз айттыра барған құдаларға бойжеткеннің ата-анасы да, өзі де қарсы болмапты. Тек Керік:

– Менің Елтоққа айтарым бар. Өзімен кездесіп, сол сөзді айтпай тұрып келісім бермеймін, – деп шарт қойыпты.

Құдалар Керік қыздың сәлемін жеткізген соң, Елтоқ арнайы келіп, қызбен кездеседі. Сонда Керік:

– Екеуміздің ата-аналарымыз келісіп, құдандалы болғалы жатыр, оған мен де қарсы емеспін. Алайда менің саған қояр бір талабым бар. Соны орындауға уәде берсең ғана мен сенің отыңды жағармын. Егер келіспей, бас тартсаң, онда мен саған жоқпын, – дейді шешімді түрде.

– Жарайды, талабыңды айт, – дейді күйеу жігіт.

– Сен өз ауылыңда барымташы мен ұры-қары ұстап, басқаратын көрінесің. Біреудің ақ адал малын ұрлап, сорлатсаң, олардың көз жасына, қарғысына қаласың ғой. Ондай арам жолмен келген тамақты мен ас етіп іше алмаймын. Менің өз босағаңнан аттағанымды қаласаң, ұрлығыңды қой! – дейді Керік.

Қалыңдығының батылдығына, ақылына көңілі толған Елтоқ уәде береді. Сөйтіп, ауылы аралас, қойы қоралас екі ауылдың арасына құда жүріп, той болады. Күйеу жігіт те біразға дейін уәдесінде тұрып, тыныш жүреді. Алайда біраз уақыт өткен соң Елтоқ бұрынғы кәсібін жалғастыра бастайды. Сол күннен бастап Керік дастарқаннан дәм татпай қойыпты. Бір күні ұрлықтан келген семіз ту биенің иісі бұрқыраған қуырдағы алға келгенде Елтоқ шыдамай, келіншегіне «же!» деп ақырып жібереді. Дәмді астан бас тартқан зайыбының қылығын тасырлыққа балап, жазаламақ болады. Жанындағы атқосшыларына: «Қуырдақтың ыстық майын мына қатынның аузына құйыңдар!» деп әмір етеді. Жігіттер Керікті жығып салып, аузын күштеп ашып, ыстық майды құя береді. Керік болса майды жұтпаған, ыстық май бір езуінен ағып кеткен. Келіншектің бір езуі күлдіреп, қап-қара болып күйіп қалған. Ақыры келіншегінің дәті беріктігін көрген Елтоқ райынан қайтып, жігіттерді тоқтатады. Ойланып отырып:

– Ай, жігіттер, өздерің болған жайтты көріп отырсыңдар. Бүгіннен бастап мен ұрлықты қойдым. Енді мені бұл іске шақырмаңдар. Алла тағала қалған ғұмырымда адал кәсіптен нәпақа бергей! – дейді. Сөйтіп, келіншегімен татуласып, ел қатарлы, орта дәулетті шаңырақ болып күн көріпті. Жолдастары да ұрлығын қойып, адал кәсіппен айналысуға көшкен екен.

«Керік ақ өңді, аса сұлу әйел екен. Бір езуінде қара дағы болыпты. Ол баяғы жығып салып, аузына құйған ыстық қуырдақ майының күйдірген ізі деуші еді қариялар. Бұл әңгімені Керікті өз көзімен көрген, қолынан дәм татқан Құрамыс деген ақсақал айтыпты» деп жазады ақтөбелік Сәйді Сымғалиев «Өткен күнде белгі көп» кітабында.

Көп жыл өткен соң Керік аурып, дүниеден өтерінде балаларына:

– Осы ауылдың арам кәсібін тастат­тым. Ерім Елтоқты адал кәсіпке көн­дірдім. Келген жерімде айтқан сөзімді тыңдаттым. Алланың бергеніне ризамын. Сендерге айтарым, мені анау биік қырдың басына қойыңдар. Ілгері қарасам, төркін жұртым мен туғандарымды, кейін қарасам келген жерімді – сендерді көріп жатайын, – деп өсиет қалдырған екен. Елге қадірі артқан Керіктің өсиетін ауыл аймақтағылар, ұрпақтары екі етпей орындап, өзі нұсқаған қыр басына апарып жерлепті, үстіне күмбез бейіт тұрғызыпты.

...Бұл оқиғаға да 160 жылдан ас­қан екен. Керік мазарының жанында бірнеше жерінен сынып, қираған алып құлпытастың сынықтары жатыр. Осыдан оншақты жыл бұрын барған бір сапарымызда осы ескерткіштің көне жазуын тазартып сипалап, сыр суыртпақтағанбыз. Мәтін толық оқыл­маса да «...Керік Елтоқ халалы офат 75 жасында 1865 жылда» деген жазуды көрдік. Ел аузындағы аңыздың ақиқаттығына күмәнсіз сендік.

Бір өкініштісі, шикі кірпіштен қаланған Керік мазары бүгінде тозып, құлағалы тұр. Соңғы барған сапарда кесененің төбесі жұқарып, жауын жеп, бүліне бастағанын көрдік. Айналасында қоршау да, есігі де жоқ. Ішіне мал кіріп, сүйкеніп, қи-тезекке толып қалыпты. Мемлекет қорғауына алынбаған, тарихи ескерткіш тізіміне кірмеген тағы бір тарих сырын ішіне тартып, жоғалып бара жатыр...

 

Батыс Қазақстан