Халық • 09 Наурыз, 2023

Қайта оралған Наурыз

403 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халқымызға қайта оралған әз-Наурыз мерекесі жалпыұлттық мейрам ретінде ресми мәртебе алғанына да міне, 32 жылдың жүзі болды. 1991 жылы наурыздың 15-інде Қазақ КСР Президентінің Жарлығы шығып, «Наурыздың 22-сі – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланды.

Қайта оралған Наурыз

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жарлықта «Халық депутаттары­ның жергілікті советтеріне климаттық жағдайларды ескере отырып, халықтық мереке – Наурыз мейрамын өткізу күнін өз бетімен белгілеу ұсынылсын; республика жұртшылығының 1991 жылы наурыз­дың 16-сы мен сәуірдің 16-сы ара­лығында «Табиғат жарасымы» айлы­ғын өткізу жөніндегі инициативасы қол­дау тапсын» деп көрсетілген болатын. Бұл Жарлық «Социалистік Қазақстан» газеті­нің 15 нау­рыз күнгі санында жария­ланғаны белгілі.

ммм

Осы арада сәл шегініс жасап, Нау­рыздың қалай оралғанына аз-кем тоқталып өтсек. Қазақ халқының өмір салтында зор маңызы бар Наурыз мейрамын жүйелі атап өтуге деген алғашқы ресми қадам 1920 жылы жасалған екен. Айталық, Түркістан Республикасы атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов 1920 жылы «Наурыз» мерекесін тойлау туралы бұйрық шығарса, жазушы Бейімбет Майлин 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 22 март (наурыз) күнгі санына: «Бидай көже буланып, Бір жая піскен күйінде, Құтты болсын наурызың, Жаңа тілек, жаңа жыр, Самарқан тасы еріген, Наурыздың тойы бұл» деп жырмен шашу жолдаған екен.

Сол сияқты, Алаш қайраткері Сұлтанбек Қожанов «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 22 наурыз күнгі санына «Наурыз туралы» деген тақырыпта шағын мақала жариялап, онда: «22 март – Наурыз мейрамы. Мұны Күншығыс халқы тегіс мейрам етіп өткізу салты болған. Коммунист жолдастар «дін мейрамы» деп сопысынып жақтыр­майды. Олай емес. Наурыз – мұ­сыл­маншылықтан бұрын шық­қан. Наурыз – ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам» деп жазады.

Бұл жазбалардан біз қазақ оқығандары наурыз мейрамын жалпыхалықтық мереке етуге ұмтылғанын аңғарамыз. Бірақ 1926 жылы бұл мейрамға коммунистік көзқарас тарапынан «ескінің сарқыншағы» деген үкім айтылып, тойлау тыйылған болатын.

Бірақ халықтың санасында сақталған ғұрыптық мейрам тоқыраудың тоңы еріген жылдары қайтадан жаңғырды. Аталған мерекенің ұлы дала төсі­не қайта оралуына еңбек сіңір­ген тұлғаның бірі – қайрат­кер-ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов өзінің естелігінде: «1988 жылы Ұлыс мейрамын мемлекеттік дәрежеде тойлау мәселесімен сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Генадий Колбинге кірдім. Ол мені мұқият тыңдады. Бұл мәселені бюрода қарамай, шеше алмайтынын жеткізді. Содан талқылау барысында бюро мүшелерінің екеуі ғана мені қолдапты. Олардың бірі – сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі – ОК-ның идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков екен. Ұсынысым өтпей қалған соң бірінші хатшының қабылдауына қайта бардым. Әрі-бері ырғасып, ақыры оны көндірдім. Осы арада Колбин ақшаның жоқтығын алға тартып тағы қисайды. Міне, осы сәтте Министрлер кеңесінің төрағасы үлкен азаматтық таны­тып, үкімет бюджетінен қағыс­тырып, қаржы тауып берді. Соның арқасында Алматыдағы Горький атындағы саябақта толағай той болды. Артынша бүкіл еліміз төл мерекесімен табысты» дейді.

Сөйтіп 1988 жылы республика көлемінде Наурыз мейрамы атап өтілсе, 1989 жылы жаппай халықтық мерекеге айналып, Қазақстанның барлық облысында тойланды. Осылай жалпыхалықтық мейрамға айнал­ған құтты мерекеге қатысты 1991 жылы наурыздың 15-інде Қазақ КСР Президентінің арнайы Жарлығы шығып, «Наурыздың 22-сі – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланды.