02 Маусым, 2010

“КЕУДЕҢДЕ ШЫБЫН ЖАНЫҢ БОЛСА ЕГЕР, ЖОҒАЛТПА ЖЕР БЕТІНЕН ҚАЗАҚ АТЫН!”

1177 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ХVІІ ғасырдың соңғы ширегі мен XVІІІ ғасырдың бірінші жар­тысында қазақ халқы тағдырының қыл үстінде тұрған ауыр кезеңінде әскербасы, қазақ хандығының бізге жеткен тұңғыш мемлекеттік заңдар жинағы “Жеті жарғының” автор­ларының бірі, қиын уақытта көрші мемлекеттермен диплома­тиялық қатынас жүргізген мемле-кет қай­раткері, тарихта “ақтабан шұбы­рынды” жылдар деп аталып, ұл­ты­мыздың ауыр да азалы кезеңін жыр­лайтын “Елім-ай” жырының ав­торы болған, қазақ ұлтының, хан­дығының, қазақ тілінің қа­лып­тасу тарихы жайлы жазып кет­кен ғұ­лама Қожаберген жырау екені соң­ғы кезде айтылып та, жазылып та жүр (“Қожаберген жырау”. Құ­растырушылар: С.Жұ-мабаев, Қ.Би­ғо­жин. Алматы, “Жас Улан и К” баспа үйі. 2007 ж. “Әз Тәукеге қыз­мет қып, жаздым “Жеті жар­ғыны” Бекет Тұрғараев. “Егемен Қазақ­стан”, 17.10.2009 ж.) Байтақ жатқан жерімізді, быты­­рай қонған елімізді ғасырлар бойы қорғап келген ел бастаған кө­сем­де­ріміз, сөз бастаған шешен­де­ріміз, “егеулі найза қолға алған” батыр­ла­рымыз аз болған жоқ. Тәуелсіз­дік туы желбірегеннен бері осы біртуар алыптарымызды халқымен қайта қауыштырған игілікті шара­лардың атқарылып жатқаны рас. ХVІІІ ғасырдағы қазақ әдебие­тінің ең көрнекті өкілі Бұқар жыраудың Қожаберген жырауды ұстаз тұтқанын, Өсиет айт деп сұрасаң Бұқар деген ағаңнан Үлгі алыңдар, балалар, Қожаберген бабаңнан, – деп жырына қосқанын да еске алу керек. 2000 жылдың 19-20 желтоқ­са­нында Қызылжар қаласында өткен ҚР Ұлттық Ғылым академия­сының кеңейтілген отырысы мен “Қожа­берген жыраудың қазақ тарихын­дағы орны мен рөлі” деген тақы­рыпқа арналған ғылыми-теориялық конферен­циясы жырауды жұртшы­лыққа танытудағы алғашқы қадам болған. Осы конференцияда ака­демик Манаш Қозыбаев Қожа­берген жыраудың өмірі мен шығар­машылығы туралы “Дауылпаз баба – Қожаберген” атты баяндама жасаған. Бұл баяндама Қожаберген жыраудың қазақ тарихындағы алатын орнын анықтаған тұңғыш ғылыми еңбек болатын. Өкінішке орай, академиктің бұл еңбегі ке­зінде жұртшылыққа тарамай қалды. Сондықтан ғылыми айналымға түспей келеді. Осыны ескеріп Қо­жаберген жайлы ойымызды атақты тарихшы Манаш Қозыбаевтың сөзімен жалғастырайық, дерек қы­лайық. “Ендеше Қожаберген жы­рау – батыр, қолбасшы, ел тағ­дырын ойлаған реформатор, стратег, – мемлекет қайраткері. Қожаберген бабамыз осымен қатар атақты ақ­ын, жырау еді. Ол тек қана бір “Елім-айда” ғана бір ғасырдың сырын, мұңын ашты. Ол – тек жырау ғана емес, заманның ұлы шежірешісі”, – деп бағаласа Қожа­берген бабаны, оның “Елім-ай” дастаны туралы: “Елім-ай” – ұл­ты­мызда “Илиада” мен “Одиссея” сынды эпикалық өміршең тр­а­­гедия”, – деді. Осы еңбегінде Манаш Қозыбаев Қожаберген жыраудың қазақ тарихындағы алатын орны туралы былай деп жазды: “Қожаберген есімі Әз-Тәуке хан, Абылай хан, Әбілхайыр хан, Бұқар жырау, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты ұлтымыздың ұлыларының қатарында Отан тарихында хатталады”. Атақты тарихшымыздың бұл еңбекті жазғанына он жылдай бо­лып қалған екен. Алайда, содан бері Үкімет назарынан тыс қалып, баба­мыздың есімін республикалық дә­ре­жеде ұлықтау ісі қолға алын­бай келеді. Рас, жерлестері қол қусырып отырған жоқ, облыстық деңгейде есімін ел есінде қалдыру шаралары жүріп жатыр деуге болады. Қабірі басына кесене тұрғызылды, мек­тепке, кіндік қаны тамған жердегі аудан орталығының көшесіне есімі берілді. Жыраудың таңдамалы шығармаларының жинағы шыға­рылды. Қазақстан Республика­сының еңбек сіңірген заңгері, – құрметті судьясы, ұлтжанды азамат Бекет Тұрғараевтың бастамашы­лы­ғымен “Жеті жарғы және Қо­жа­берген жырау” қоғамдық қайырым­дылық қоры құрылды. Қор алдағы уақытта облыс орта­лығында жы­раудың ескерткішін орнату, шығармаларын баспадан шығару ісін қарастыруда. Жыраудың қазақ тарихындағы орнын өзінің “Үш би” атты өлеңінен байқауға болады. Үш жүзде болса да олар басты кісі, Қазыбек, Төле, Әйтеке менен кіші. Соларға жол көрсеткен ұстаз едім, Сардар деп құрметтейтін үлкен-кіші. Жеңіс жоқ соғыстарда шабандарға, Жағдай жоқ тағат қылып амалдарға. Жеңіске жету үшін қайрат қылып, Ат қойдым, ғаскер бастап қамалдарға. Мәлім ғой, елге ғаскер басқарғаным, Болдым деп ордабасы мастанбадым. Мылтығы көп болса да кәпір жаудың, Қалмақтың ғаскерінен жасқанбадым. Басқарып үш жүз қолын жиырма бес жыл Орнымды Бөгенбайға бердім биыл. Еш сардар жарлығымды мүлт қылған жоқ Кезінде ұзақ соғыс күндер қиын. Жыраудың осы төрт шумақ өле­­­­ңінен оның өзі туралы көп мәлі­мет алуға болады. Жыраудың үш биден жасы үлкен, оларға ұстаз бол­ғ­анын, 25 жыл ордабасы бо­лып, өзінің орнына шәкірті Бөген­байды сай­латқанын байқауға болады. Жыраудың бұл өлең шумақ­тарын Бұқар жырау өзінің “Ғадыл ер” атты толғауында анықтай, толықтыра түседі. Үзінді келтірейік: Көшебе Керей ағасы, Толыбай сыншы баласы, Қол бастаған Қожекең Үш жүздің болды-ау данасы. Қожаберген ғадыл ер, Қадірін білген қалың ел. Бөгенбайдай батырға Билігін берген ардагер. Қожекеме Бөгенбай Шәкірт болған жан еді. Сайлатқан оны ұстазым Қарадан шыққан хан еді. * * * Бөгенбайдың шәкірті Қаракерей Қабанбай. Қожекеңнен бата алды, Қатарынан қала алмай, – деп жырлаған екен Бұқар жырау. Қос жыраудың жоғарыдағы өлең шумақтары төмендегідей ойға жетелейді. Қазақтың атақты үш биі: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, қазақ батырлары: Бөгенбай мен Қабанбай рухтарына бағыштап ескерткіш орнатып жатқанда олар­дың ұстазы Қожаберген жырауды ұмыт қалдыруымыз жөн болмас. Алдымызда тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы келеді. Сұранып тұрған уақыт. Еліміздің орталығы Астананың көрнекті жерінде Жырыма құлағың сал, азаматым, Ұнаса менің айтқан насихатым. Кеудеңде шыбын жаның болса егер, Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын, – деп тұрған Қожаберген жырау­­дың ескерткіші салынса, тарихи әділдік болар еді, қазақ ұлтының рухы биіктей түсер еді. Егер мем­лекет тарапынан мүм­кіндік бол­ма­са, Солтүстік Қа­зақстан облысының жұртшылығы осы істі қолға алуға дайын екен­дігін айтуымыз керек. Петропавл қаласының тұрғындары атынан: Жұмабаев, Қ.Мұқанов, Т.Сүгірбаев, О.Қали, З.Олжабаев.