Оған да себеп бар. 2022 жылға дейін кедендік баж салымындағы квота мемлекеттердің экономикасы мен халқының санына байланысты келісіліп келген. Бірақ Украинадағы жағдай одақтағы ойын ережесін бұзып жіберіп, нарықтағы үлестік картина тайға таңба басқандай айқындалып шыға келді. Бұрын Қазақстанға, Қырғызстанға, Арменияға шетелдік тауарлар мен өнімдер ресейлік экспорттаушылар арқылы келсе, қазір жағдай басқа. Темірді қызған кезде соғып, үлесті көбейтіп алудың кезі келгенін РФ мен Беларусьтан өзге үш ел сезіп отыр.
«Сең қозғалды. Бізді ЕАЭО-мен жүздеген келісімшарттар байланыстырады. Бірақ қажет кезде тыйым салу немесе шекараны жауып қою арқылы ес жиып алуға құқымыз барын РФ тәжірибесі арқылы көріп отырмыз. Ұсыныс тек Қазақстан емес, Қырғызстан, Армения жағынан да қолдау тауып отыр. Демек дауысқа салу арқылы да ұсынысты өткізіп жіберуге мүмкіндік бар», дейді Е.Ибрагим
Биыл 18 наурызда ЕАЭО кедендік баждарды аударудың уақытша тәртібі бекітіліп, Ресей мен Беларусь арасындағы кедендік баж Ресей рублімен белгіленді. Армения, Қазақстан және Қырғызстан келісімде көзделгендей, есеп айырысуды доллармен жүргізеді. Қазақстан арқылы өтетін импорттың өсуі кеденнің жұмысын қиындатты. Бірақ салым бойынша пайыздық көрсеткіш жеті пайызға да жетпейді.
Қазақстандық сарапшы Ерлан Ибрагим Ресей импортының былтырғы жаздағы шығыны 50 пайыздан көп екенін айтады. Бірақ әзірге Ресейдің Қаржы министрлігі шығынды 20 пайызбен шектеп отыр. Сауда министрлігінің мәліметінше, ЕАЭО мүше мемлекеттері импорт көлемі туралы қорытындыны 2023 жылдың ақпан-наурыз айларының соңында тапсырады. ЕЭК алаңында баж салымын қайта қарау қажеттілігі туралы ортақ ұстаным сол кезде ғана айтылады. «Осы уақытқа дейін қалыптасып қалған стандарттарды түзету туралы шешім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында консенсусқа қол жеткізілген жағдайда ғана қабылданады», дейді Сауда министрлігі.
Сарапшының пайымдауынша, баж салығын өзгерту бірер жылда біте салатын шаруа емес. Ресей банкінің мәліметінде 2021 жылы Ресейдің сыртқы сауда айналымы 798 миллиард доллар екені, импорттың үлесі 303,9 миллиард доллар болғаны айтылған. Өткен жылдың көктемінен бастап Ресей Федералдық кеден агенттігі сауда статистикасын жарияламай қойды. БҰҰ Сауда деректер базасының мәліметтерінде 2022 жылдың алғашқы 10 айында Ресейдің импорты 2021 жылмен салыстырғанда, 51,5 пайызға төмендегені айтылған. 2022 жылы Қазақстан экономикасы 3,1 пайызға өскенін, ІЖӨ 225,2 миллиард долларға жеткенін осыған дейін жаздық. 2021 жылы Қазақстан мен ЕАЭО елдері арасындағы өзара сауда 2021 жылмен салыстырғанда, 7,1 пайызға өсті, одақтың өзге елдеріне экспорт 22,3 пайызға дейін ұлғайды. Бұл біздің жалпы сауда бойынша ЕАЭО-дағы үлесіміз 25,7 пайызға жеткенін көрсетіп тұр.
ЕАЭО-дағы әрбір шешімді одаққа мүше елдер де, Батыс елдері де саяси шешім деп қабылдайды. Сарапшының айтуынша, ең маңыздысы, міндеттердің жаңа пропорциясын тек Парламент қана мақұлдайды. Демек Әділетті Қазақстанның Жаңа Парламентінің «азуының мықтылығын» осы өлшем талқыға түскенде білетін боламыз.
Экономикалық сарапшы Ерлан Ибрагим бізбен әңгімесінде мүше мемлекеттер арасында консенсус санкцияға дейінгі картинаны өзгертуге кедергі болатынын айтады. Мәскеу мұндай жағдайда Қазақстан немесе Қырғызстан арқылы өткен импортқа байланысты кедендік рәсім тек қана техникалық қадам екенін, нақты өзгерістер ЕАЭО-ның сыртқы сауда көлеміне қарап анықталатынын алға тартуы мүмкін. Себебі осыған дейін Премьер-министр Әлихан Смайылов баж салымындағы өзгерістерге қатысты баға айырмашылығына өтемақы беру қажеттігін ескерткен. Сарапшының айтуынша, мұндай өтемақы түріндегі жеңілдіктер халықаралық тәжірибеде бар.
«ЕАЭО шарттарында баж салымына қатысты өзгерістер болса қандай шешім қабылданатынын білмейміз. Бірақ одақтың өзегі – осы кедендік баж салымдарына байланып тұрғанын түсінуіміз керек. ЕАЭО-ның «инвестициялық тартымдылығы» осы факторға байланып тұрғаны айтпаса да түсінікті. Қазақстан жағы өз ұсынысын табанды түрде қорғайтынына, Парламенттің жаңа құрамының оны қабылдауды кешіктірмейтініне сенемін. Бұл мәселе ұлттық-мемлекеттік кедендік саясатымыздың қалыптасуына әсер етеді», дейді Е.Ибрагим.
Кедендік баж алымдары ЕАЭО-ның Ресейден өзге мүше елдер үшін үлкен проблема екені түсінікті.
ЕЭК-тің Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақытжан Сағынтаев ақпан айының бас кезінде қазақстандық журналистермен кездесуде бұл мәселе өткен жылдың орта шенінен бастап көтеріле бастағанын, бірақ әзірге өзгеріс жоқ екенін айтқан.
«Бұл ұсынысты тек Қазақстан ғана емес, Армения мен Қырғызстан да қолдап шыққан. Бірақ әзірге өзгеріс жоқ. Біз саяси жағдайға байланысты стандарттарды автоматты түрде қайта есептеуге мүмкіндік беретін жаңа әдістеме әзірлеуді ұсындық. Бірақ Ресей мен Беларусь бұл идеяны қолдамай, бүгін бұлай, ертең басқаша болады деп отыр», деген еді Б.Сағынтаев.
Сағынтаев бұл мәселені дұрыс көтеріп отыр. Бұған дейін жабық есік жағдайында айтылып келген мәселе ЕЭК басқосуында планерлық сессиялар арасындағы үзілісте жариялы түрде айтылды. Бұл пікір тым болмаса ЕАЭО-ның саяси емес, экономикалық одақ екенін еске салып тұрады.
ЕАЭО-дағы негізгі сауда жолы бізге Ресей арқылы келеді. Көрші елдің импортының қандай сипатта екенін, оның қайсысы импорт, қайсысы реэкспорт екенін білмейміз. Себебі жоғарыда айтып өткендей, 2022 жылдың көктемінен көрші елдің кеден статистикасының мәліметтері жабық.
Е.Ибрагим айтып өткендей, Ресейдің өзі біржақты түрде қабылданған келісімдер мен стандарттардан оңай бас тартатынын көріп те жүрміз. Біз ресейліктер үшін нарықты іс жүзінде аштық, көршілеріміз болса санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды алға тартып, тауарларымыздың жолын шектеп тастап жүре беретіні қалыпты жағдайға айналды. Өткен жылдың жазында, айдың күннің аманында қантқа тыйым салуы нарықтағы жағдайды қиындатып жіберсе де үндемедік. Бұл жағдай РФ қантына иек артып, қамсыз отырған қазақ нарығының қантқа қатысты сегментінің арбасын кейін бұрып жіберді. Ресей қантына иек артқан нарық қант шикізатын өз елімізде дайындауды босаңсытып алды. Қант мәселесінің етек-жеңін жинау қажеттігі өткен жылы ғана еске түсті. Сарапшының айтуынша, ЕАЭО-да кенеттен найзағай ойнап, күннің күркіреп кетуі – РФ мен Беларусь Республикасының ұлттық стандарттарына өз заңнамамызды тиянақтамай жатып, қосыла салуымыздың кері салдары.
«Сең қозғалды. Бізді ЕАЭО-мен жүздеген келісімшарттар байланыстырады. Бірақ қажет кезде тыйым салу немесе шекараны жауып қою арқылы ес жиып алуға құқымыз барын РФ тәжірибесі арқылы көріп отырмыз. Ұсыныс тек Қазақстан емес, Қырғызстан, Армения жағынан да қолдау тауып отыр. Демек дауысқа салу арқылы да ұсынысты өткізіп жіберуге мүмкіндік бар», дейді Е.Ибрагим.
Ал келесі сарапшы Айбар Олжай бізбен әңгімесінде 2022 жылдың статистикасында Қазақстанның ЕАЭО-дағы сауда көлемі, импорты ұлғайғанын айтып берді. Бұл бізге кедендік баж салымдарын Ресейдің үлесінен 10 пайыз көбейтіп алуға мүмкіндік береді. Біз Қырғызстанға да, Арменияға да мүмкіндік туып отырғанын айтуға тиіспіз.
«Қазақстанның ұсынысы дауысқа салынуы тиіс. Ресей мен Беларусь өзінің мүддесін қорғап қалуға тырысады. Соңғысы кезінде өзінің үлесін біздің үлес есебінен көбейтіп алған. Мұндай ресімдер ЕАЭО шарттарына сәйкес келе беретіні сол кезде айтылған. ЕАЭО шеңберінде қатып қалған стандарттың қалыптасып қалуы нарық заңына қайшы. Бұл ретте кедендік баж алымы – сауда айналымының барометрі. ЕАЭО ішкі нарығындағы өзгерістерді көріп отырмыз. Демек ЕАЭО-ның өзге елдері үшін де, Ресей мен Беларусь үшін де кері шегінетін орын жоқ. Кедендік баж салымындағы өзгерістер одақтың тағдырын шешеді», деп сөзін түйіндеді А.Олжай.
АЛМАТЫ