Әлем • 10 Наурыз, 2023

Қазақ министр БҰҰ-ның штаб пәтерінде кеңеске төрағалық етті

484 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ-ның штаб пәтерінде әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссияның (67-сессия) кеңесі  Моңғолиялық қазақ министр Зұлпықар Сарқытұлының төрағалығымен өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақ министр БҰҰ-ның штаб пәтерінде кеңеске төрағалық етті

«Цифрлық технологиялар мен инновацияларды пайдалану арқылы әйелдердің жағдайын жақсарту және мүмкіндіктерін кеңейту» атты тақырыпта басталған сессияны БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш ашты. Әйел-қыздардың қоғамдағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, гендерлік теңдікті дамытуды қамтамасыз ету үшін әуелі олардың білімін жетілдіру, ғылым-технологияны, инженерия мен цифрлық саладағы көшбасшылығын қолдау мақсатында  қауіпсіз желілік ортаны қалыптастыру туралы үндеу тастады.

Мр

Бұл реткі сессияға үкіметтік емес ұйымдармен қатар ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың белді өкілдері және әлемнің 190-нан астам елінен делегат қатысып жатыр.

Әлем министрлерінің алқалы жиынын Моңғолияның Еңбек, әлеуметтік қамқорлық министрінің орынбасары Зұлпықар Сарқытұлы басқарды. Вице-министр БҰҰ-ның биік мінберінде ағылшын тілінде баяндама жасап, мәжіліс басқарған тұңғыш моңғолиялық қазақ азаматы болып, ел мерейін өсірді.

Ассамблея төрағасының орынбасары Зұлпықар Сарқытұлы: «Ғаламтор желісіндегі гендерлік айырмашылықты жоюда кездесетін кедергілерді еңсерген таңдаулы тәжірибе және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін цифрлық дәуірдегі білім беруді дамытудың маңыздылығы ерекше», дейді.

Сессия барысында ол онлайн-ортадағы гендерлік алшақтықты жою бойынша Моңғолияда жүргізіп жатқан саясаты мен бағыт-бағдарын таныстырып, еліміздің электронды басқару қызметі халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанын ерекше атап өтті.

Жиында БАӘ, Бангладеш, Ботсвана, Грузия, Мексика, Нидерланды, Венгрия, Қытай, Филиппин, Чехия, Эквадор, Жапония қатарлы елдерден келген барлығы 23 өкілі сөз сөйледі.

Сонымен қатар, 2023 жылғы 7 наурызда вице-министр Зұлпықар Сарқытұлы Дүниежүзілік банк және  Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссияның 67-сессиясының Бюросы немесе Оңтүстік Африка Республикасы, Аргентина, Латвия, Моңғолия мен Германия  бірлесіп ұйымдастырған  Министрлер кездесуіне қатысты.

Жоғары деңгейдегі саммитке қатысуға 30 елдің әйелдер және гендерлік мәселелерге жауапты министрлері шақырылды. Бұ кездесудің мақсаты Дүниежүзілік банк пен БҰҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы 2023-2030 жылдарға арналған гендерлік мәселелерді қайта қараудағы диалогты қолдау болды.

Жиын барысында Зұлпықар Сарқытұлы: «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманың тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы моңғолиялық тәжірибесін бөлісіп, халықты жұмыспен қамту саласында атқарылып жатқан іс-шаралармен таныстырды. Сондай-ақ сессия барысында «Гендерлік теңдік және ауыл қыздары мен әйелдерінің құқығын кеңейту саласындағы жетістіктер мен міндеттер» тақырыбында баяндама жасады.

6-наурыздан басталған бұл маңызды шара наурыздың 17-не дейін жалғасады.

 

Қуат УАТХАН,

Бай-Өлке аймағы