Саясат • 10 Наурыз, 2023

Францияның Үлкен Шығыс өңірі Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Страсбургтағы ҚР Бас консулы Әнуарбек Ахметовті аумақтық деңгейдегі мемлекеттік атқарушы биліктің жоғары өкілі, Үлкен Шығыс француз өңірінің Префектісі Жозиан Шевалье  қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Францияның Үлкен Шығыс өңірі Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі

Кездесу барысында дипломат Префектке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан мемлекеттік саясаты мен еліміздегі негізгі ішкі саяси оқиғалар, оның ішінде алдағы 19 наурыз күні өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға сайлау туралы хабарлады.

Сонымен қатар Ә.Ахметов Мемлекет басшысының өткен жылғы қарашадағы Францияға алғашқы ресми сапарының негізгі қорытындылары және қазақстан-француз стратегиялық әріптестігін одан әрі мағыналы түрде толтыру жөніндегі күш-жігері туралы сөз қозғады. Өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы, жоғары білім және медицина саласындағы Үлкен Шығыс өңірінің компанияларымен және ұйымдарымен бірлескен инвестициялық-технологиялық жобалар жан-жақты қарастырылды.

Префект Ж.Шевалье Францияның Үлкен Шығыс өңірі мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыруға үлкен қызығушылық танытты, сондай-ақ біздің ел басшылығына қойылған міндеттерді іске асыруда табыс тіледі. Ол бірлескен жобаларға көмек көрсетуге дайын екендігін растады және бірқатар перспективалы өзара тиімді бағыттарды ұсынды.

Жалпы тараптар бірлескен күш-жігерді үйлестіруге және сәуір айында Францияның Сыртқы сауда министрінің орынбасары Оливье Бешттің ҚР-ға алдағы сапарының әлеуетін іске асыруға келісті, оның делегациясына өңірдің компаниялары мен ұйымдарының өкілдерінің кіруі күтіледі.

Кездесу соңында Үлкен Шығыс Француз өңірінің Префектісі Ж. Шевалье Қазақстан халқы мен басшылығына бейбітшілік пен өркендеуді тіледі.

Тарихи дамыған Эльзас, Лотарингия, Шампань және Вогез провинциялары кіретін Францияның Үлкен Шығыс өңірі жоғары экономикалық әлеуетке ие. Көлік жасау, жоғары технологиялық машина жасау, металлургия, ауыл шаруашылығы және дамыған «жасыл экономика» жыл сайын ЖІӨ-ге 160 млрд. еуроға дейін қамтиды және Үлкен Шығысты Францияда жетекші орынға шығарады.  5,5 миллион халқы бар өңір еуропалық нарықта жетекші позициялар мен бәсекелестік артықшылықтарды сақтайды.