Саясат • 11 Наурыз, 2023

Еуропалық одақ – Қазақстанның ең маңызды сауда серіктесі

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко еуропалық бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс барысы мен Қазақстан-Еуропа ынтымақтастығының келешегі туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еуропалық одақ – Қазақстанның ең маңызды сауда серіктесі

Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейі экономикалық салада әлеуетті іске асыру үшін қолайлы жағдайлар қалыптастырды. Еуропалық одақ – Қазақстанның ең ірі және маңызды сауда серіктесі, оның үлесіне елдің сыртқы саудасының шамамен 30 пайызы тиесілі. 2022 жылғы тауар айналымының көлемі 2021 жылғы көрсеткіштен 27, пайызға өсіп, 40 млрд АҚШ доллар (экспорт – 32,3 млрд, импорт – 7,6 млрд) құрады. ЕО елдерімен инвестициялық ынтымақтастық та жаңа сапалы деңгейге көтерілуде. 2022 жылдың 9 айында инвестициялар ағыны 10 пайызға өсіп, 8 млрд АҚШ долларды құрады.

«Қазақстанның Еуропамен өзара әрекеттесуі тәуелсіздік жылдарында еліміздің көпвекторлы, прагматикалық және теңгерімді сыртқы саясатының негізгі компоненттерінің бірі болып қала береді. 2020 жылғы наурыздағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығында 2020-2030 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасының Еуропалық одақпен және еуропалық мемлекеттермен ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды басымдықтардың бірі ретінде бекітті», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Р. Василенко.

Қазақстан мен Еуропалық одақ КӘЫК-ты толық іске асыру мақсатында өзара тиімді екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға және нығайтуға берік ұстанымын сақтап отыр.

«Өткен жылы өңірімізде және әлемде болған елеулі геосаяси және геоэкономикалық сілкіністерге қарамастан, Еуропамен қарым-қатынасымыздың деңгейі көтеріліп, оның мәні арта түсті. Біздің Мемлекет басшысынан бастап, Еуропалық одақ институттарының және жетекші еуропалық мемлекеттердің басшыларымен барлық деңгейдегі саяси диалогымыз нығая түсті. Атап айтқанда, Астанаға Андорра, Германия, Греция, Польша, Литва, Мажарстан және басқа да Еуропа елдерінің сыртқы істер және көлік министрлері келді. Өз кезегінде, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ұлыбританияға, Германияға, Польшаға, Аустрияға, Люксембургке, Португалияға, Солтүстік Македонияға сапармен барып, Франция, Словения, Кипр, Норвегия, Швеция мен Эстониядағы әріптестерімен екіжақты келіссөздер жүргізді», деп мәлімдеді Р.Василенко.

Баспасөз конференциясының соңында министрдің орынбасары еуропалық серіктестердің екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрін ілгерілетуге жоғары қызығушылығын атап өтті.