Саясат • 11 Наурыз, 2023

Ауылдық емханалар үшін 1 100 медицина қызметкері даярланады

280 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы 1 сәуірге қарай алғашқы көмек көрсету объектілерін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау, 1 мамырға дейін көпбейінді аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу және қайта жаңарту үшін құжаттаманы әзірлеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауылдық емханалар үшін 1 100 медицина қызметкері даярланады

«Ауылдағы медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасың аясында өңірлерде 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын, оның ішінде 253 медициналық пункт, 242 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория салу көзделіп отыр. 32 көпбейінді орталық аудандық аурухананы (2024 жылы – 7, 2025 жылы – 25) жаңғырту жоспарланып отыр. Онда инсульт орталықтары, кардиология, жансақтау және оңалту бөлімшелері ашылып, олар КТ, МРТ, УДЗ, ӨЖЖ аппараттарымен жарақтандырылмақ», деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят. 

Сонымен қатар ол ауылдық денсаулық сақтау объектілері үшін 1 100 медицина қызметкерін даярлау жүзеге асырылатынын айтты.

Премьер-министр биыл құрылысы басталатын медициналық нысандардың барлығына дерлік жер бөлінгенін атап өтті. Тек Ұлытау облысында ғана аталған жұмыстар жалғасуда.

«Әкімдік жер учаскесін бөлу жұмыстарын бір апта ішінде аяқтауы тиіс», деді Әлихан Смайылов. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, жаңа медициналық нысандарды кадрлармен қамтамасыз етуді алдын ала қарастырып, оларға әлеуметтік қолдау шараларының толық пакетін ұсыну қажет.

«Тағы да атап өтемін, Ұлттық жобаны іске асырудың әрбір кезеңін жобалық басқару жүйесі шеңберінде тұрақты бақылауға аламыз», деді Үкімет басшысы.