Аймақтар • 12 Наурыз, 2023

Қарғын су әбігерге салды

323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында соңғы күндері күн күрт жылынып, еріген қар суы елді дүрліктіріп жатыр. Өңірдегі бірнеше өзенде су деңгейі көтеріліп, арнасына толған. Орал қаласында 8 үйге су кіріп, бірнеше ғимараттың жертөлесін кәріз бен қар суы басты.

Қарғын су әбігерге салды

Ахуал әсіресе жұмадан сен­біге қараған түні күрделі болды: Тасқала мен Бәйтерек аудандары аумағындағы бірнеше өзен суы күрт көтерілді. Деркөл өзені Тасқала тұсында арнасынан 40 см асып, су 557 см-ге дейін көтерілді. Шежін-2 өзенінде де су 799 см көтеріліп, қауіп­ті деңгейден 20 см асып кетті. Өзен мұзы ерімей, жердің тоңы жібімей, еріген су сай-саламен жөңкіліп жатыр. Төтеншеліктер сенбінің кешінде екі өзенде де су деңгейі түскенін хабарла­ды. Тасқала ауылында 1303 текше метр су сорылып, тұрғын үйлерге төнген қауіп сейілген.

Ең қиын жағдай Орал қала­сының өзінде болды. Қала бойынша 9 ғимараттың жертөлесі суға кетті. Олардың ішінде медициналық колледж жатақханасы, «ҚазТрансГаз» Аймақ мекемесі, Шаңырақ жатақха­насы, №37 мектеп, На­зар­баев зияткерлік мектебі, Эстетикалық бағыттағы гимназия, Олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат колледжі ғимараттары бар. Бұл ғимараттардың бәрінде төтеншеліктердің күшімен су сорылып алынған, №49 мектепте ғана су сору жұмысы жал­ғасып жатыр. Зардап шегіп, зақым алған адам жоқ.

10-11 наурыз күндері Орал қаласында су беру уақытша тоқтатылып, күніне 3 мәрте кесте бойынша беріле бастады. «Бұл кәріз коллекторлары­ның еріген қар суымен толып кетуіне және тұрғын алаптарын сарқынды және еріген су басу қаупіне байланысты жасалған уақытша амал», дейді Батыс су арнасы мекемесі. Жағдай реттелген соң, жақын күндері су беру қалпына келтірілмек.

Көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша құрыл­ған облыстық комиссия тәулік бойы режімде қызмет етуде. Су тасқыны кезеңі басталғалы бері Орал қаласында 26 мың текше метрге жуық қар суы сорылыпты. Жалпы, бұл жұмыстарға 136 техника, 100-ден астам адам жұмылған. 2 000-ға жуық құм то­лы қапшық дайын екен.

«Қала аумағында 86 учаскеде су басу қаупі бар, оның 75-і бау-бақша серіктестігінде, өзен жайылмаларында орналасқан. Ол жақта 20 839 адам тұрақты тұрып жатыр. Қауіпті аумақ тұрғындарына су басқан жағ­дайда тиісті шараларды қол­дану туралы 500-ден астам жа­дынама таратылды. Қажет кезінде халықты уақытша эвакуациялау және орналастыру дайындығы жасалды», деп хабарлады Төтенше жағдай­лар департаментінің баспасөз қызметі.

Орал қаласы әкімдігінде көктемгі су тасқынын алдын алу үшін қалалық штаб құ­рылған. Су тасқыны кезеңі бас­талғалы қалалық штабқа қала тұрғындарынан 700-ден аса өтінім түскен. Оның жартысынан көбі, яғни 380-нен астамы көшеге немесе аулаға жиналған су жөнінде болған.

Су тасқынына қарсы облыс­тық жедел штаб 9 наурыздан бері тәулік бойы жұмыс режі­міне көшкен болатын. Маман­дар Теректі, Тасқала және Бәй­терек аудандары аумағын 11 нау­рыздан бастап Ми-8 тік­ұшағымен әуеден шола бастады. Құтқарушылар өзендерде мұз кептелісі болмауы үшін ойықтар ойып, мұзды кесуге кіріскен. Су жүретін арықтар, құбырлар тазартылуда.

Ақжайық ауданында Өлең­ті өзені көтеріліп, 11 наурыз­да жергілікті маңызы бар «Көнек­кеткен – Жұбан – Сайқұдық» авто­жолын су жырып өтті. Қа­зір ол жердегі жағдай төтенше­лік­тердің бақылауында. Жұбан ауылындағы су басу қаупі төн­ген 7 тұрғын үй 250 қап құммен қоршалған.

Осындай жағдай Шыңғыр­лау ауданындағы «Шыңғырлау – Ақшат – Сегізсай» автожолы­­­ның 108-109 шақырымында да бол­д­ы. Жиналған су жол үстінен асып ақ­қанымен, қатынас тоқта­ған жоқ. Ал Ақбұлақ кентіндегі Же­ңіс өзенінде су деңгейін ­ба­қы­­лау үшін арнайы адам мен тех­ника бекітілді. Қайыңды өзе­­ні де ба­қылауда. Айта кете­йік, был­тыр бұл шағын өзендер мінез көр­сетіп, іргедегі ауыл тұрғындарын әбігерге салған болатын.

Теректі ауданындағы Под­степное, Теректі, Ақжайық, При­речное, Ұзынкөл, Богдановка, Аңқаты ауылдарында да су сору, қауіпсіз жерге айдау жұ­мы­сы жүргізіліп жатыр.

 

Батыс Қазақстан облысы