Дәл осы Одилхонның басы қазір үлкен дауға қалды. Мәселенің мәнісі мынадай: 4 наурызда Ташкенттегі «OCTAGON-42» турнирінде ол «Камил Каратэ» деген жанама есіммен танылған Тәжікстанның танымал спортшысы, кумитэден әлем чемпионатының күміс жүлдегері Камариддин Хасановпен күш сынасты. Торға кірмес бұрын-ақ қарсыластар жекпе-жек төңірегіндегі жағдайды шегіне жеткізіп, әлеуметтік желі арқылы бір-бірін оңдырмай балағаттады. Тіпті екеуі Ташкенттегі дәмханалардың бірінде төбелескен де көрінеді. Осылайша, көпшілік тағатсыздана күткен айқас өтетін күн де келіп жетті. Бірақ бірінші раундта «Камил Каратэ» қолын қатты жарақаттап алып, бәсеке мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ақыры бұл жекпе-жектің нәтижесі есепке алынған жоқ.
Кейін мәлім болғандай, аталған жарыстың өтуіне бір күн қалғанда Камариддин Хасанов орналасқан қонақүйге Одилхон Камолов келіп, оның бірінші раундта ұтылуын өтінген екен. Сол «қызметі» үшін 6 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы ұсынған. Жартысын қазір аласың, қалғанын жекпе-жек аяқталған соң беремін деп уәде етіпті. Екіжақты «келіссөздер» барысын бейнебайланыс арқылы өзбек спортшысының ресми өкілі Дилшод Омиров бақылап отырған. Ол: «Жарыс Өзбекстанда өтетіндіктен, біздің жеңілуге қақымыз жоқ. Одилхон қалай да ұтуы керек. Егер сен келісім бермесең, онда біз бұл жекпе-жекті өткізбеудің бір амалын табамыз», деп кесіп айтқан.
Жоғарыдағы ұсынысқа келіскендей сыңай танытқан «Камил Каратэ» қарсыласы қонақүйден кеткен бетте бірден «OCTAGON» лигасының бас менеджері Павел Берсеневке келіп, осы жағдайды басынан аяғына дейін баяндап береді. Және де алдын ала келісілген кездесулерге қатысуға өзінің еш құлқы жоқ екенін де айтады. Сонымен қатар салмағы өзінен әлдеқайда ауыр қарсыласымен күш сынасуға әзір екенін де мәлім еткен. Ал бұл бәсекенің қалай аяқталғанын біз жоғарыда баяндадық.
Жарыс аяқталғаннан кейін аталған лиганың президенті Нұраддин Садықов ғаламтор арқылы барша жанкүйерге ресми түрде мәлімдеме жасап, жағдайдың мән-жайын тәптіштеп тұрып түсіндіреді. Ал осындай арамза әрекетке барған Одилхон Камоловқа қандай жаза қолданылатыны алдағы уақытта белгілі болады.