Өздерін бейресми шараларда «Жұбан еліненбіз» деп таныстыратын ақжайықтықтар жерлес қаламгер Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітовті ерекше құрмет тұтады. Аудан орталығында Жұбан атында өнер мен мәдениет орталығы, ал Сағынғали атындағы кітапхана жұмыс істеп тұр.
Өткен жылы кеңес одағының батыры Есен Орақбаевтың 100 жылдығы ауданда дала қызықтарымен, ат бәйгесімен, «Ерліктің өшпес даңқы» атты мерекелік концертпен аталып өтті. Соғыс және еңбек ардагері, майдангер журналист Бисен Жұмағалиевтің де ғасырлық тойы «Алашқа танылған ардақты ұл» атты танымдық конференциямен өрнектелді. Ұзақ жыл қаржы саласында еңбек еткен Ақжайық ауданының құрметті азаматы Елдес Нұржановтың құрметіне өзі қызмет атқарған аудандық қазынашылық басқармасының ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды. Мұның бәрі қарапайым еңбек адамына деген шынайы құрмет қой.
Әрине, бүгінде көзі тірі, арамызда жүрген ардагерлер де ауданның саяси-мәдени өмірінен сырт қалған емес. Күні кеше ғана өткен алғыс айту күнінде «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің бастамасымен аудан орталығындағы тыл және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Бұл осы өңірде дәстүрге айналған, әбден қалыптасқан, жүйеге түскен жұмыс.
«Бізді «Еңбек ардагері» деп әрдайым төрге шығарады, құрметтен кенде емеспіз. Дегенмен біз көзін көрген, тәлімін алған аға ұрпақтың өнегесі бөлек еді-ау, шіркін! Сол кісілердің еңбегі ұмытылып бара жатқанына қынжыламын. Мысалы, мен жер басып, тірі жүргенім үшін Мұхамбетқали Хайруллин деген адамға қарыздармын. Ғажап адам еді, марқұм. Ал ол кісінің атында қазір ауылда ең болмаса көше де жоқ», деді Ақжайық ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Нәсіпқали Қайырқомов ақсақал.
Нәсіпқали ағаның әңгімесіне құлақ түріп, мән-жайды білген едік. Ақсақал сонау 1952 жылы құм Нарында сынақ полигоны ашылып, Орда мен Жаңақала аудандарынан еріксіз көшірілген ХХ ғасырдың ақтабан шұбырындысын еске алды. Сол жылдары Чапаев ауданы «Бірінші май» ұжымшарының төрағасы болып тұрған Мұхамбетқали Хайруллин Жаңақаланың №12 ауылындағы «Алғабас» ұжымшарын Оңтүстік Қазақстанға көшірмей, өз беделін салып жүріп, елде алып қалыпты. «Туған нағашым Жетісай ауданына аударылған халықтың ішінде еді. Жаңа жерге үйренісе алмай, ел, әсіресе балалар жаппай ауырған. Нағашым үш баласынан түгел айырылып, елге сыбай-сылтаң келді. Ал елде қалған біз жетім бала, жесір әйел болсақ та аман қалдық», дейді әкесі майданда қаза тауып, қаршадайынан қара жұмыста шыңдалған қария.
Әңгімеге өзек болып отырған Мұхамбетқали Хайруллин де Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты №11 ауылда 1913 жылы туған екен. Анасынан бұғанасы қатпай айырылған ол бала кезінен-ақ тұрмыс қиындығын тартады. 4 класс қана білім алады. 17 жасынан Чапаев ауданының «Жаңаталап» ұжымшарымен еңбек еткен. 1933-1934 жылдары егіс бригадирі, 1934-1938 жылдары Чапаев аудандық Бидайық, Белағаш ауылдық кеңестерінде төраға болған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда майданға алынып, оқ-дәрінің де иісін көріпті. Елге жарақат алып оралған соң «Игілік», «Бірінші май», «Ленин» ұжымшарларында төраға, «Алғабас» кеңшарында директордың орынбасары, Октябрь ауылдық кеңесінде төраға қызметтерін атқарған.
Елге сыйлы, еңбекке қабілетті Мұхамбетқали үнемі қиын іске, шаруасы шатқаяқтап қалған ұжымшар-кеңшарларға жолданыпты. Атпал азамат «Бірінші май» ұжымшарын 17 жыл басқарған. Соғыстан кейінгі жүдеу жылдар ғой. Төрағаның күшімен, халықтың еңбегімен ұжымшар 1950 жылы-ақ Мәскеудегі бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің төрінен көрінген екен. Көрмеге апарылған еділбай қойдың салмағы 90-95 келі тартыпты. 1951 жылы шаруашылық сиыр суару, сауу, қыста азықтандыру ісін облыста алғаш болып механикаландырса, 1952 жылдың қорытындысында ұжымшар «миллионер» атанған.
Осы тұста Мұхамбетқали Хайруллиннің қарапайымдығы мен кішіпейілдігін көрсеткен таңғажайып оқиға болған. Ұжымшардың көп жылғы жетістігі үшін төрағаға су жаңа «Победа» автокөлігі сыйға тартылады ғой. Сол кезде Мұхамбетқали Хайруллин көлік бағасын есептетіп, дәл сол қаржыға ұжымшар орталығынан 10 үй салғызады. Ол үйлерге еңбекқор қауымды кіргізеді. Өзі сол жерде 17 жыл басшы бола жүріп, ескірген тоқал тамда тұрған екен. Атағы Мәскеуге дейін жеткен ардагер төрағаның бұл ісі байырғы тұрғындар арасында әлі күнге аңыз боп айтылады.
Ірілігі ісінен, адамдығы әділдігінен көрініп тұратын ардақты азаматты халық өте жақсы көрген. Атын атамай, Мұқас деп құрметтеген. Алғабас ауылында тұрған еңбек ардагері Сағынгерей Құбашевтың мынадай естелігі бар:
«Мұқас таңғы 5-те малшы, бригадаларды аралап, сағат 9-да мамандарын жинап, істің кем-кетігін айтып отыратын. Шаруашылықты салт атпен аралайтын, оның қай уақытта, қай жақтан келіп қалғанын білмей қалатынбыз. Қыстың аяз, боранды күндері атшанамен жүретін. Соғыстан кейінгі қиын жылдары Мұқастың бастамасымен Қарағай, Сарыкөл, Бесауыл қыстақтарында салынған механикаландырылған сиыр қораларының бірін шаруа қожалықтары әлі пайдаланып отыр. Ағамыздың халыққа жасаған жақсылығын, еңбегін айтып жеткізу қиын. Адамгершілік құндылықтар кері ысырылған бүгінгідей заманда Мұқас сияқты біртуар азаматтың нар тұлғасын, мәрт мінезі мен өзгеге ұқсамайтын болмыс-бітімін аңсайды екенсің...».
Әрине, Мұхамбетқали Хайруллиннің ерен еңбегі елеусіз қалмаған. Әр жылдары Октябрь революциясы, «Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен наградталып, бірнеше дүркін аудандық, облыстық кеңес депутаты болған. Ардагер азамат 1978 жылы 65 жасында өмірден өтіпті.
«Біз, Мұхамбетқали ағайдың көзін көрген, тәлімін алғандар, бүгінде аз қалдық. Ұлағатты жанның есімін өзі еңбек еткен ауылдың біріндегі көшеге беру жөнінде көптен бері ұсыныс айтып келеміз. Бұған аудан басшылары, тиісті мекемелер де қарсы емес. Бірақ қазіргі ономастика ереже талабының бірі ол тұлғаның еңбек жолын, өнегесін жаңғыртып, елдің есіне түсіретін мақала жариялануы керек екен. Ел газетінің тілшісі ретінде сізге осы шаруа аманат», деп еді ақжайықтық қариялар. Тарихқа сәл бойлап, тағылымды тұлға жайында осы жолдарды қағазға түсірген себебіміз де сол еді.
Батыс Қазақстан облысы