Президент • 13 Наурыз, 2023

Қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес - Президент

335 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Премьер-министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен өткізген кеңесте айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес - Президент

«Жан-жақты жаңғыру үдерісін бастадық. Оның бағыт-бағдарын былтыр наурыз айындағы Жолдауда айқындап алдық. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бір жылдың ішінде ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Билік жүйесін жаңа талапқа сай жаңғырту үшін бірнеше саяси науқан өткіздік. Маңызды мәселелерді талқылау үшін Ұлттық құрылтайды құрдық. Мемлекеттігіміздің тұғырын және ел бірлігін нығайтатын жаңа идеологиялық тұжырымдар ұсындық. Наурыз мейрамын жаңаша атап өте бастадық. Республика күнін қайта жаңғырту тарихи қадам болды», деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі түбегейлі өзгерістер жайлы ел ішінде ғана емес, алыс шетелде де айтылып жатыр.

«Біздің болашағымыз – айқын, нақты жоспарымыз бар. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік институттарын жаңарту жұмысының қорытынды кезеңі. Осылайша, билік жан-жақты реформаларды жалғастыру үшін жаңа сенім мандатына ие болады. Елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеріп, оны табысты жүзеге асыру – басты міндет. Қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес. Жұмысты тың қарқынмен жалғастыру қажет», деп нақтылады Қасым-Жомарт Кемелұлы.