Төтенше жағдай • 13 Наурыз, 2023

Қырықтан астам ауыл бақылауға алынды

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Керекуде биыл көктемнің лебі ерте білінді. Наурыз айының алғашқы онкүндігінде күн жылынып, жаңбыр жауып, қыстай жауған қар көптеген өңірде еріп кетті. Ауа райы­н болжау­шылар осы аптадан бастап күн қайта суытатынын ескертті. Бұл жағдай аймақтағы қарғын судың алдын алатыны анық.

Қырықтан астам ауыл бақылауға алынды

Дей тұрғанмен, төтенше жағдай қызметінің мамандары облыстың көп бөлігінде тоң болып қатқан топырақтың жіпсімей тұрғанын, кей жерлерде тіпті 2 метрге дейін жететінін хабар­лады. Егер шекаралас аймақтардағы өзен-көлдер арқылы мол су ағып келетін болса, жа­йылған қарғын су топыраққа сіңуге үлгер­мей қалуы мүмкін. Сондықтан елді мекендер айналасындағы топырақ үйінділері мен бөгет­терді нығайту шаралары жүріп жатыр. Жедел жос­пар бекітіліп, су тасқынына қарсы облыстық штаб құрылды. Ықтимал жағ­дайларға 105 тон­на жанар-жағармай, 34 мыңнан астам құм тол­ты­рылған қап, 10 мың тонна инертті ма­териал­дар әзірленіп қой­ды. Төтенше оқиға туа қалса, арнайы қыз­мет­тер бірден адамдарды құт­қару, су жыру жұ­мыстарына кірісіп кетуге дайын.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Олег Трещевтің сөзінше, елді мекендерде қар шығару жұмыстары жалғасуда. Барлығы 1,13 млн текше метр қар аулаққа тасылған. Сіле­ті өзенінің бойында мұздардың көктемгі кептелісін болдырмау үшін мұзды аралап кесіп, ағызу шаралары атқарылды. Мұзды жарғаннан гөрі, осылай жүргізу экономикалық тұрғыдан арзан әрі тиімді екен.

Қазіргі күні 43 елді мекен мамандардың айрықша бақылауында. Баянауыл мен Ақ­тоғай аудандарының ауылдары, Ақсу қа­ласы жылдағыдай қауіпті аумақтарға енген. Кенжекөл ауылы мен Ленин кенті, Ақсу қаласы мен Ақсу кенті, Павлодар ауданындағы Госплемстанса елді мекені, Баянауылдағы Сәтбаев пен Мұса Шорман, Ақтоғайдағы Шолақсор ауылдарында, Аққулы ауданы орталығында қауіп туындауы ықтимал.

Өңір бойынша автожолдар мен темір­жолдарда 1472 су өткізетін құбыр бар. «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның аймақтағы филиалы мен жергілікті атқарушы органдардың мәлімет­теріне сүйенсек, қазірге дейін аталған су өткіз­гіштердің 74 пайызы тазартылған.

Облыс төтенше жағдайдың алдын алу және қарғын судан келетін залалды жою шараларына жалпы сомасы 1,7 млрд теңге қаражат қарастырып отыр. Төтеншеліктер аймақта қардың аз болуына байланысты көктемгі су тасқыны аса қауіп төндіре қоймайды дейді. Жұрт Қарағанды арқылы ағып келетін Ащысу өзені мен Ақтоғайдағы Сілеті өзендеріне сай-саладан су көп жиналмаса екен деп тілеп отыр. Негізгі қауіпті кезең наурыз айының екін­ші жартысы мен сәуір айының алғашқы он­күндігіне түсіп тұр.

 

Павлодар облысы