Руханият • 13 Наурыз, 2023

Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанына – 300 жыл

1527 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Үкімет қаулысының негізінде Мәдениет және спорт министрінің «2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, Қожаберген жырау Толыбайұлының «Елім-ай» дастан жырының 300 жылдығы аталып өтеді.

Қожаберген жырау  «Елім-ай» дастанына – 300 жыл

Аталған бұйрықта Ғылым және­ жоғарғы білім министрлігі, Оқу-­ағарту министрлігі, Астана қала­сы, Солтүстік Қазақстан, Түр­кіс­тан облыстарының әкім­діктері жауапты орындаушы және­ жүзеге асырушылар ретінде бел­гі­леніп, «Елім-ай» дастан жыр­дың тарихи маңыздылығы ел көле­мінде ерекше аталып өтеді деп­­ көрсетілген. Бұл – біздің тари­хы­­мыздағы елеулі белес, бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін саяси-тәр­­биелік мәні зор оқиға. Бес жа­рым ғасырдан астам тарихы­мыз­да еліміздің жүріп өткен жо­лын, халқымыздың «Ақтабан шұ­бырынды, Алқакөл сұлама» сияқты бастан кешкен небір қиын­-­қыстау оқиғаларды, зар заман­­ға кез болып, азаттық пен бостан­дық үшін күрескен, қанды шайқас­тарды бастан өткерген, зорлық­-зомбылық пен отарлық езгіні көрген, туған жерді қорғау­дың­ жолында жанын пида қыл­ған­ ата-бабаларымыздың ерлігін жет­кізген бұл ұлы дастан мәңгілік ес­тен шықпас тарих шығармасы.

Бір өкініштісі, «Біздің тарих­ қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа»­ деп ақын Қадыр Мырза Әлі­ айтпақшы, екі жүз жылдай Ре­сей империясының отарлық бода­нында, жетпіс жылдан ас­там кеңестік тоталитарлық жүйеде өмір сүріп, басымызда бос­тандық, қолымызда билік бол­мағандықтан тарихымызды­ те­реңнен танып, өткен-кеткенімізді тү­гендей алмадық. Тек егеменді ел, тәуелсіз мем­лекет болудың арқасында ғана­ оларды рухани жағынан тіріл­тіп, туған халқымен қайта қауыш­тыруға мүмкіндік алдық.

Бұл орайда соңғы жиырма жыл­дың көлемінде кеңінен танылып, өзінің лайықты бағасын ала бастаған ақын-жырау, ержүрек ба­тыр, қаһарман қолбасшы, дана­гөй елші, ділмәр шешен Қожа­берген Толыбайұлын атап өтуге бо­лады. Кешегі Кеңес өкіметінің тұсында:

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған

жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас ке­ле­ді, – деп басталатын «Елім-ай!»­ әні халықтың әні деп айтылып жүрді. Әйтсе де ол ән­нің­ сөзі мен әуенінен қилы бір­ замандағы халқымыздың бас­тан кешкен оқиғасы, сай-сүйе­гіңді сырқырататындай мұңы мен зары, қайғы-қасіреті сезілетін. Бертін келе халық ауыз әдебиетінің мұраларын жинаушылардың, әдебиетші және тарихшы ғалымдардың ыждаһатты зерттеулерінің арқасында оның авторы XVII-XVIII ғғ. өмір сүрген Қожаберген жырау Толыбайұлы екені белгілі болды. Жыраудың «Елім-ай!» әні ғана емес, осы аттас үлкен тарихи дастаны, тағы да «Күлдірмам-ай», «Қойлыбай көреген», «Қарасары Болат керей», «Соқыр абыз», «Баба тіл», «Жеті Жарғы», «Қабанбай батыр», «Ер Көкше», «Асан ата», «Ер Қосай», «Ер Жәнібек», «Қорқыт баба», «Ер Едіге», «Орақ батыр» және т.б. ондаған құнды әдеби шығармалары табылды.

Тағы да Қожаберген Толыбайұлының (1663-1763) ақын-жыраулығына қоса, ел басына күн туғанда қолына найза алып жауға шапқан батыр, қол бастаған баһадүр, мемлекеттік істерге араласқан қайраткер, шаршы топта сөз бастаған шешен екені анықталды.

Олай дейтініміз, Қожабергеннің Тәуке хан (1680-1718) билік еткен кезеңде елшілік, қолбасшылық және мемлекеттік істер атқарған. Шығыстың дәстүрі мен тілдерін жақсы білгендіктен Тәуке хан оны 1683-1688 жылдар аралығында Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары мен парсы, түрікмен елдері арасында елшілік қызметке жұмсаған. Ал 1688 жылы әз Тәуке бастаған ел жақсылары Қожабергенді бас қолбасшы – ордабасы етіп сайлап, ол 1710 жылға дейін қазақ, қарақалпақ, ноғай ұлыстарының жасақтарын басқарған. Жасы ұлғайған шағында өз орнына қанжығалы Бөгенбай батырды сайлатқан. Бұған жыраудың «Үш би» деген өлеңіндегі:

Басқарып Үш жүз қолын 23 жыл,

Орнымды Бөгенбайға бердім биыл.

Еш сардар қайт қылған жоқ

жарлығымды,

Кезінде ұзақ соғыс күндер қиын, – деген жыр жолдары дәлел бола алады.

Қожаберген Толыбайұлы сондай-ақ әз Тәукенің тікелей тапсырмасымен Әнет баба, Едіге, Соқыр Абыз, Құдайназар, Болпыш, Жылкелді, Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты би-шешендермен «Жеті жарғыны» жазуға атсалысқан. Бұл жөнінде жыраудың:

Мұқияттап хаттадым,

Әз Тәукеге қызмет қып,

Жаздым «Жеті Жарғыны».

Салыстырып талдадым,

Бергі менен арғыны, – деп жазғаны бар.

1759 жылы Абылай хан басқарған қазақ жасақтары қалмақтарды тас-талқан етіп жеңгенін естіген тоқсанның жетеуіне келген Қожаберген жыраудың кәрі жүрегі қатты қуанып, «Жеңіс» атты толғауын шығарған. Абылай ханға «Бас уәзір болып, ел билігі қолыңа тиген екен. Әрі хан міндетін атқарып жүр екенсің. Көреген бол, қарағым. Ақылың мен ерлігің, айла мен әдісің қатар жүрсін!» деп ақ батасын берген.

«Мәдени мұра» бағ­дар­ла­ма­сы­ның аясында кейінгі жылдары Қожаберген жыраудың артында қалған әдеби мұраларын қай­та жарыққа шығару, есімін ұлық­тау бағытында бірқатар іс­-шара атқарылды. Бұл рет­­те алдымен 2000 жылғы желтоқсанда тарланбоз тарихшы,­ академик Манаш Қозыбаев ұйыт­қы болып, Ұлт­тық ғылым академиясының ұйым­дастыруымен Петропавл қала­сында елімізде алғаш рет­ «Қожаберген жырау­ Толыбайұлының Отан­­­ тарихы мен қазақ поэзия­сында алатын орны» деген та­қы­рыпта республикалық ғы­лыми-теориялық конференция өт­кі­зіл­генін атап өткен жөн. Ондай ал­қалы жиын 2010 жылы «Өлке та­рихы, тұлғалар тағдыры» деп ата­лып екінші рет өткізіліп, онда көзі­ тірісінде ұлттың намысы атан­ған, қазақ заңгерлерінің абыз­ ақсақалы болған, академик,­ ғалым Салық Зиманов сөз сөй­леп:­ «Қожаберген – біздің тари­хы­мыздағы тұтас құбылыс, бүкіл­ ғұмырын қазақ халқының тәуел­сіздігі жолындағы күреске арна­ған ұлы тұлға» деген баға берді.

Бір топ зиялы азаматтар­ құрған «Жеті жарғы және Қожа­бер­ген жырау» халықаралық қайы­рымдылық қорының бас­­та­масымен Қожаберген жы­рау­дың­ туған жеріндегі қорымда жер­лестері тарапынан оған а­р­нап күмбез орнатылды, Құ­ран­ бағышталып, ас берілді. Жам­был ауданының орталығы Прес­новка селосындағы қазақ мек­тебінің алдындағы алаң Қожа­берген атымен аталып, ес­кер­ткіш бюсті орнатылды, мек­тепте мұражайы ашылды. Ал Петропавл қаласындағы №6­­ ­қазақ орта мектебі де ұлы жы­­рау­дың есімімен аталады. Сондай-ақ қордың қолдауымен: «Қожа­бер­ген жырау», «Елім-ай», «Баба тілі», «Өнерпаздар әулеті» деген кітаптар басылып шықты. Олар­ жұртшылыққа кеңінен таратылып, оқырмандардың жылы­ лебізіне ие болды. Атал­ған қордың қозғау салуымен­ Қазақстан Үкіметі 2012 жылдың желтоқсанында арнайы қаулы қабылдап, 2013 жылы Қожаберген Толыбайұлының туғанына 350 жыл толу мерейтойы елімізде кең көлемде атап өтілді. Алматы мен Астана қалаларында көпшілікке танымал тарихшы, әдебиетші ғалымдардың, белгілі қоғам, мемлекет қайраткерлерінің қатысуымен үлкен басқосу – ғы­лыми-практикалық конферен­циялар ұйымдастырылды. Мұның соңы Солтүстік Қазақ­стан – Қызылжар өңіріндегі мере­келік алқалы жиын мен түрлі мәдени-спорттық іс-шара­лар­ға (ақындар мүшәйрасы, кон­церттік бағдарлама және ат бәй­гесі, т.б.) ұласты. Осынау тор­қалы тойдың қорытындысы ре­тінде Алматыдағы «Зерде» баспасынан: «Заманының заң­ғары» мен «Мәңгілік елдің мәң­гілік жыршысы» және Астанадағы «Фолиант бас­пасынан – «Дауылпаз баба Қожа­бер­ген» деген көлемді және әсем безен­дірілген жинақтар жарық көрді.

Алайда Қожаберген сынды та­рихи тұлғаны тану мен ұлықтау ісі­ бұдан әрі де жалғасын таба бе­ре­ді деген ойдамыз.

Жыраудың ат үс­тіндегі айбынды ескерткіші Пе­тропавл қаласының кіреберіс қақпасына орнатылуы Қожабергенді тану түсінігімізге қосылған елеулі үлес деп танимыз. Петропавл қаласындағы әс­кери институтқа даңқты қол­басшы, қаһарман жырау Қожаберген Толыбайұлының есімі­ беріліп жатса, ол да халық­ тілегі арман мақсатының орын­далғаны болар еді.

Қожаберген жыраудан қалған әдеби мұралардың ішінде «Елім-ай» дастаны құндылығы жо­ға­ры, шоқтығы биік шығарма. Мұн­да халқымыздың өткен тари­хын­дағы тұтас бір дәуір мен қасі­ретті кезең қамтылған. Бізбен жау­лас­­­­қан жоңғар хандығының дәуір­леп, күшею себептері, олар­дың бізге қар­сы соғысқанда Ре­сей­ империясы мен­ Қытай­ға арқа сү­йеуі, басымызға күн­ туған шақ­та­ түрікпен, Қоқан, Хиуа мен­­ Бұқардың сырт айналуы айтыл­ған. Тәуке ханға дейінгі қазақ­ хандығындағы текетірес пен­ бақталастық, берекесіздігі де­ сыналған.

Жыр-дастанда тіпті:

Қаратау, Сыр, Сарыарқа,

Еділ-Жайық,

Тұрақты қазақ жұрты қонысы деп.

Санаңдар түп қазаққа соны лайық,

Әуелден мал жайылым, өрісі деп,­ – деген өлең жолдары арқылы сол­ кездегі атамекеніміздің шекарасы мен территориялық аумағы көрсетілген.

Сондықтан да кезінде бұған аты­ аңызға айналған әскери қай­раткер, халқымыздың ардақты пер­зенті Бауыржан Момышұлы: «Бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі Қожаберген жыраудай қазақ жерінің көлемі мен шекарасын айқындап берген емес. Оның «Елім-ай» жыры – әскери дастан!» деп баға берген.

Ел тарихындағы елеулі оқиға «Елім-ай» дастан жырының 300 жылдық мерейтойына шашу ретінде көптеген оқырманның талап-тілегімен «Елім-ай» жыры қайта бастырылды. Баға жетпес мұра «Елім-ай» дастанының кейінгі жас­тар үшін тағылымдық мазмұны мен мәнін ашу мақсатында кітаптың бет­ашар бөліміне арнайы Қожабергентану ғылымына алғаш түрен салып, ұйытқы бол­ған тарихшы ғалым, академик­ Манаш­ Қозыбаевтың «Дауылпаз баба Қожа­берген» ғылыми-танымдық мақаласын, қазақ руханиятының абыз ақсақалы атанған академик, заңгер ғалым Салық Зимановтың конференция­да «Қожаберген ұлт ерлігінің символы» тақырыбындағы сөзін, академик, әде­биетші ғалым Серік Қирабаевтың «Елдікті жырлаған дастан» мақаласын, сондай-ақ елге танымал көрнекті ғалым­дар: әдебиетші Мекемтас Мырзахметовтың «Қожаберген жырау танымының саяси әлемі» және философ Амангелді Айталының «Елім-ай» дастаны – елдік мүдденің қайнар бұлағы» деп аталатын кемел пікір түйіп, көшелі ой тастаған мақалаларын енгіздік.

Бұл кітап бүгінде біз мекен етіп отыр­ған Атыраудан – Алтайға, Арқадан – Ала­тауға дейін созылып жатқан ұлан-бай­­тақ жердің ата-бабаларымыздың тө­гіл­­ген ащы тері мен қаны, кескілескен шай­қасы мен күресі арқылы келгенін бү­гін­гі ұрпақтың есіне салып, оны көздің қара­шығындай сақтау, қорғау жөнінде көкі­ре­гінде отаншылдық сезімін оятып жатса – онда алға қойған мақсатымыздың орын­дал­ғаны.

 

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

«Жеті жарғы және Қожаберген

жырау» халықаралық қоғамдық

қайырымдылық қорының төрағасы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері