Жаңа жылыжайдың аумағы – 4 гектар. «Жұмағалиева Н.М» шаруа қожалығы іске асырған жобаның жалпы құны 3 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды. Жақында үш блоктан тұратын жылыжай кешенінің бірінші кезеңі іске қосылды. Жылыжайдан жылына 1 600 тонна өнім жиналады.
«Атырау облысында бұрын-соңды болмаған жылыжай кешені ашылды. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті қолдау туралы тапсырмасы аясында қолға алынған еді. Ең басты мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету», дейді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Шаруа қожалығы жетекшісінің айтуынша, жылыжай кешенінде 60-тан астам адам жұмыс істейді. Оның 40-тан астамы – жергілікті тұрғындар. Олар жылыжайдан жылына 900 тонна қызанақ, 700 тонна қияр жинауды көздеп отыр. Өнімнің екеуі де голландиялық сорттан өсіріледі. Мәселен, қызанақтың «Merlice» деп аталатын түрі тәулігіне 6 тонна, қиярдың «Golden» сорты тәулігіне 7 тонна өнім береді екен. Тоғыз айда әр өскіннен тәулігіне 18 кило өнім алуға болады.
Жыл бойы көкөніс өсірілетін жылыжай кешенінің жұмысы толық автоматтандырылған. Мұнда тамшылатып суару әдісі қолданылады. Тіпті аталған әдіс арқылы тыңайтқыш ерітінді түрінде беріледі. Енді шаруа қожалығының жетекшісі жылыжай кешенінің аумағын 16 гектарға ұлғайтып, үй жануарларын, құс пен балық түрлерін өсіруді жоспарлап отыр.
Атырау облысы