Бұл саяси дода биылғы жылдың ерекше оқиғаларының бірі ретінде тарихта қалатынына өз басым сенімдімін. Жүрегі елім деп соққан әрбір азамат ертеңіміз үшін таңдау жасауға асығып, оған өз отбасын, көрші-қолаңдарын жұмылдырып, сайлау күнін кәдімгі мейрамдай етіп жатса, бір ғанибет. Бүгінде небір асыл азаматтарымыз, үкілі үміткерлеріміз халық көңілінен шығатын бағдарламаларын ұсынып, ауылдарымыз бен қалаларымыздың дамуына серпін боларлық жөн-жобаларын жариялады. Көптің көңіліне жаққаны аламанда аты озсын дейміз.
Баршамыз үшін ел тағдырына араласу, болашаққа үн қосудың орайы келіп тұр. Осы бір сын сағатын лайықты жауапкершілікпен атқарып шығайық. Бізден кейінгі ұрпақ гүлденген, қуатты мемлекетте өмір сүрсін десек, белсенді болайық. Алдағы жылдары халықтың үнін Мәжіліс пен мәслихаттарда жеткізетін тұлғалардың кім болмағын шешетін саяси науқан әрбіріміз үшін маңызды.
Балтабай СЫЗДЫҚОВ,
Мәдениет қайраткері,
Баянауыл ауданының
құрметті азаматы