Суреттерді түсірген Юрий Беккер
Мысалы, «Белоснежка» аталатын шедеврді әзірлеу үшін Инга Никуличева төрт тәулік уақытын жұмсаған. Ол – әуесқой кондитер. Құрамына қамыр, карамель, жеміс-жидек, қант қосылған тортты дайындау үшін 35 мың теңгесін жұмсаған, алайда бөлген уақытын, еңбегін, шығармашылық ізденісін есептегенде, пісірген тортының нарықтағы бағасы 100 мың теңгеге жуықтайды. «Алиса ғажайыптар елінде» – ең сүйікті ертегілерімнің бірі, бұл өнермен айналысқаныма көп болмаса да, алдымен мені тәнті еткен Белоснежка бейнесін дайындауды ұйғардым», дейді Инга. Қазір ол кондитер-дизайнерлердің халықаралық байқауына қатысуға дайындалып жүр.
16 сәуірге дейін созылатын көрмеге келіп тәттілерді тамашалайтындар торттардың тарихы туралы қызықты мәліметтерге қанық болып, тортпен байланысты қызықты интерактивті бағдарламаларға қатысады. Сондай-ақ мұнда балалар тортпен байланысты ойын ойнап, суретке түсіп, уақытын қызықты өткізуге, дәм татып, шеберлік сыныбына қатысуға мүмкіндік алады. Шеберлік сыныбында аспаздар әрбір келушіге мастикпен сәндеп, өз шағын тортын әзірлеуге көмектеседі, күрделі рецептерді жеңіл әзірлеудің қыр-сырын үйретеді.
Тағам тарихын зерттеушілер торттың пайда болуы туралы түрлі болжам айтады. Олардың бірі тортты torta – «дөңгелек нан» деген мағынадағы италиан сөзімен байланыстырады. Торт бүгінгі Италияның аумағында 2000 жыл бұрын пайда болған десе, кейбір зерттеушілер Грекияны торттың отаны санайды. Ертедегі аспаздар торттың салмасы мен безендіруіне жаңғақ, кепкен жеміс пен балды пайдалана отырып, қайнатылған дәннің езбесінен дайындаса, Шығыс әйелдері сүт пен күнжіт қосып пісірген. Алайда торт қандай қоспамен әзірленсе де, бал татыған тәтті дәмінен ажырамайды.
АЛМАТЫ