Көрмеге облыстық тарихи-өлкетану музейі мен зергердің ұл-қызының қолында сақталған қазақтың ұлттық қолөнер туындылары қойылған. Мәселен, шебердің қолымен мыс қаңылтырға шекілген «Шайқас», «Шабуыл», «Қобыз зары» секілді дүниелер батырлық пен қайғы-қасірет қатар өрілген жаугершілік заманның жанталасын суреттейді.
Бүр жарған гүл кейпіндегі «Қызғалдақ» құмырасы да ерекше көз тартады. Табаны ауыр нефриттен жасалған құмыраның өне бойы мельхиордан қазақтың қошқар мүйіз өрнегімен өрілген. Ал қошқар мүйіздің иіріліп келіп бітетін ұшына ақ моншақ қондырылған.
Шебердің қолынан шыққан тағы бір құнды дүние – «Жайлау таңы» деп аталатын шағын қобдиша. Әйел затының айна алдындағы тірлігіне керек ұсақ-түйек заттарын немесе сақина, сырға секілді жеке дүниелерін сақтауға қолайлы тұтастай күміспен күптелген бұл қобдиша да мельхиордан өріліп, қақпағын ашатын тұтқасына көгілдір ақық бекітілген. Зергер мұнда да қазақы өрнек пайдаланған. Қобдишаның қабырғасы мен аяғы қошқар мүйізбен көмкерілген.
Бұл қобдиша кезінде әлемнің біраз жерін аралап, АҚШ-қа дейін барып келген. Мұны галерея залында тұрған қолхат та айғақтайды. Әбден сарғайып кеткенімен, жақсы сақталған бір жапырақ қағазда орыс тілінде жазылған «Мен, бейнелеу өнері және ескерткіштерді қорғау бөлімінің бастығы Т.Д. Жанысбеков, «Жайлау таңы» қобдишасы мен алқаны АҚШ-та өтетін көрмеге уақытша пайдалану үшін алдым. Жанысбеков. 4.08.71» деген анық жазу бар.
Леонид Игошин Ресейдің Кострома облысындағы Красносельск көркем өңдеу училищесінің түлегі. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Сая Қаленованың айтуынша, еліміздегі кәсіби зергерлерінің көбі сол оқу орнында оқыған. Кейін зергерлік өнерде өз стилін қалыптастырған шебер. Бүгінде Игошиннің стилін кәсіби зергерлер бірден таниды. 1968 жылы Алматыдағы «Сувенир» зергерлік фабрикасына көркемдік жетекші болып келген шебер Қазақстанның халық суретшісі, кескіндемеші, кино және театр суретшісі Гүлфайрус Ысмайылованың шақыруымен «Қыз Жібек» фильмі мен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклінің шығармашылық көркемсурет тобында жұмыс істейді.
– Алматыға келген соң, Леонид Александрович қазақ мәдениетіне тәнті болады. Қазіргі Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі мамандарының көмегімен қазақтың ұлттық өнерін зерделейді. Бұл оның шығармашылық қызметіне әсер етпей қойған жоқ. Оның зергерлік бұйымдарынан қазақ қолөнерінің исі аңқып тұрады. Шебер қазақ зергерлерінің үлгісіне сүйене отырып көптеген алқа, білезік, жүзік, сырға сияқты ұлттық әшекей бұйымдарын соққан. Көп дүниелері бүгінде елдің қолында. Бізде сақталып қалғаны аз. Мәселен, мынау алқаға шебер тұмар мен ақық тас пайдаланған. Халық ұғымында ақық та көзмоншақ сияқты тіл-көзден қорғап жүретін киелі тас. Шебердің қолынан шыққан күмістелген тор білезікте де ақық бар. Жалпы, ол өңдегеннен кейін жылтырап мың құбылып шыға келетін агат, лағыл, зүмірет, жақұт, александрит, аметист, нефрит тәрізді асыл тастармен жұмыс істегенді ұнатқан. Өйткені мұндай тастардың ішінде тосын бір табиғи бейнелер жасырынып жатады. Оны кесіп, өңдеген соң, мысалы, мына ақық тастың бетіндегідей табиғаттың әсем бір көрінісін беретін ғажайып сурет пайда болады. Мына алқадағы тастың бетінен теңіз кораллын көруге болады. Асыл тастың ішінен мұндай сурет табылса, Леонид атай жолым болды деп есі кете қуанады екен. Шебер төл шығармашылығын дамытуға да уақыт таба білген. Мәселен, күмістелген мыстан өрілген мынау «Еңлікгүл» сәндік панносын қалалық музейге 1970 жылы тарту еткен, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі бейнелеу өнері бөлімінің меңгерушісі Сая Қаленова.
Кейін бірнеше жыл көркемдік-өндірістік шеберханаларда еңбек еткен шебер 1974 жылы Қостанайға қоныс аударады. Шебер төл туындыларының денін негізінен осы Қостанайда жасаған. Шебердің қызы Ольга Игошинаның айтуынша, Леонид Александрович көз майы таусыла бастаған 82 жасқа келген соң ғана жұмысынан біржола қол үзіпті.
– Күн сайын, ешбір демалыссыз таңнан кешке дейін жұмыс істеді. Бір күн бос отырған емес. Әкем бізге кәрілігін көрсетпей кетті. Әрдайым өзін қуаты толысқан ер азаматша ұстайтын. Жақсы әке бола білді. Мұны, әсіресе өмірінің соңғы кезіне қарай қатты сезіндік. Ол өмірден бақытты адам болып өтті. Мен жақсы өмір сүрдім дейтін. Алматыны үй-ішімізбен жақсы көрдік. Бірақ анамның ентікпесі бар еді, ауасы ауыр болғандықтан Алматыда жиі ауырып қала берді. Кейін Қостанайға көшіп келген соң, әкем балалар кітапханасы, «Сосновый бор» шипажайы, темір жол вокзалы, «Балалар әлемі» дүкені сияқты көптеген ғимаратты безендірді. Ол кісі жас кезінде мыс, күміс, мельхиор пайдаланылатын финифть стиліндегі әшекей бұйымдар жасайтын. Қостанайға орныққан соң, осы дәстүрді қайта жаңғыртып, неше түрлі бұйымдарын жасады. Алтынға қызыға қойған жоқ. Мельхиормен жұмыс істеуді өте жақсы көретін. Мельхиор мен күмістің технологиясын жетік білді. Күмістен сым созып отыратын. Оған анам көп көмектесті. Әкем суретші-зергер болса, анам орындаушы-зергер еді. Әкем құмыра, табақ тәрізді үлкен бұйымдар жасағанда, өріміне анам көмектесетін, – дейді зергердің қызы.
1995 жылы Астанада Қазақстан халық ассамблеясы ашылғанда, Леонид Игошин мельхиордан өрілген киіз үйдің макетін тарту етеді. Ашылып-жабылатын, диаметрі шамамен 30 сантиметрдей болатын биік үй мереке салтанатына жиналған жұрттың бәрін тәнті қылады. Кезінде кеңестер одағына сапарлап келген шет ел президенттеріне де сол кездегі билік Леонид Александровичке арнайы тапсырыс беріп, үлкен кәдесыйлар тарту етіп отырған. Зергердің қолынан шыққан бірегей туындылар Қазақстанның мәдени орталықтарын айтпағанда, АҚШ, Германия, Бельгия, Франция, Канада сынды елдерде өткен халықаралық көрмелерге қойылған.
Леонид Игошин – өз қолтаңбасы бар зергер. Ол жасаған өнер туындыларының өзге зергерлік бұйымдардан ерекшеленіп тұратыны да содан болу керек.
– Ол Қазақстанды жан-тәнімен жақсы көрді. Қазақтың ою-өрнектеріне құлай қызықты. Әкемнің көркем әрлеуші болып жүргенде жасаған жұмыстарының бәрінде қазақтың ұлттық өрнегі бар. Кейін әйелдерге арналған зергерлік бұйымдар жасай бастады. Әкем жасаған алқа, білезіктерге өзім де қайран қалам. Ақ жаулықты әжейлердің алғыс-батасын алды. Қазақ әжелер: «Жарайсың, балам! Өзің орыс бола тұра, осының бәрі қолыңнан келеді», деп шын пейілімен ризашылық білдіріп жатқанын талай көрдім. Егер ол қазақтың ұлттық өнеріне ғашық болмаса, мұндай ғажайып дүниелерді жасай алмас еді. Атақты «Қыз Жібек» фильмі түсірілетін кезде әкеме актерлердің киімдеріне сән-салтанат беріп тұратын оюы келіскен декоративті бұйымдар жасау тапсырылды. «Қыз Жібек» фильмін көрген шығарсыз, қазақ тұрмысының сән-салтанатын, аса бай мәдени мұрасын барынша қанық бояумен ашып көрсеткен өлмес туынды. Фильмде 3 суретші жұмыс істеген. Әкем суретші, жанындағы екеуі Алматыдағы «Сувенир» фабрикасының суретші-орындаушылары. Әкемнің бұл еңбегі, тіпті ұмытылып бара жатқан еді. Бірде Қостанайға «Қыз Жібек» фильмінің жаңартылған нұсқасы келді. Ол кезде мен облыстық мәслихатта жұмыс істеймін. Мәдениет басқармасына кіріп, әкемнің өмір тарихын әңгімелеп бердім. Осыдан кейін көпшілік ол кісіні қазақтың аңызға айналған фильмнің түсіріліміне қатысқан адам ретінде кездесулерге шақыра бастады. Әкем Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектакліне арналған сахнаны да безендірді. Ол кісі осы аңызбен ауырды десем болады. Біздің әулетте бұл жырды оқымаған адам жоқ. Бәрімізге де қатты әсер етті. Кітабы әлі күнге дейін үйіміздің төрінде сақтаулы тұр, – дейді Ольга Игошина.
Шебер ең алғаш өзі жасаған алқа, сырға және жүзіктен тұратын зергерлік бұйымдар топтамасын аяулы қызы Ольгаға арнаған. Қызығы сол, зергер ең соңғы туындысын да өзінің қызына сыйлап кеткен.
– Анам зергерлікпен кішкентай кезінен бастап айналысқан. Өйткені ол кісінің туған селосында астық өсе бермейтін. Сондықтан жұрттың бәрі зергерлікті кәсіп еткен. Қыстай үй-ішімізбен зергерлікпен айналысатынбыз деп еске алып отыратын. Негізінен тапсырыс бойынша алқа өруге кәсіптенген. Одан кейін сол селодағы зергерлік зауытқа жұмысқа тұрды. Алматыға көшіп келген соң, анам «Сувенир» фабрикасында цех бастығы болып жұмыс істеді. Алматыдағы өміріміз күні кеше ғана өткендей көз алдымда. Бірде әкем маңызды бір тапсырыс алып, біраз уақыт үйде жұмыс істейтін болды. Сол кезде өмірімде бірінші рет қатты қуандым. Өйткені әке-шешем үнемі жұмыста болды, мен үйде жалғыз қалатынмын. Әкеммен бірге түстену дегеннің үлкен бақыт екенін алғаш рет сол кезде түсіндім. Ол кісінің көмегімен көбейту кестесін жаттадым. Ең бақытты сәттерім еді сол шақтар. Әкем өзі жасаған ең алғашқы зергерлік бұйымды маған сыйлады. Әлі күнге дейін бар. Тау аметистінен жасалған ғажап көзі бар. Әкем ең соңғы зергерлік бұйымын янтарьдан жасады. Оны да маған тарту етті. Менің ең қымбат дүниелерім – осы екі сыйлық. Әкем жасаған дүниелерді Қостанай өңіріндегі қазақ отбасылары көп алатын, – дейді Ольга Леонидовна.
Бүгінде шебер жасаған асыл бұйымдар Қостанайда ғана емес, Ә.Қастеев атындағы бейнелеу өнері музейінде, Қазақстанның мемлекеттік тарихи мұражайында, сондай-ақ Мәскеудегі халық шығармашылығы музейінде де сақтаулы тұр.
Леонид Игошин Алматыдағы Неке сарайын да көркемдеп, әрлеген. Шебердің бұл ғимараттағы жұмысы әлі күнге дейін сақтаулы тұрған көрінеді. Ал Қостанайда өтіп жатқан көрме наурыз айының соңына дейін жалғасады.
Қостанай облысы