Қазақстан • 15 Наурыз, 2023

Қазақтың бренді қайсы?

507 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстанның бренді қандай болу керек? Бұл сұрақ әлмисақтан келе жатпаса да, тәуелсіздік алғалы күн тәртібінен түскен емес. Әлемнің тоғызыншы терри­тория­сын шартарапқа таныту үшін Ұлы даланың болмысын айшықтайтын, қазақ есімімен тығыз байланысты ұғым, қазіргі тілмен айтқанда бренд керек-ақ.

Қазақтың бренді қайсы?

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Жер-жаһанның түкпір-түкпі­ріндегі әр мемлекеттің өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Мәсе­лен, тұман мен жауынды, Шерлок Холмс пен МИ6-ны, екі қабатты автобус пен телефон будкасын айтсаңыз, еске ең әуелі Ұлыбритания еске түседі. Одан қала берді, БигБені мен марқұм патшайымы тағы бар. Мұның бәрі Англияны төрткүл дүниеге паш етеді. Қызғалдақ туралы әңгіме қозғалғанда Нидер­ланд туралы тілге тиек етпеу мүм­кін емес. Сары такси мен Бос­тан­дық ескерткіші АҚШ-тың бренді деуге келеді. Француздар «Мар­сельезасымен» мақтанады. Эйфель мұнарасын көруге туристер мил­лио­н­дап ағылады. Колизей мен гла­диа­торды Италиясыз елестету мүмкін емес. Олимпия ойындары Гре­киядан бастау алғанын, Геракл мен Ахиллестің аталған елдің мифі екенін еңбектеген баладан еңкей­ген қартқа дейінгінің бәрі біледі. Испандар сиеста десе ішер асын жерге қояды. Айта берсеңіз, әр елге тән мұндай ерекшелік бітпейді.

Мұның басты себебі жоғарыда аты аталған мемлекеттер өзінде барды өзгеге жарнамалай білген. Әйтпесе, Англиядан басқа жерде жаңбыр жауып, тұман түспейді дейсіз бе? «Даблдекерлер» Лон­дон­ның көшелерінде ғана жүр­мейді. Мысалды алыстан іздеу­дің қажеті жоқ. Мына тұр­ған Қостанайда екіқабатты авто­бус­тар­дың қызмет етіп жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Нидер­ланд тек қызғалдақ өсіріп, соны­мен ғана күнін көріп отырған жоқ. Гладиаторлар, Геракл мен Ахи­лес секілді батырлар әлем­нің түк­пір-түкпірінен табылады. «Мар­сельезадан» «Менің Қазақ­­станым­ның» қай жері кем? Сәс­ке­нің кезінде көз шырымын алатын жалғыз испандар ғана емес. Ендеше, бренд дегеніміз әр елдің ерекшелігімен қатар, со­ны жарнамалауымен астасып жатса керек.

Құдайға шүкір, Қазақ елі өзі­не ғана тән ерекшеліктен кен­де емес. Халқымыздың қонақ­жай­лығын Ұлы далаға ат басын тіреген талай турист тамсанып айтқанын ұмытқанымыз жоқ. Алтай мен Оралға дейін созыл­ған ұлан-ғайыр атырапта кен орындары тонналап табылады. Тіпті әлемде сирек кездесетін метал­дарға да топырағымыз бай. Мәселен, осмий, рений, гал­­лий секілді жер-жаһанда сирек кездесетін металдарды Құ­дай қазақ жеріне аямай берген. Уран өндіруден де алдыңғы қа­тар­дамыз. Ғарышқа алғаш зымы­ран ұшырған, тұңғыш ғарыш­керді үкілеп аттандырған да қа­зақ даласы. Әлемдегі санаулы ядролық сынақ полигонының бірі болған Семейді қайда қоя­мыз. Өздеріңізге мәлім, 40 жылға созылған сынақ кезін­де 468 атом бомбасы жарыл­ды. Оның жалпы қуаты Хироси­ма мен Нагасакиге тастал­ған бом­бадан бірнеше мың есе көп. Бұдан қала берді, шартарап­тың қайраткерлері «ға­сыр қа­сіре­ті» деп бағалаған, суы тар­тыл­ған Арал теңізі біздің елде орналасқан. Мұның бәрі Қазақ­станды әлемге танытатын бренд атануға лайық-ақ.

чсч

Бірақ, біздің ойымызша, то­ғызыншы территорияны шар­тарап­қа айшықтайтын ерекшелік – жылқы мен алма болуға тиіс. Біріншіден, екеуінің де шыққан жері Ұлы дала екені ғылыми тұрғы­да дәлелденген. Екіншіден, екеуі де қазіргі таңда көпшіліктің наза­рында. Мәселен, атқа міну, жа­рыстыру әлі күнге дейін талай жан­ды қызықтырады. Ал алма – 8 мил­лиард тұрғын сүйіп жейтін жеңсік жеміс.

Атқа міну мәдениеті мен жыл­қы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңі­рін­дегі энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысында жүргізілген қаз­ба жұмыстары жылқының тұң­­ғыш рет қазіргі Қазақстан аума­­ғында қолға үйретілгенін дә­ле­л­деді. Қамбар ата түлегін ең ал­ғаш қолға үйреткендер Ұлы дала аумағын мекендеген жұрт еке­ні археологиялық қазба жұ­мыс­тары кезінде анықталды. «Science» журналына шыққан ака­­де­миялық зерттеуде қолға үй­ре­­­­тіл­ген жылқының сүйектері Бо­­тай қоныстарынан табылғанын мәлім­­де­ген болатын. Алан Оутрам баста­ған ғалымдар аталған мақа­ла­­да Бо­тай мәдениетінің өкіл­дері б.з.б 3500 жыл­дары бие бай­лап, қы­мыз ішіп, жүйрік бап­таға­нын айтады.

Жалпы, жылқы мен қазақ – егіз ұғым. Ата-бабаларымыз үшін мінсе көлік, жесе ас болған. Қа­­за­нат мінген жаужүрек батыр ба­ба­­ларымыз шапқан жауының әзі­рейіліне айналғанын тарихтан жақ­сы білеміз. Қамбар ата түлегін хал­қымыз жаугершіліктен бөлек спорт­тық мақсатта да пай­­далан­ғаны белгілі. Дода­ға түс­кенде қи­қу­лайтын көкпа­рымыз бен бәй­геміздің орны бір төбе. Қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату се­кіл­ді ұлт­тық спорт түрлерін жыл­­қы­­сыз елестету мүмкін емес. «Шоқ­­­пардай кекілі бар, қамыс құ­лақ­­тардың» сынын айту сонау То­лыбай сыншыдан басталып, бүгінге дейін жалғасады.

Ат спорты да қазаққа жат емес. Тарихқа көз жүгіртсек, Жамбыл жерінен шығып, жер-жаһанның төрт бұрышын түгендеген есті арғымақ Абсенттің жеңісті жылнамасы еске түседі. Құланның құ­рым кері он екі жыл бойы қатыс­қан сайыстарында қарсыластары­нан әрдайым бір мысқал артық шыққанын әлі күнге аңыз қылып айтады. Абсент 1958 жылы өткен Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінде ат үйрету шебері Сергей Филатовтың назарына ілініпті. Екі жылдан кейін Филатов тізгінін ұстаған Құлан­ның құлагері Рим (1960) Олим­пиадасында үздік шығып, жеңіс тұғырына көтерілді. Келесі Олим­пия ойындарында Абсент қос қоланы қанағат тұтты. Мехи­ко­да (1968) Абсентке мінген Иван Калита командалық есепте күміс медальға қол жеткізді.

Алманың жайы бөлек әңгіме. Boyce Thompson институтының ғалымдары алманың отаны қазақ даласы екенін мәлімдегенін бір­неше жыл бұрын сүйіншілеген едік. Олардың жүргізген зерт­теуі­не сәйкес Алатаудың бау­райын­­да ғана өсетін Сиверс тұқы­мы шартараптың түкпір-түкпіріне тараған алманың атасы саналады екен. Алма түрлерінің ДНҚ тізбегін зерттеп, олардың шығу тегіне үңілген ғалымдар жеңсік жемістің қазақ топырағынан шық­­қанына көз жеткізіпті. Boyce Thompson инсти­тутының зерт­теушілері алма­ның 117 түріне сараптама жүр­гізіп, соның бәрі Алатаудың баурайында ғана өсетін Сиверс тұқы­мына тиесілі екенін дәлелдеген. Қысқасы, ғылы­ми орта бір ауыздан жылқы мен алманы Қазақ елінен шық­қа­нын дәлелдеп берді. Ендігі міндет – шайнап берген асты жұту ғана.

Өкінішке қарай, бұл тұрғыдан айыптымыз. Жылқы мен алманы брендке айналдыру былай тұрсын, оны кәдеге жаратудың өзінде түрлі қиындыққа тап болып жүргеніміз белгілі. Мысалы, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мә­ліметіне сүйенсек, әлемде 58 миллион жылқы бар көрінеді. Соның 10,6 миллионы АҚШ-қа тиесілі. Қамбар ата тұқымының саны жөнінен екінші орында Мек­сика тұр. Ол жақта 6,4 миллион жылқы бар. Үздік үштікті Бразилия қо­­ры­тындылайды (5,7 миллион). Сондай-ақ Моңғолия да (4,3 мил­­­лион), Қытай да (3,8 миллион) жылқы саны көп мемлекеттер қатарында. Қазақстан содан кейін ғана, алтыншы орында. Ұлт­­тық статистика бюросының мә­ліметіне сүйенсек, 2022 жылғы желтоқсанда елімізде 3,7 мил­лион Қамбар ата тұқымы болған. Әрине, жылқы саны бойынша әлемдегі үздік алтылыққа кіру оңай шаруа емес. Бірақ атты қолға үйреткен мемлекет үшін мұнымен мақтану әбестік болар. Өйткені жылқы өсіремін десеңіз, жер жетеді. Алтайдан Оралға дейінгі атырап бос жатыр. Одан қала берді, басқа жақтан әкелудің, жерсіндірудің қажеті жоқ. Қолға үйретілгелі жылқы малы қазақпен бірге өмір сүріп келеді. Ажырамас бөлігіне айналған.

Енді мына қызыққа зер са­лы­­ңыз. Еліміз жылқыны мил­лион­­дап санаса да, мұхиттың арғы бе­тінен оның етін тасымалдай­ды екен. Мысалы, 2020 жылы Аргентинадан 1686 тонна, Уру­гвайдан 852 тонна ет им­порт­талған. Қамбар ата тұқы­мы жетіп арты­латын Қытай мен Моң­ғолия тұрғанда сонау Латын Аме­рика­сынан жал-жая әкелетін­дей не күн туғанын кім білсін? Әлде қалың орманда жайылып, Ама­зон­кадан су ішкен жылқының қа­зысы бал татыр ма екен? Әй, қайдам!

Алманың жағдайы одан со­рақы. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын әлемде 87 мил­лион тонна алма өндіріледі екен. Со­ның ішінде Қытайдың бәсі жо­ғары. Шығыстағы көршіміз жылына 42 миллион тонна тәтті жемісті жинап алады. Бұдан бөлек, озық бағбандар қатарында АҚШ (5 миллион тонна), Түркия (3,6 мил­лион тонна) секілді мемлекеттердің бағбандары бар. Қазақстанда шамамен 220-260 мың тонна тәтті жеміс өндіріледі. Мәселен, 2021 жылы аталған көрсеткіш 260 мың тоннаға әрең жеткен. Бірақ тұтыну көлемі 350 мың тонна шамасында. Сон­дықтан қалған алманы шетелден тасуға мәжбүрміз.

Қалай дегенмен, Қазақстан жылқы мен алмаға келгенде ұят­тылау болғанымен, оны жарнамалау керек-ақ. Қамбар ата тұқымын ұлықтап, алма өсіруді реттесек, шартарап Қазақ елін ғылыми ор­тада ғана емес, шын мәнінде ал­ма мен жылқының Ота­ны деп атар еді.