Көне тарих беттері туған халқының арман-аңсарына айналған талай-талай даналар мен батырлардың өмірге келіп-кеткенін баяндайды. Перзент парызы – кіндік қаны тамған жері мен туған халқының жарқын болашағы үшін қызмет ету десек, әсіресе, ұлы адамдар ғасырларға еңбек сіңіреді, сөйтіп, олар ғасырлар бойы халқымен бірге жасайды. Өнегелі өмірі келер ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Сондай ұмытылмас ұлық жандардың бірі – Кеңес Одағының Батыры, жазушы-ғалым, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, профессор Мәлік Ғабдуллин болатын. Ол көзі тірісінде-ақ өмірі аңызға, өшпейтін өлмейтін ғибратты ғұмырнамаға айналған жан. 2015 жылы абзал азаматтың туғанына 100 жыл толғалы отыр.
Әр жылы 9 мамырда, Отан соғысындағы жеңіс күні мерекеленетін тұста Қазақ университетіндегі қаһарман ұстазымыз, Мәлік ағай, ол кісінің берген дәрістері, өнегелі істері, ұлағаты еріксіз еске түседі.
Ағай бізге фольклордан сабақ берді. Батыр ұстаздың әрбір оқыған дәрісі бейне бір өмір сабақтарындай аса мазмұнды, өте әсерлі өтетін. Ол кісі ұстаз ретінде де ақылгөй, үлкен әдіскер, тамаша тәрбиеші еді. Оған қоса Мәкеңнің жүргізетін пәні кілең дидактикалық шығармалардан, халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандарынан, студент-жастарға үлгі-өнеге етуге, ақыл-кеңес беруге лайықты танымдық-тәрбиелік мәні зор туындылардан тұратын. Былайша айтқанда, пәннің бүкіл бітім-болмысының өзі де ұстазды сондай игі мақсаттарға жетелейтіндей толған дидактика еді. Бұл тәрбие жұмыстарымен астасып жататын.
Бірде мынадай жағдай болды. 1968 жыл. Бірінші курста оқимыз. Мен ағайдың алғашқы сабақтарының бірінде, түскі 13:15-те басталатын дәріске кешігіп келдім. Сабақ басталып кетіпті. Ұстаздан рұқсат сұрап, аудиторияға кіре беріп-ем:
– Қайда жүрсің? Неге кешігесің? – деп сұрақтың астына алды Мәлік ағай. Басым салбырап үнсіз тұрдым. Аты-жөнімді сұрады.
– Бақтияр Сманов, – дедім.
– Әкең бар ма?
– Бар.
– Қайда тұрады?
– Ауылда.
Туған жерімді, ауылымды айттым.
– Соғыста болған ба?
– Иә... Алдымен Фин соғысында, кейіннен Германиямен соғыста болған. Екі рет аяғынан жараланған, – деп жауап бердім. Мәлік ағай қайыра:
– Әкең қай жылғы? – деді маған жақындап қарап тұрып. Омырауында Кеңес Одағы Батырының Алтын Жұлдыз медалі жарқырап тұр екен.
– 1907 жылғы, – деп жауап бердім қалпыма келіп.
– Е-е, бәсе... Жасы менен үлкен екен... Шалдың баласы екенсің ғой. Жарайды онда. Шалдың баласына ұрыспай-ақ қояйын. Отыра ғой. Ендігәрі кешікпейтін бол, түсіндің бе?!
Мен ұқтым дегендей басымды изедім де, орныма барып отырдым. Ал жауынгер-ұстаз сонау жылдардағы сұрапыл соғыс, майдандас үлкенді-кішілі достары, онда қаза тапқан, Отан үшін жанын қиған ардагер азаматтар есіне түскен болуы керек, ауыр күрсініп, ойланып біраз үнсіз тұрды. Осы күні сол көрініс, әйгілі батырдың, одақтық деңгейдегі академик-ғалымның жылы жүзбен маған еш зілсіз жасаған ескертпесі, сөйтіп, қалған студенттерге көрсеткен ұлағаты, одан үндемей ойланып тұрып қалғаны әлі көз алдымда.
Мәлік аға керемет педагог, шебер дәріскер еді. Ол кісінің «Ақ қасқыр», «Үш ауыз сөз», «Жақсы әйел» атты терең мазмұнды ертегілері, жаңылтпаштары, жұмбақтары, шешендік өнер, жыр-дастандар, Асан Қайғы, Жиренше шешен, Алдар көсе, Қожанасыр туралы әңгімелері өте қызықты болатын. Шәкірттерін жақын тартып, өзіндей көретін. Әдемі әзілі, қазақи қағытпа қалжыңдары, ұтымды юморы қатар жүретін. Онда да ол өз орнымен, ретімен шебер айтылатын.
Сабақ үстінде Мәлік ағай шәкірттерін жалықтырып алмайын деген оймен, олардың көңілдерін бір ауық сергітіп алу үшін өз басынан өткен кейбір естен кетпес жайттарды, сұрапыл соғыс кезіндегі әсерлі оқиғаларды, майдан хикаяларын араластырып қоятын. Және ол әңгімелерінің тақырыптары да бірін бірі еш қайталамай, әр алуан нұсқада, тәлім-тәрбиелік мақсатта айтылатын.
Қаһарман-ұстаз ана тілі мен әдебиетіміздің, ұлттық мәдениетіміз бен халықтық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің шынайы жанашыры ретінде бұл мәселелерге ерекше мән беретін. Оған күнделікті өмір тәжірибесінде де, сабақ барысында да назар аударып отыратын.
Бір күні, тағы да сол 1968 жылдың күзінде, Қазан төңкерісінің мерекесін пайдаланып, бір қызымыз Гурьевке (қазіргі Атырау) ауылына барып қайтты. Ол өзі қос бұрымы тілерсегіне дейін төгілген, кез келген бозбала-жігіттердің көңілін аударғандай әдемі қыз болатын.
Батыр-ұстаздың қазақтың халық ауыз әдебиетінен кезекті сабағы басталды. Әлгі қызымыз ауылға барып қайтқан соң, ұзын бұрымын қиып, қою қара шашын алдына жайып тастап, өзінің екінші қатардағы әдеттегі орнына жайғасқан екен. Бұл бірінші дәріс еді. Ұстаз жайлап аудиторияны шолып өтті де, жаңағы қыздың атын атап, орнынан тұрғызды.
– Қарағым, халің қалай? Мерекеге ауылыңа барып қайттың ба?
– Иә, ағай, – деді ол басын төмен салып, ойында ештеңе жоқ. Алдына жайылған қою қара шашы оның ақ жүзінің жартысын жауып тұрды.
– Әке-шешең аман ба?
– Аман.
– Бәрі дұрыс па? Ауылда ... қалай?
– Жақсы, ағай, бәрі дұрыс, – деді ол Мәлік ағайдың не айтқысы келетініне мән бермей.
Сонда ұстаз бәрімізге қарата былай деп сөз бастады:
– Онда, айналайындар, былай... Біздің халықта «қара жамылған» деген сөз бар. Мұны қаралы үйдің, қазалы отбасының қыздарына, әйелдеріне байланысты айтады. Олар шаштарын осылайша жайып тастап қара жамылатын. Бұл қаралы үй, қайғылы отбасы деген мағынаны білдіреді. Егер, қарағым, ауылыңда бәрі дұрыс болса, онда анау әдемі шашыңды алдыңа жайып тастамай, жиып жүргенің мақұл. Жарай ма? Болмаса жұрт басқаша ойлап қалады. Сырт адамға бұл өзіңе жамандық шақырған секілді әсер етеді.., – деді.
Осы ескертуден кейін әлгі қызымыз дұрыс қорытынды шығарып, жинақы жүретін болды. Бұл әңгіме басқа студенттерге де үлкен сабақ болды.
Жалпы, ұстазымыз сабақ үстінде ана тақырыбындағы туындыларға тоқталғанда немесе қыздар тәрбиесі жөнінде сөз қозғағанда аса бір ерекше жылылықпен, алабөтен сыршыл сезіммен, ет-жүрегі елжірей әңгімелейтін. Мұндайда батырдың анасы есіне түсетін шығар деп ойлайтынбыз.
Халқымызда: «Алып – анадан туады» деген қасиетті сөз бар. Осы сөздің түп-төркініне бойласаңыз, талай-талай ойлардың жетегіне ерер едіңіз. Әрине, тоғыз ай, тоғыз күн құрсақта көтерген ғазиз жан, абзал ананың ақ сүтімен көптеген жақсы қасиет даритыны баршаға белгілі. Тіпті, Мәлік ағаның ана жайлы жазылған естеліктеріне қарап отырып, оның ұзын бойлы, аққұба өңді, келіскен келбетінен анасына айнымай тартқанын байқағандай боласыз. Жүрегінің түгі бар сонша батыр бола тұра, аса сезімталдығына қарап отырып, оның тәрбиесінде анасының орны ерекше болғандығын да аңғарамыз. Өйткені, бала тәрбиесінде әкенің қатқылдау, нағыз ер-азаматқа тән қолтаңбасы басымдау болса, ал әйел тәрбиелеген баланың бойында көбіне нәзік сезімнің көріністері көптеп сезілетіні белгілі. Оның мінезіндегі аса жұмсақтығы, әсершілдігі әже тәрбиесінің, ана әлдиінің әсері екенін аңғару қиын емес.
«Адамды сүю – ананы сүю» сынды сыршыл сезімнен бастау алатын аяулы анасына деген сүйіспеншілік болашақ батыр Мәлікті отаншылдыққа баулығаны сөзсіз. Ол барлық бақыты мен қуанышына шын ортақтасатын, қандай да бір шыққан шыңын еш қызғанбай, тайталаспай мәртебе көретін жалғыз жан – ана екенін жақсы білді. Оның бітім-болмысынан тарихта өткен барлық белгілі тұлғалардың өміріндегі секілді Ана мен Бала махаббатына тән шынайы сыйластық пен қимастықтың белгісін сезгендей боламыз. Әсіресе, ұлының өскен кездегі қызығын анасының көрмегендігіне біз де өкініш білдіреміз.
Осы тұста Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың анасы Әлжан апамыз туралы телеарнадан берген терең тебіренісін еске алмай кетуге болмас. «Мен Қарағандыдан Алматыға ұшып келгенде, анам ауырып төсек тартып жатып қалған екен. Төрде темір кереуетте жатқан анама: «Апа, мен Мәскеуге ұшып барамын. Осы жолы Алматыға, өзіңіз өмірбақи аңсағандай қасыңызға келем. Содан соң ешқайда кетпеймін, жаныңызда болам, емдетем. Ауырмаңыз, күтіңіз», – дедім. Анам қатты қуанып қалды. Екі аяғы ісіп кеткен екен, кетерде мені орнынан тұрып есікке дейін шығарып салды...
Сол бойда Мәскеуге ұшып келдім. Келген бойда алдын ала броньдалып қойған қонақүйге түстім. Маған мұнда бөлменің кілтімен қоса телеграмма ұстатты. Онда: «Анаң қайтыс болды...» деп жазылыпты. Сол сәтте мен үшін дүние төңкеріліп жүре бергендей болды, өмірдің түк мән-мағынасы қалмағандай есеңгіреп қалдым. Осының бәрі не үшін, кім үшін?! Анам үшін деп, анам қуансын деп қол жеткізген барлық табыстарымның құны көк тиын болды... Тап сол кезде мен патша болайын, пақыр болайын, шынымды айтайын, мен үшін бәрібір еді. Тіпті... барғанша Горбачев қалай қабылдар екен деп жүрексініп барғанымды да естен шығардым... Мен ештеңе сезбейтін, ешкімнен қорықпайтын белгісіз күйге түстім...
Өмірде сені шын түсінетін жалғыз жан – ол анаң ғана. Кей жағдайда тіпті, отбасыңда да сені түсінбей жататын жағдайлар болып тұрады...» деген сөзін естігенде бәріміздің көңіліміз босап, көзімізге еріксіз жас үйірілген еді...
Осы секілді Мәлік ағай да анасын ерекше мейірлене, аялай, еркелей отырып, «Әя» деп иемденеді, еміренеді, тебіренеді. Оны 1943 жылғы 8 мамырдағы майданнан жазған бір хатында байқатады:
«Біреу енесін, біреу анасын жақсы көреді ғой. Не әкеңе, не анаңа балалық мейірімің, махаббатың түсіп тұрады. Шынын айтайын, мен анамды жақсы көрем. Анамды ойлағанда екі көзімнен жас мөлтілдейді...
Шіркін, ананың алар орны да, жолы да бөлек қой. Анасына құрмет көрсетпеген бала – адам емес. Мен анамды қанша жақсы көрсем де, оған құрмет көрсетіп, қызмет ете алмағаныма өкінемін, өзімді өзім кінәлаймын. Неге?
Менің анам Әлия деген кісі еді. Ұзын бойлы, әдемі, ақсұр адам еді. Одан жеті ұл, үш қыз тудық. Мен олардың ішіндегі екінші ересегі болатынмын.
Анам ауырып өліп кетті. Мен анамның алдында екі үлкен нәрсеге борыштармын. Ол борыштарымды өтей алмағаныма армандамын.
Оның біріншісі мынау. 1929 жылдың тамыз айы. Біздің ауыл жазғы жайлауы Қоскөлден көшіп, қыстауға жақын Көкше деген жерге келіп қонды. Бір күні түс ауа қатты дауыл болды, көп үйлер, соның ішінде біздің үй де жығылды. Дауылдың желіне қосыла жылаған дауыстар шығып жатты. Менің анам да жылап отыр екен. Мен оның қасына келіп жұбата бастадым:
– Әя, сен неге жылайсың? Жылама! Мен тірі болсам, төрт түлігің түгел болады. Жығылған біздің үй ғана емес қой, –дедім.
Әям көз жасын сүртті де:
– Ой, құлыным, ақылыңнан айналайын! –деп мені құшақтап, бетімнен сүйіп, бауырына басты.
Қыркүйек айы болатын. Мен Көкшетау қаласына оқуға бардым. Қысы-жазы қалада оқумен болдым. Содан 1931 жылы көктем уағында Алматыға ауыл шаруашылығы институтының рабфагына оқуға жүріп кеттім. Оқуға кетерімде ауылдан әкем ғана келді. Ал, анаммен сол жолы көрісіп-амандаса алмай кеткен едім...
Екінші. Алматыда оқып жүрген кезім. 1932 жылдың мамыр айында үйден хат алдым. Онда Әямнің ауырып қайтыс болғанын хабарлапты. Осы хабар менің жас жүрегіме жалын салғандай болды. Мен күнде жылаумен жүдеп жүрдім. Анамды өз қолыммен көме алмадым... Міне, досым, менің анама борыштымын дейтінім осы. Анам марқұм маған өкпелеп кетті ме – ол арасын айта алмаймын. Анамды есіме алсам, осы күнде де жылағым келеді. Анаға берген сөзімді орындай алмадым, ол менің қызығымды көре алмай кетті. Кейде: «Әя, алдыңда борышым көп еді, өзің барда оларды өтей алмадым, кешірім ет...», деп қоямын іштей күбірлеп...».
Бұл жолдарды жаның толқымай, жүрегің «тебіренбей» оқу мүмкін емес. Иә, әрбір адамның, оның ішінде ер-азаматтың бәріне ауыр жан жарасы – перзент ретінде туған анаға бір уыс топырақ сала алмау. Ал ұл баланы мұсылман не үшін Алладан жалбарынып тілейтіні, артында қалып, бір уыс топырағы бұйырса дейтіні бекер емес.
Тіршілік жағдайымен қарбаласта қапияда анасынан айырылып қалған аса сезімтал жүректің түкпіріндегі өшірілмей қалған өкініш табы өзектеніп, тамырланып өзімен бірге о дүниеге кететінін екінің бірі ұғына бермес... Бір кем дүние деген сол...
Кез келген тірі пенде ана алдындағы парызы мен қарызын ойлап, дәл осылай «жүрекке жүк» арта алар ма еді?! «Жүрекке сызат» түсірген, санаға салмақ салған дәл осындай Анаға деген ұлы махаббатты кез келген перзент сезіне алар ма?! Әй, қайдам...
Бұл – тек Мәлік аға секілді ерекше тұлғалар ғана түйсінуге жазған тағдырдың ащы тартуы, сирек сезімі секілді.
Ағай өте мәдениетті, кішіпейіл, қарапайым еді. Студенттерімен сөйлес-кенде баласы қатарлы болсақ та, бізге Бақаң, Бөке (Болатжан Абыл-қасымов), Омеке (Омархан Құлахметов), Тәке (Тәңірберген Аймұратов), Мұха (Мұхтар Пернеқұлов), курс старостасы Мәкен Әлібаевты кейде «болыс-бөлкей», «ауылнай» деп ерекше ілтипатпен, көтермелеп сөйлейтін. Онысы тағы өзіне жарасып та тұратын.
Ұстаз студенттердің сабаққа қатысуын түгендегенде олардың аты-жөнін журнал бойынша атап, уақыт оздырып жатпай:
– Ал, ауылнай, айтшы, мал-жаның аман ба? Өрістен кетіп ит-құсқа жем болғандары, аяғына жем түсіп жатар тұрағына жете алмай қалғандары, бұта арасында қалып қойғандары жоқ па, ішінде? – деп шәкірттердің сабаққа қатысуын ұлттық үлгімен, халықтық нақышпен, қазақи салтпен тұтас бір-ақ түгендейтін. Сөйтіп, курс жетекшісіне де сенім артатын.
Және бірде ағай жастық шақ, бозбала кезең, жігіттік дәурен туралы балалардың сұрағына орай әңгіме айтып тұрып: «...Ой, айналайындар, ағаларың да сендер секілді жас болған, сендердің жастарыңда ғашық боп көрген... Енді ол заман келмеске кеткен. Кезінде «күндіз ойдан кетпейді, түнде – түстен», деп талай қызбен қымыз ішкен» 25 бізден де қалды ғой... Несін айтасыңдар...», – деп ойға кететін.
Бірде:
– Жүректі емдейтін кардиолог дейтін дәрігердің түрі бар. Менің сондай дәрігерім маған «қызықты әңгіме, әзіл-қалжың айтып, көңілді жүріңіз. Сонда сіздің жүрегіңізге аса көп салмақ түспейді. Қан қысымыңыз да көтеріліп, көп мазаңызды алмайды» дейді. Дұрыс сөз екен... Оны мен де байқап жүрмін... Содан ғой, атам қазақтың: «Күлкі – денсаулықтың мүлкі» дейтіні. Сондықтан, сендер, менің кейде айтатын қалжыңдарымды көңілдеріңе алмаңдар, түсіністікпен қабылдаңдар.., – деп ағынан жарылды даңқты батыр.
Қандай сыпайылық десеңізші! Біз болсақ, кардиолог түгілі жүректің қай жақта екеніне мән бере бермейтін кезіміз. Осы әңгімеден Екінші дүниежүзілік соғыстың әйгілі қаһарманы, баһадүр ұстазымыздың үлкен жүрегі оны жиі мазалайтынын аңғардық. Кейін жүрек ауруының қандай болатынын, қан қысымының көтерілуінің не нәрсе екенін өз басымызға түскенде ғана барып білдік қой.
Сол кезде Мәлік ағаның жасы небәрі 53-те ғана екен жарықтық. Ал бізге, әрине, аса үлкен көрінетін. Оның әкеміздей қамқорлық таныта «айналайындар», «қарақтарым» деген жан жылытар жақсы сөздеріне қарап біз шынында да ересек-егде кісі екен деп ойлайтынбыз.
Кейде ағай сабақтан соң кешке қарай бізбен бірге жатақханамызға барып Мұхтар, Мәкен секілді курстың атақты «гроссмейстерлерімен» шахмат ойнайтын. Арасында бөлмедегі студенттердің кереуетіне керіліп жатып:
– Ой-хой, шіркін, бойдақтардың төсегі қандай рахат! Қиялыңа қанат бітіреді ғой, – деп қоятын.
Өз басым ол кісінің менімен аттас Бақтияр Меңдіғазин деген ержүрек май-дандас досы болғанын, оның бір қырғын ұрыста ерлікпен қаза тапқанын, соғысқа дейін ол «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде, Жазушылар одағы мен Көркем әдебиет баспасында қызмет еткенін, Мәкең досы туралы, оның қаһармандық істері жөнінде баяндайтын «Өзіміздің Бақаң ғой» атты әңгіме жазғанын, сол шығармасын оқығанда бір-ақ білдім. Мәлік ағайдың маған жиі қалжыңдайтынының себеп-мәнісі мен баяғы сабаққа кешіккенімдегі ағай сұрағанда атымды айтқан кезде ол кісінің үнсіз тұрып қалғанының да терең сыры сонда – шынайы достық сағынышта жатыр екен-ау деп ойладым.
Әңгімесінде: «...Бақтияр өте турашыл, әділ адам еді. Алдау, өтірік айту сияқты жаман қылықтарға жаны қас болатын. Біреудің терістігін көрсе, соған күйіп кететін және оны бақырайтып отырып бетке айтатын. Ол мақтану дегенді, біреудің табысына ортақтаса кетуді мейлінше жек көретін.
Ол – интернационалист еді. Өзімен бірге жүрген жігіттерді ұлтқа бөлмей, бір семьяның мүшесі деп қарайтын.
Бақтияр білімі көп адам еді. Ол, әсіресе, әдебиет тарихын жақсы білетін. Қорғаныс шебінде жатқан жігіттерге өзінің әдеби кітаптардан оқып, есіне сақтаған нелер қызық әңгімелерді айтып беретін. Бұларды ол орыс, қазақ тілдерінде бірдей әңгімелейтін.
Жоғарыда айтылғандардың бәрі Бақтиярдың бойына біткен жақсы қасиет-тер еді. Сондықтан оны үлкен де, кіші де, командирлер мен қатардағы жауынгерлер де қатты құрметтеп отыратын. Оны олар басқаша емес, «өзіміздің Бақаң» деп атайтын. Жауынгерлердің Бақтиярға деген сүйіспеншілігі де, құрметі мен сыйлауы да «өзіміздің Бақаң» деген осы бір сөзінен сезіліп тұратын...
Бақтияр майданнан елге қайтпаса да, ерлігімен өзіне ескерткіш орнатқан адам. Біз оның Отан үшін жасаған бұл ерліктерін әр уақытта еске алып, ерлік иесіне мәңгі бас иеміз», – деп жазыпты жазушы-жауынгер Мәкең досы туралы. Қайран Мәлік ағай! Өзі айтқандай, жүректің ауруынан біз университет бітіретін 1973 жылғы 2 қаңтарда, 58 жасында өмірден өтті. Атақты батырдың алып жүрегі оны тал түс – алпысқа да жеткізбеді.
Міне, ол кісінің қайтыс болғанына да 40 жылдан асып қалыпты. Келесі жылы асыл ағамыздың 100 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Оған біз қызмет ететін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де дайындық жасап жатыр. Мұнда Мәкең он екі жылдан астам уақыт ректорлық қызмет атқарған. Ол кісінің есімін есте қалдыру мақсатында оқу орнындағы «Тұлғатану» орталығына Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллиннің атын беру жөнінде Үлкен ғылыми кеңестің арнайы шешімі шығарылды. Қазіргі күнде орталық талай-талай игілікті істерді, мәдени-рухани шараларды атқарып жүр. Мерейтойға әзірлік үстінде батыр-жазушы, ғалым-ұстаздың өмірі мен шығармашылығы жөнінде «Мәлік Ғабдуллин мұралары» атты екі томдық еңбектің бірінші томы таяу күндерде баспадан шықпақ. Екінші томы келесі жылы мерейтой қарсаңында жарық көреді. Жалпы, қайраткер-ғалымның 100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтсе де артықтық етпес еді деп ойлаймыз.
Бақтияр СМАНОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
Алматы.