ЕЛ БАҒЫНА ТУҒАН, ЕЛДІК ЖОЛЫН ҚУҒАН
Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев мемлекеттің болашағы жастарға тікелей байланысты екендігін және оларға заман талабына сай терең білім беру мен тәрбиелеуді әр уақытта айтып та, оны қадағалап та келеді. Мұны Елбасының әр жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауынан, Қазақстанның әр аймағына сапар кезінде жастармен кездесулерінен көріп жүрміз. Осы тапсырмаларға сәйкес тиісті ұйымдар жастарды мемлекеттік істерге баулуда, үйретуде және тиісті тәрбиелік шаралар жүргізуде. 2010 жылдың қыркүйек айының 28-і күні Оңтүстік өңіріне сапары кезінде Елбасы жастарға көңіл бөлуді жаңаша тұрғыдан көрсетті, жастармен бұл жолғы кездесуін жаңа пішінде өткізді және бұл іс-шара жұрттарға жаңа ой салды деп ойлаймын. Шымкент қаласындағы «Неке сарайын» ашып, жаңадан отау тіккен жеті жас отбасының некелерін қиып, өз батасын бергендігін көрдік. Елбасының бұл іс-шараға қатысуының ар жағында «мемлекеттің негізі – отбасы, отбасының беріктігі – мемлекет беріктілігінің негізі, олай болса, жас отаудың құрылуы мемлекеттік маңызы бар іс-шара қатарына жатады, оған барлығымыз атсалысуға тиістіміз» деген ой жатқандай болып көрінді маған және бұл іс-шара арқылы жергілікті басшыларға, ел азаматтарына үлгі көрсетті деп ойлаймын. Қазақстанда әр күні жүздеген жас отау құрылып жататыны белгілі, менің ойымша, олардың кейінгі жағдайы қалай деген мәселе кей кездері күн тәртібінен шет қалатын секілді. Сирек те болса, кейде БАҚ беттерінде бұл мәселе көтеріледі, содан байқағаным, жаңадан отау тіккен отбасылардың 35-40 пайызы ажырасып кетеді екен. Қазақ халқында жас отаудың құрылған күнінен бастап, алғашқы 2-3 жыл бойы оларға ақыл-кеңес, қиналған кезде қолұшын беретін дәстүр бар. Оған ауылдың немесе сол елдің беделді, өмірлік тәжірибесі мол адамдары сайланады. Бұл дәстүр осы кезге дейін Жамбыл, Алматы облыстарында кездеседі, бірақ Оңтүстікте онша таралмаған немесе жоқтың қасы. Қазақтың осы жақсы дәстүрін қайта қолға алып, оны жандандыру қажет-ақ, өйткені, жаңадан құрылған отбасылардың ажырасып кетуі көбейіп барады, оны азайтудың бір жолы ретінде Ұлттық тұрпаттағы жаңа іс-шараларды қолға алған абзал екені ақиқат. Мұндай іс-шараның үлгісі ретінде Елбасының Шымкент қаласындағы «Неке сарайын» ашу кезінде жастарға ақыл-кеңес беріп, соңынан олармен бірге суретке түскендігін алуға болады. Менің мұндай тұжырым жасауыма жоғарыда аталған іс-шара кезінде Елбасының жас отау иелерімен бірге түскен суретінің құдіретін көргенім себеп болып отыр. Қалалық әкімдік Елбасымен түскен суретті балам мен келініме беріпті. Мен суретті көріп тұрып оларға: «Сендер өте бақытты жан екенсіңдер, Елбасымен қатар тұрып, бірге суретке түсу үлкен мәртебе, бұл сурет сендер үшін алғашқы мемлекеттік награда болып табылады, сондықтан суретті үйдің төріне, барлық келген қонақтарға көрінетін жерге іліңдер», дедім. Әлі өмірдің қиындығын бастарынан өткізбеген, оның үстіне жас отбасы болған соң, кейде ерлі-зайыптылар арасында келіспеушілік болып тұрады, егер оны дер кезінде басып, ақыл-кеңес беріп тоқтатпаса, арты ушығып, ажырасуға дейін барады, мұндай жағдай өмірде көп. Осындай «дағдарыс» кезінде жас отбасына ақыл-кеңес беріп, басу айтатын азамат немесе жастарға тоқтау жасайтындай бір фактор қажет-ақ. Үйленген соң 2 жыл өткенде, балам мен келінім арасында кикілжің басталды, алғашқыда мен араласпадым, кейін қарасам, арты ушығатын түрі бар, амал жоқ араласуға тура келді. «Неке сарайын» ашқанда Елбасының жастармен түскен суретінің үлкен құдіретін сонда көрдім. Менің бар айтқаным: «Балаларым, сендердің некелеріңді Елбасы қиып, ақ батасын берген еді, сендердің үйленгендеріңе бүкіл Қазақстан халқы куә болды, сендермен түскен Елбасының мына суреті соның айғағы емес пе, ертең ажырасып кетсеңдер Елбасына не дейміз, елге-жұртқа қалай қараймыз», дедім. Содан қабырғада ілулі тұрған суретті алып, жандарына бардым да, суреттегі Елбасынан және бір-біріңнен кешірім сұраңдар дедім. Екеуі қатар тұрып, суреттегі Елбасынан кешірім сұрады, байқағаным, шын көңілмен айтылды. Содан бері біраз уақыт өтті, қазір екеуі тату-тәтті өмір сүріп жатыр, оның үстіне ұл балалы болды. Қазақ халқы ырымшыл келетінін білеміз, егер келін ұл тапса атын Елбасының құрметіне Нұрсұлтан деп қояйық деп шештім, бірақ қыз балам бұрын босанып, ұл тауып, атын Нұрсұлтан деп қойыпты. Енді өз немереме қандай ат қойсақ деген ой біраз мазалады, сонымен немерелі болдық, атын «Елбасы-Нұрсұлтан» деген сөздерінің басқы әріптерінен құрап «Елнұр» деп қойдық. Елбасының өзі бас болып, жас отау иелеріне батасын беріп, олармен бірге түскен суретінің құдіретін көрген соң маған мынадай ой келді. Егер жер-жердегі облыс, аудан немесе қала әкімдері жылына бір-екі рет жастардың некелерін қиып, бірге суретке түссе және 2-3 жыл бойы олардың тағдырларына араласып, өз ақыл-кеңестерін беріп отырса, онда жаңадан құрылған отбасылардың ажырасуы кемитіні анық. Бұл іске жер-жердегі белгілі азаматтар, ел ақсақалдары атсалысса да нұр үстіне нұр болмақ. Оңың үстіне Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті», деп атап көрсетті. Бұл тұжырымды жастардың ата-аналары мен оларды тәрбиелеумен айналысатын қоғамдық ұйымдарға бағыт пен бағдар беретін қағида деп түсіну керек. Елбасының әр айтқанын бүкіл Қазақстан халқы, облыс, аудан, қала басшылары әр уақытта тапсырма деп түсінеді және оны орындайды. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан мемлекеті мен халқын бүкіл әлемге танытты, оны шикізатты өндірушіден индустриялық елге айналдырды, осыдан 80 жыл бұрын тарыдай шашырап кеткен қазақтарды өз еліне қайтарып, басын біріктірді, Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың ауызбіршілігін қамтамасыз етті, халықтың әлеуметтік жағдайын жоғарылатуда. Бұл аз жұмыс емес, біз Елбасының осы бағыттағы істерін аяғына дейін жеткізуіне тілектеспіз және осы шаруаларды іске асыруда Қазақстанның барлық халқы Елбасына қолдау көрсетеді деп сенемін. Құдайым Елбасына зор денсаулық пен таусылмас қайрат-қажыр берсін! Үсен БАЙЗАҚ, педагогика ғылымдарының докторы, Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі. ШЫМКЕНТ.Бұл – ұлттық біртұтастану үдерісіне нақты қадам
Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы. Қазіргі Қазақстанның барша жетістіктері оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі-сыртқы салиқалы саясатының нәтижесі десек, Арқа төсінде жаңа Астананың бой көтеруі және шет елдердегі этностық қазақтардың Отанға оралуы – Елбасының көрегендігінің әрі туған халқына мейірбан қамқорлығының көрінісі деп білеміз. Елбасының тікелей бастамасымен дүниеге келген елорда тәуелсіз елдің жаңа тарихи дамуының һәм салтанат құруының символы болып табылады. Тарихи даму деген абстрактылы ұғым емес, оның нақты формациясы мен мазмұны бар. Соның бір мысалы ретінде еліміздегі «оралман» ұғымын айтуға болады. Ол – Қазақстанның тәуелсіздігімен біте қайнасып, бірге пайда болған заңды құбылыс. Қазақ халқының құрамдас бөліктерінің үштен бірі көршілес ұлы елдердің аумақтарында үлкен арнадан ажырап қалуы және әлемнің көптеген елдеріне тарыдай шашырап кетуі кезіндегі саяси және әлеуметтік себептердің салдары еді. Сондықтан, олардың тарихи Отаны – тәуелсіз Қазақстанға қайта оралуы заңдылық. Алайда, белгілі бір заңдылықты саналы түрде қабылдау кез келген Мемлекет басшысының қолынан келе бермейді. Міне, осы тұрғыдан айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігінің алғашқы жылынан бастап ұстанған шет елдердегі этностық қазақтарды қабылдау саясатының көрегендікпен жасалғанын, оның стратегиялық маңызының зор екендігін күн өткен сайын терең түсініп келеміз. Кейде Мемлекет басшысының өз заманынан озық тұрған саясатын жол басында емес, соның көрінген нәтижесінен түсініп жататынымыз бар. Тарихта ұлы саясаткерлердің кемеңгерлігі осындай олжалы нақтылықпен айқындалып отырған. Ал Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап қолға алған оралмандар саясаты мен жаңа астана салу бастамасының нәтижесі мен терең маңызын шынайы өмірдің өзі айшықтап көрсетіп отырған жоқ па?! Қазіргі таңда Астана тек Қазақстан ауқымындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдениет, қаржы, білім-ғылымның орталығы ғана емес, әлемдік сипаттағы өткір мәселелерді талқылайтын, өзара түсіністік пен келісімге, бейбітшілікке дәнекер мәшһүр қалаға айналды. Осының өзінен-ақ ұлттық қасиетімізді әлем елдері, дүйім дүние халықтары аңғара бастады. Мұның саяси-мәдени мәні өте терең деп білемін. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған кезде төрткүл дүниедегі қазақтардың шаттығында шек болған жоқ. Олар енді ұлтымыздың бірегейленіп дамитын дәуірі келді деп қуанды. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз сенді және зор үміт артты. Әлем қазақтарының бұл сенімі ақталды, Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап, отаршылық заманда «отырған жерімен бірге» өзге елге бодан болған немесе отбасы ойрандалып, жат елге жан сауғалап кеткен халықтың басын қосып, ұлтты қайта біртұтас етіп ұйытып ұйыстыру үдерісін бастады. Нәтижесінде 2010 жылға дейін көптеген қандасымыз атамекенге атбасын бұрып, байтақ елдің тұрғындарын үстеді. Бұл, біле білсек, баға жетпес байлық. Өйткені, ол Отанға қосылған адам ресурстары ғана емес, сонымен қатар, елімізге құйылып жатқан мәдени, рухани, ғылыми-техникалық және экономикалық байлық бұлақтары болып табылады. Оралмандармен бірге елге қазақтың байырғыдан бергі ақыл-парасат, білім-біліктілік пен күш-қуат сынды ресурстарымен қоса, өздері өмір сүрген елдердің кейбір озық мәдениеті мен жаңа технологиясы да келді. Сөйтіп, солар арқылы да ұлттық мәдениетіміздің көкжиегі кеңейіп, деңгейі көтеріле түсті. Бұлай дейтініміз, қазіргі таңда оралмандар отандық шағын және орта бизнес, сауда мен қаржы, ғылым мен білім, денсаулық сақтау мен спорт, әдебиет пен көркемөнер, дәстүрлі қолөнер мен заманауи техниканы игеру һәм қолдану салаларында, аграрлық секторларда нақты ілкімді нәтижелерді паш етуде. Елбасының оралмандар орайындағы саясатының әлемдік маңызы да айрықша зор. Өйткені, қазақ – тарихта еврейлерден кейінгі ең көп қуғын-сүргінге ұшырап, қағажу көрген халық. Ең өзекті өртеп налытатыны сол, қазақтар өзінің туған Отанында отырып-ақ қуғынға түсіп, қырғынға ұшырады. Алты жылға созылған Екінші дүниежүзілік соғыста 3 миллион еврей қырғынға ұшыраса, қазақ бейбіт жағдайда (1929-1932 ж.ж.) 3 миллион адамынан айырылған-ды. Сондықтан, еврейлер сияқты, жат жұртта жүрген қазақтардың да тарихи Отанына оралуына қашанда моральдық және халықаралық құқықтық тұрғыдан хақысы бар-ды. Осыны ескерген Елбасы өз халқымыздың тарихы мен болашағына бейжай қарай алмайтынын айғақтап, оралмандар саясатын қолдау арқылы Қазақстанды да Израиль мен Германия деңгейінде әлемге танытты. Сондықтан да әлемнің әр елінде өмір сүріп жатқан этностық қазақтар Нұрсұлтан Әбішұлын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ғана емес, сонымен қатар, дүние жүзі қазақтарының ту ұстаған көсемі деп санайды. Олар тәуелсіз Қазақстанды және оның тұңғыш Президенті – Елбасын мақтан тұтады. Сондай-ақ, өздерінің ұлттық болашағын тәуелсіз Қазақстанмен және Елбасының салиқалы саясатымен тығыз байланыстырады. Өйткені, қазіргідей жаһандану үдерісінде, оның үстіне халықаралық озбырлық белең алып бара жатқан жағдайда ұлттық болмысты сақтау мен тәуелсіздікті нығайту мұраты тек әлемдегі этностық қазақтар Қазақстанға шоғырланып, ұлттық біртұтастануды жүзеге асырғанда ғана толыққанды жүзеге аспақ. Мұны жалпыұлттық қорғану мен дамудың кепілі деуге де болады. Елбасының әуел бастағы идеясы да осы ғой деп ойлаймын. Бұл – идея ғана емес, қоғамдық тәжірибеде қолданысқа енген, нәтижесі қомақты сарабдал саясат. Шын мәнінде тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап Елбасының оралмандар орайындағы саясатын жүзеге асыратын әртүрлі деңгейдегі атқарушы мекемелер құрылып, көптеген үкімет қаулылары, заң-ережелер және жоспарлар қабылданып жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 2010 жылға дейін төрткүл дүниеден көптеген этностық қазақтар Отанына оралды емес пе?! Төртеу түгел болып, төбедегінің келгені осы. Қазақстандағы көші-қонның жиырма жылдық тәжірибесі мен қазіргі сұранысына орай қабылданған «Көші-қон туралы» Заң Елбасының қол қоюымен 2011 жылы 22 шілде күні жарияланып, қолданысқа енген-ді. Өкінішке қарай, өткен жылы ел Үкіметі асығыс дайындаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, шетелдердегі этностық қазақтардың Отанға оралуына кейбір кедергілер қойылған еді. Бұл да Елбасының нұсқауымен ағымдағы жылы қайта реттелетін болып отыр. Өйткені, жат жұртта жүрген барша қандас бауырлардың тарихи Отаны – Қазақстанға еш кедергісіз көшіп келіп, өздерінің ақыл-парасаты мен күш-қайратын нағыз өз елінің өркендеуіне жұмсасам деген арман-тілегін Елбасы жақсы түсінеді. Ал әлемдегі этностық қазақтар өздерін қазақ ұлтының құрамдас бөлігіміз, Қазақстан – жалпы қазақ халқының қара шаңырағы немесе бірден-бір тәуелсіз мемлекеті деген таныммен өздерін Қазақстанға және Елбасына борышты санайды. Мұндай біртұтастық идеясы бұрын-соңды қазақта болған емес. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Елбасының оралмандар тұрғысындағы саясатын желбірете биік ұстап, сондай-ақ, оны дәйекті түрде жалғастыруға, дамытуға және жоғары сапаға көтеруге тиіспіз. Сонда ғана Қазақстанның болашақ дамуы мен тәуелсіздік қауіпсіздігін ойдағыдай қамтамасыз етуге болады. Елбасының салиқалы көші-қон саясаты ойдағыдай жалғасқанда ғана ұлттық біртұтастану үдерісі өз жалғасын таппақ. Бұл жай да, сайып келгенде, өз халқының көреген қамқорының ұлт алдындағы ең зор еңбектерінің бірі болып бедерленіп, тарихтың тау шежіресінде жоталана бермек. АЛМАТЫ.Өнегелі өмір жолы
Тарих тек кешегі күн ғана емес. Ол бүгіннен басталады. Сондықтан осы күнгі өміріміздегі әрбір сәтті, болған оқиғаны, жасалған жұмысты өңін айналдырмай, артық бояу қоспай жазып отыру абзал. Сонымен қатар, жекелеген тұлғалардың өмірі топтасып та тарихты құрайды деген ойдамыз. Қалайша? Мысалы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірлік жолы Қазақстанның айнымас бір бөлшегі. Еңбекке араласқаннан бастап Тәуелсіз Қазақстанды дамыған елдердің қатарына қосып, бағыт-бағдары айқын мемлекетке айналдырғаны бүгінгі жұмыс болғанымен, ертеңгі тарих екені ақиқат. Осы ретте 2008 жылы «Нұрсұлтан Назарбаев: Өмірбаян» деп аталатын кітап шықты. Аталған кітап бала Нұрсұлтаннан дана Назарбаевқа дейінгі аралықты толықтай қамтыған, өмірбаян беттерінен сыр шертетін шығарма еді. Ал оның авторы белгілі қаламгер Махмұт Қасымбеков болатын. Кітап барша халыққа жете бермейді. Ол үшін 10 миллионнан аса таралыммен шығару қажет. Осы ретте «Қазақ радиосы» «Өрелі өмір өнегесі» атты хабар дайындағаны белгілі. Кітап пен хабардың қандай байланысы бар? Байланысы сол, «Өрелі өмір өнегесі» «Нұрсұлтан Назарбаев: Өмірбаян» атты кітаптың негізінде дайындалған. Ол елде жатып үнемі жібермей тыңдайтын бағдарламамызға айналған еді. Осы аралықта Елбасының туғаннан бастап бүгінге дейінгі өмір жолынан хабардар болдық. Үздіксіз білім жинап, еңбек етудің арқасында ауылда туған баланың осындай деңгейге жетіп, Елбасына айнала алатынына көзіміз жетті. Хабардың ерекшелігі неде? Тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген балалардың өзі қазір атжалын тартып мінді. Міне, осы азат елдің ұландарына Елбасының өмір жолы мен ғұмыр тарихы үлгі, өнеге бола алады. Мысалы, 1959 жылы Назарбаев білім алып жатқан Днепродержинскіге Бибігүл Төлегенова концерт қоюға келеді. Өзге елде Төлегенованы жұрттың бәрі жыға таниды деу әбестік болар еді. Сол кезде Нұрсұлтан бірге оқып жүрген қазақ жігіттерін ұйымдастырып, қаланың барлық көрнекі жерлеріне Төлегенованың концерті өтетіндігі туралы хабарламаны жапсырып шығады. Есесіне, концерт аншлагпен өтіпті. Ал концерттің соңына қарай Нұрсұлтан студенттер жинаған ақшаға алынған гүлдестені әншіге сыйлап, жиналғандарға Қазақстан туралы кеңінен әңгімелеп беріпті. Осының өзінен көшбасшылық қасиет Елбасының бойында бала кезінен болғанын көре аламыз. Ал мына әрекетінен жастар ұлтын, халқын құрметтеуді үйрене алады. Құрыштай шыңдалған, өндірісте өнімді жұмыс атқарған, ұлтын ұлы мұраттарға жетелеген Елбасының мына бір арманы әр қазақтың көкейінде жүруге тиіс секілді. Мұны да біз «Өрелі өмір өнегесі» хабары арқылы білдік. «Жабыққанды жебесем, Елді жұртпен теңесем. Қосынында қазақтың, Бекер жүрмін демес ем». Әр қазақтың баласы осы сөзді өмірлік темірқазығына айналдырса, онда біз бағындырмайтын белес болмас еді. Соңында айтарым, жоғарыда аталған радио бағдарлама Тәуелсіздік күні, Астана күні, Тұңғыш Президент күні секілді мерекелер кезінде қайталап беріліп тұрса, тағылымы мол үдеріс болатыны күмәнсіз. Жұмағали ЖҮСІПОВ. Қызылорда облысы.