Шаруашылық • 15 Наурыз, 2023

Мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол

235 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл көктемгі егіс маусымында шаһарда 27 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, егінмен бірге мал шаруашылығында да жетістіктер баршылық. Мегаполис шаруалары 8,9 мың тонна ет, 51,4 мың тонна сүт және 142 млн дана жұмыртқа өндіріпті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 46 млрд теңгеге жетті. Агросаламен қоса, тамақ өнімдерінің негізгі капиталына 15,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Фермерлер былтыр 148,3 млн доллардың өнімін өндірген.

Мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол

Шаһарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі артып отыр. Импортқа тәуелділікті төмендету үшін 15 млрд теңге тұра­тын 14 жоба іске қосылды. Нәти­жесінде 298 адам жұмыс тапты. Жаңадан құс фермалары, сүт өнді­ре­тін және өңдейтін, балық өсіре­тін, мал бордақылайтын, мал азығын дайындайтын ша­руа­шылық­тар мен жылыжай кешен­дері ашылды.

Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының аясында биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 48,7 млрд теңгеге, экспортты 331,8 млн теңгеге, дайын тауар үлесінің өсімін 80 пайызға және негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін 15,4 млрд теңгеге жеткізуді көздеп отыр.

Мегаполисте егістік пен жа­йылымды жерлердің қысқар­ғанына қарамастан агросаладағы жобаларды жүзеге асыру тоқ­та­­майды. Сондықтан сүтті ба­ғыт­тағы асыл тұқымды ірі қара басын көбейту мақсаты тұр. Қа­зіргі таңда шаруаларда мыңнан аса асыл тұқым­ды ірі қара бар. Биыл мал шаруа­шылығын да­мытуға 1 млрд тең­ге­ден астам қаржы бөлініпті. Оның 185,1 млн теңгесі жем-шөп әзірлеуге беріледі. Жоспарға сәйкес биыл 9,1 мың тонна ет, 52,3 мың тонна сүт және 154 млн дана жұмыртқа өндірілмек.

Сүт өндірісінің жылдан-жылға артуы сүт өнімдеріне сұраныстың өсуінен туындап отыр. Сондықтан асыл тұқымды сүтті сиырлардың санын көбейтуге басымдық бе­рілген.

М.Әуезов атындағы ОҚУ аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Нұр­лыбай Егемқұловтың ай­туынша, мегаполисте мал шаруа­шылығын дамытуға мүмкіндік толық жетеді.

Шеткі елді мекендерде мал бағып, қосалқы шаруашылықпен айналысып отырған отбасылар көп. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек арқылы жергі­лікті шаруа қожалықтары қала халқын ағарғанмен толық қамта­масыз ете алады, деді ғалым.

Қала әкімдігі малдың жем-шөбін дайындауға мән бере бас­тады. Бұл бастама тегін емес. Өйткені «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, жоғары өнім алу құнар­лы мал азығына байланысты. Малдың бір күндік азығының жартысына жуығын құрама жем құрауы керек. Сондықтан алдағы уақытта мал азығын әзірлейтін жаңа цехтар бой көтереді.

Кәдімгі сиырлар тәулігіне 7-10 литрден сүт берсе, асыл тұқым­­дыдан 30-40 литр сүт алынады. Асыл тұқымды мал санын көбей­туге назар аударудың мәні де осында. «Қара ала», «Әулиеата», «Голштино-фриз», «Симентал» секілді ірі қаралар сүтті бағыт­тағы мал шаруашылығын дамы­туға арналып шығарылған тұқым­дар. Оларды шаруаларға көбей­тіп берумен және тұқымын сақтап қа­лумен шаһардағы «Селек­ция­лық орталық» мекемесі айналысады.

«ШҚ Эгамназаров» шаруа қожалығының басшысы Карим­жан Ибрагимұлы сиырды сонау Голландиядан сатып әкелген. Ол жақтың мамандары еліміздің оңтүстік аймағын шөбі шүйгін, мал бағуға қолайлы деп мақтапты.

«Асыл тұқымды сүтті сиырды сатып алу үшін Германияға да бардым. Неміс фермерлері Қазақстанның күнгей өлкесін мақ­тай жөнелді. «Голштино-фриз» сиырлары Германияда тәулі­гіне 35-40 литр сүт берсе, біздегі аймақта бабын келтірсе, 50 литрге дейін сүт алуға болатынын айтты неміс шаруалары. Солардың болжамы дәл келді. Сиырлар оңтүстіктің климатына тез үйреніп кетті. Өнімді де молынан беріп жатыр», деді шаруа.

Кәсіпкердің бизнес бастамасына қолдау білдірген ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы құжат рәсімдеу жағына да көмек көрсеткен. Со­нымен бірге шетелден әкелінген асыл тұқымды әр малдың басына 400 мың теңгеден субси­дия тө­ленді. Оған қосымша жем-шөпке деп әр ірі қараға 70 мың теңге­ден, сүттің литріне 20 теңге­ден ақша берілді. Малды ұрық­тандыруға да бөлек субсидия қа­рал­ған. Шаруа қожалығының Алматы қала­сын­дағы селекция­лық мекемемен келі­сімі де бар екен.

Голландиядан әкелінетін «Гол­ш­тино-фриз» сиырларының елге жеткізу шығыны 1,3 млн теңге. Сондықтан субсидия осындай шаруа­шылықтарға аяққа тұ­­рып кетуге үлкен жәрдемін тигізеді.

Аталған қожалық жуырда Ре­сейден «Қызылдалалық» асыл тұқымды сүтті сиырларды да әкел­ген. Олардың бір ерекшелігі ауруға төзімді келеді және «Голш­тино-фризға» қарағанда вете­ринардың көмегінсіз өздері төл­дей береді.

«ШҚ Эгамназаров» шаруа­шылығында 300-ден астам сүтті сиыр бар. Қала бойынша ең майлы сүт осы фермада өндіріледі: 4,5-4,8 пайыз. Сондай-ақ тәулігіне 2 тоннадай автоматтандырылған сауу аппараттарымен сүт сауылады. Алынған өнім ағарғаннан түрлі дайын өнімдер шығаратын «Алтын дән» компаниясына жіберіледі. Кәсіпорын сүтті 270 теңгеден сатып алады. Енді ша­руа­ның мақсаты мал азығының бір түрі сүрлем дайындау. Ол үшін қала­лық әкімдіктің қолдауымен егістік жерді жалға алмақшы.

Шаруа айтқандай, сүт сапасы оның қорегіне байланысты. Сондықтан малдың азығының рационында шүйгін шөп, қатқыл пішен, соя және құрама жем болуы керек. Сонда бір айда 7-10 тоннаға дейін сүт өндіруге болады. Сондықтан соңғы жылдары мегаполистің егістік даласында мал азығына қажетті дақылдардың үлесі арта бастады.