Қазақстан • 15 Наурыз, 2023

66 млн карта айналымда жүр

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде соңғы бір жылда банк картасын пайдаланушылар төлем жүйелері арқылы жалпы сомасы 125,1 трлн теңге болатын 8,8 млрд транзакция жасаған. Ұлттық банк мәліметінше, қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі артып, былтыр эмитенттердің төлем карталарын қолданғандар 103,8 трлн теңге сомасында 8,6 млрд қолма-қол ақшасыз операция жүргізген. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,4 есе жоғары көрсеткіш.

66 млн карта айналымда жүр

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Қазіргі күні төлем картасын қолданушылар арасында қолма-қол ақшасыз операциялардың ең та­нымал тәсілі – мобильді бан­кингті пайдалану. Былтыр опе­ра­циялардың жалпы құрылы­мын­дағы онлайн транзакция үлесі 64,6%-ды құрады. Күн сайын әрбір азамат цифрлы банкинг арқылы орта есеппен 234,7 млрд теңгеден аса сомаға 15,2 мил­лионға жуық транзакция жүр­гізе­ді екен. Сонымен қатар алты жүз мыңға тарта кәсіпкердің 92,5 пайызы QR код арқылы төлем жүргізген.

Қазақстанда төлем карталарын 18 банк пен «Қазпочта» АҚ жүзеге асырады. 2023 жылдың ақпанындағы жағдай бойынша банктердің айналымдағы карталар саны – 65,9 млн. Кеңінен таралған дебеттік карталардың үлесі – 78,9%, несиелік карталар үлесі 17,9% болды. Қаңтар айында қазақстандық эмитенттердің төлем картасы арқылы жүргізілген транзакциялардың көлемі 10,3 трлн теңге, саны – 759,3 млн. Оның ішінде қолма-қол жасалмайтын транзакция саны 69,2%-ға артып, 8,8 трлн теңгені құраған. Төлем картаны қолданушылар арасында қолма-қол ақшаны алу операцияларының саны 17,3 млн бірлікті құрап, көлемі 16,3%-ға артқан. Қазақстан аума­ғында қолма-қол ақшасыз опера­ция­лар­дың негізгі үлесі мобильді банкинг пен  POS-терминалдарға тиесілі болса, қолма-қол ақшаны беру операциялары банкоматтар арқылы іске асырылады.

Жақында тағы бір пластикалық карта айналымға енді. ВТБ (Қа­зақ­­стан) клиенттері ресейлік «Мир» төлем жүйесінің плас­ти­ка­­лық картасын ресімдей алады. Оны шығаруға өтінім беру елі­міздің 17 өңіріндегі банк­тің кез келген бөлімшесінде қол­же­тім­ді.

Аталған банк өткен жылдың желтоқсан айынан бастап «Мир» төлем жүйесінің цифрлы картасын іске қосты. Енді банктің респуб­ликамыздағы клиенттері оның физикалық нұсқасын рәсім­дей алады. Картаны өзіне-өзі қыз­мет көрсету құрылғылары мен банк кассалары, Qiwi және Yurta тер­миналдары арқылы, мобильді қосым­шадағы есеп-айырысу шотынан, басқа «Мир» картасынан немесе деректемелер бойынша өзге банктің шотынан аудару арқылы толықтыруға болады.