Қоғам • 16 Наурыз, 2023

Wildberries қазақстандық кәсіпкерлерге миллиондаған айыппұл салды

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық кәсіпкерлер астананың қайта аталуына байланысты миллиондаған айыппұл төлеуге мәжбүр. Ресейлік Wildberries маркетплейс жүйесінде қателік болған, ол арқылы отандық сатушылар өз тауарларын сатады. Елорданың 500-ден астам тұрғыны тауарларын алу үшін қайда жүгіну керектігін және әділдікке қалай қол жеткізу керектігін білмей отыр, деп хабарлайды Egemen.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Wildberries қазақстандық кәсіпкерлерге миллиондаған айыппұл салды

15 наурызда елордалық кәсіпкерлер мәселенің анық-қанығын білу үшін Астанадағы компания қоймасының жанына жиналды. Олардың айтуынша, сайттың техникалық қолдауы өтініштерге жауап бермей тұр.

«Wildberries өкілдерінің айтуынша, барлық тауар басқа қоймаға жөнелтілген. Басқа қандай қойма? Бізде ол жалғыз. Ешкім ештеңе білмейді. Біреуге 20 мың, біреуге миллион, біреуге 14 миллион айыппұл келді. 25 пайыз алып қана қоймай, айыппұлды да төлеуіміз керек пе?!», деді кәсіпкер Марина Гончаренко.

Қазақстандық кәсіпкерлер ресейлік компанияның қоймасына кіре алмады. Ал қойма күзетшісі басшылық диалог жүргізуден бас тартқанын жеткізді.

Айта кетсек, аталмыш компанияның Қазақстандағы ресми өкілдігі жоқ. Заңгер Шыңғыс Темір компанияның қызметкерімен байланысып, жағдайды түсіндіруге тырысты.

«Қойманы таңдау кезінде жүйе Нұр-Сұлтан қоймасын автоматты түрде таңдаған, негізі Астана қоймасын таңдау қажет болған. Бұл - техникалық мәселе. Енді маркетплейс осы есептеулерді қайта қарауға дайын екендігі туралы ақпарат келіп түсіп жатыр. Алайда «мереке қарсаңы», «мерекеден кейін» деп жүріп, ақша қайтарылмауы да мүмкін», деді заңгер.

Сауда және интеграция министрлігі отандық кәсіпкерлерге көмектесе алмайтындарып айтып, айыппұлдарға қатысты сотқа жүгінуге кеңес берді.

«Кейбір заңнамалық актілерге электрондық сауда шеңберінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын сауда алаңдарының қызметін реттеу бөлігінде өзгерістер, толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осының аясында маркетплейстер жосықсыз тәжірибелердің тәуекелдерін жою бойынша тиісті шаралар қабылдайды», деп түсіндірді МТИ цифрландыру департаменті директорының орынбасары Руслан Оразалиев.

Оның айтуынша, бұл түзетулер қоғамдық талқылаулардан өтті және жақын арада Үкіметтің қарауына жіберіледі.