27 Маусым, 2014

Тиімділігі мол сапар

323 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жақында Оңтүстік Қазақ­стан облысы әкімдігінің ұйым­дастыруымен бір топ кәсіпкер­лер Малайзия, Индонезия және Оңтүстік Корея елдеріне арнайы іссапармен барып қайтты. Осы сапардан алған әсерлері мен атқарылған жұмыстар жөнінде бөліскен делегацияның басшысы, облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев былай деді: – Өткен жылы осындай іссапар Германия, Швейцария, Ита­лия және Ресейдің үш облысына жасалған еді. Биыл бұл жұмыс Малайзия, Индонезия және Оңтүстік Кореяда жалғасты. Облыстан 15 адам бардық. Олардың арасында оншақты ірі кәсіпорын иелері, өңірлік кәсіпкерлер палатасының және әкімдіктің қызметкерлері, «Шымкент-инновация» ЖШС-нің басшылығы болды. Біздің бұл жолғы іссапарымыз өте сәтті өтті. Делегация басшысының айтуынша, әр мемлекетте ұйым­дастырылған бизнес-форумға 160-тан астам шетелдік кәсіпкерлер қатысқан. Оларды отандық бизнес өкілдері өз жобаларымен таныстырған, облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін ашып, саралап беруге кең мүмкіндік берілген. Алдын ала арнайы бағдарлама жасалып, оның ең өзекті мәселелері айқындалған. Олар – ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі, тоқыма өнер­кәсібі, фармацевтика, ауылшаруа­шылық техникасы мен агрохимия, туризм, баламалы қуат көздері мен құрылыс материалдары. Бүгінде Қазақстанға инвесторлар тарту онша қиынға соқпайды. Өйткені, Кеден одағы құрылғалы сауда нарығы 17 млн. емес, 170 млн. тұрғынға есептелері анық. Екіншіден, кедергісіз логистика. Үш елге қатысты сауда-саттық қызметін кедергісіз емін-еркін пайдалануға болатыны да оларды қызықтырып отырған көрінеді. Шетелдік инвесторларға бұдан басқа көптеген жеңілдіктер бар екені айтылған. Шығыс Азия кәсіпкерлерін Қазақстанда туризмді дамытудың болашағы да қызықтырып отырған көрінеді. Қазіргі уақытта облыста туризм кластерінің негізгі бағыттары айқындалған. Оның бірі – Түркістан-Отырар бағытындағы мәдени-тарихи туризм болса, екіншісі – Сарыағаштағы емдік туризм. Үшіншісі – Төле би, Түлкібас аудандарындағы экотуризм. Қазірдің өзінде мұнда бірнеше туристік базалар ашылды. Таяу күндерде «Қасқасу» тау шаңғысы кешенінің құры­лысы басталмақ. Шығыс Азия мемлекеттеріне іссапар барысында бірқатар маңызды келісім­шарттарға қол жеткізілген. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында оңтүстіккореялық «Hyundai Materials» корпорациясымен бірлесіп, «Хюндай» маркалы автокөліктерді құрас­тыру, «Daedong Industrial» компаниясымен бірге ауыл шаруашылығына қажетті техника жасау және «Seolim Trading» компаниясының көмегімен «ДЭУ» автокөліктерінің қосалқы бөлшектерін шығару және малайзиялық «Proton» компания­сымен бірлескен кәсіпорын ашу жөнінде ортақ келісімге келген. Басқа да ірі жобалар бар. – Іссапар барысында менің бір байқағаным, Малайзияда тамақ өнімдерін дайындау жақсы дамыған екен. Оның ішінде балық өнімдері ерекше орында. Бізде негізінен қарамал мен жылқы ғой. Менің өзім де мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып, мал бордақылаумен айналысып келемін. Алғашында 200 бас ірі қараны семіртуден бастағанбыз. Қазір күтімімде 1,5 мың бас қара мал бар. Мені Малайзиядағы «Халал» тамақ өндірісі ерекше қызықтырды. Олар­мен келісімге де келдік. Қазір­гі кезде Қазақстанда 5-6 ірі ет ком­бинатын салу жоспарланса, соның біреуінің құрылысын мен бас­тап кеткен едім. Оның ішінде жаб­дықтарды Еуропадан және Түр­киядан алатын болдық. Бірақ малай­лардың айтқаны: «Сіз­дер жаб­­дықтарды орнатуға асық­паңыз­дар. Халал ет шығару үшін біз­дің өз шартымыз бар». Құдай қала­са, сол шарттарын сақ­тай­­тын боламыз. Менің байқауым­ша, халал өнімдерін шығару оңай тірлік емес. Тіпті, малға бері­летін азықтың құрамына дейін бақы­лауға алынады екен, деді делегация мүшесі, «Қайып ата» ЖШС-нің бас директоры Жарас Ертаев. «Егемен-ақпарат». Оңтүстік Қазақстан облысы.