Медицина • 16 Наурыз, 2023

Алматы облысында үшем дүниеге келді

1010 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарасай ауданаралық көп бейінді ауруханасының перзентханасында 29 жастағы Ақмарал Айдар екі ұл мен бір қызды дүниеге әкелді, деп хабарлайды Egemen.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Алматы облысында үшем дүниеге келді

Ақмарал бұған дейін үш баланы өмірге әкелген. Оның үлкен ұлы 8 жаста.

Үшемнің үлкені - Қаракөздің салмағы 2460 гр, Садық - 2100 гр, Сыдық - 1820 гр. Қарасай ауданаралық көп бейінді ана мен бала денсаулығын сақтау ауруханасы директорының орынбасары Индира Кабаева әйелдің жүктілік кезінде қатаң бақылауда болғанын айтты.

«Үшемдер жүктіліктің 36-шы аптасында дүниеге келді. Үшемнің жүктілігі әрқашан ана мен сәбилер үшін үлкен қауіп саналады, сондықтан әйел бүкіл уақыт бойы бақылауда болды. Үшем кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. Бүгінде олардың денсаулығы жақсы, жағдайы тұрақты», деді Индира Кабаева.

Ата-аналар Қарасай ауданаралық көп бейінді ауруханасының барлық медицина қызметкерлеріне білікті көмек көрсеткені үшін алғыстарын білдірді.

«Аурухананың бүкіл босандыру бөлімшесіне, операция жасайтын және емдеуші дәрігерлеріне зор алғысымды білдіремін. Медициналық мекемелерде қолайлы жағдай жасағандары, заманауи жабдықтардың болуы, білікті мамандардың жоғары кәсібилігі үшін рахмет. Сіздердің арқаларыңызда біздің сәбилер дін аман өмірге келді», деді сәбилердің анасы.

Индира Кабаеваның айтуынша, жаңа туған нәрестелерге күтім жасау бойынша барлық қажетті көмек көрсетіледі.

«Анаға мейіргерлер көмектеседі, ал учаскелік дәрігер нәрестелердің жағдайын бақылауда ұстайды. Сондай-ақ оларды қажетті балалар тамағымен қамтамасыз етеміз», деді ол.