Ұлыстың ұлы күніне орай өткізіліп жатқан іс-шаралар аясында «Наурыз – ұлттық дәстүр мен меймандостық мерекесі» атауымен, ұлттық болмысымыз, мәдениетіміз бен киімімізді дәріптеуге арналған бастаманы облыс әкімі Дархан Сатыбалды ұсыныпты. Өңір басшысы әкімдіктегі аппараттың кезекті отырысын ұлттық киімде өткізді. Әріптестерін келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаған облыс әкімі ұлттық киім мемлекеттік қызметшінің болмысын ерекше етіп көрсететінін айтып өтті. «Мәдениетіміз бен дәстүрімізді қолдаған жөн. Наурыз жақсылығымен келіп, халқымыздың берекесі арта берсін», деген Дархан Сатыбалды күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, тапсырмалар берді.
Қазақтың ұлттық киімдері көшпелі заманның салт-дәстүрімен бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Жыл мезгілдеріне сай арнайы жасалған түрлері, ерлерге, әйелдерге, балаларға арналған және тағы да басқа жас ерекшелігіне қарай бөлінетін түрі көп кездеседі. Пішіндері мен нақыштары өзгеше таза ұлттық киімнің бүгінгі заманға сәйкестіріле, сұранысқа сай тігілген түрлері де көп. Ең әдемі киім ұлттық киім екенін насихаттап, жұмысқа ерекше көңіл күймен келген мемлекеттік қызметшілерге жергілікті жұрт та қызыға қарайды. Барлық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қолдаған бұл бастама жалғасын тауып, алдағы уақытта да ұлттық киім кию дәстүрге айналмақ.
ТҮРКІСТАН