«Мен үшін бұл марапаттың мәні ерекше, себебі Nickelodeon арнасы шығармашылыққа шабыттандырып, қанаттандыра түсті. Бірде Nickelodeon-ды көріп отырып, анама: «Мені де теледидардан көрсетсе екен», деуші едім. Дәл осы сөзден кейін ата-анам арманымды орындау үшін қолдан келгенінің бәрін жасады. Мені қолдап, дауыс бергендердің барлығына алғыс айтамын», дейді «Сүйікті қазақстандық инфлюенсер» аталымының жеңімпазы Әмина Малғаждар.
Лос-Анджелесте өткен салтанатты рәсім экстремальды трюктер мен иллюзияларға толы болды және рәсім аясында әлемдік жұлдыздар сөз сөйледі. Адам Сэндлер мен «Трансформер» фильмінен Оптимус Праймға арнайы марапаттар тапсырылды, сондай-ақ көптен күткен көркем фильмдердің анонстары мен еліктірер тосынсыйлар да қамтылды.
«Комедия патшасы» арнайы күміс дирижаблі актер, сценарист, продюсер, комик және музыкант ретінде 30 жыл бойы комедия саласына қосқан зор үлесі үшін Адам Сэндлерге бұйырды. Осы марапатын орасан зор тақта отырып қабылдаған ол салтанатты рәсімнің дәстүріне айналған алып жасыл слаймды иеленді. Автоботтың ержүрек көшбасшысы Оптимус Праймға өмірлік жетістіктері үшін тағайындалған марапатты «Трансформерлер: Звероботтардың өрлеуі» атты алда көрсетілетін фантастикалық боевик актерлері табыстады.
«Сүйікті балалар телешоуы» аталымы «Сиқырлы қамқоршылар: бұдан да сиқырлырақ» («Волшебные покровители: Еще волшебнее») хикаясына бұйырды. Ал «Сүйікті отбасылық телешоу» аталымында «Уэндсей» хикаясы жеңіске жетті. Оның басты жұлдызы Дженни Ортега отбасылық категорияда сүйікті телеактриса ретінде қызғылт дирижабльға лайық деп танылды. «Губка Боб Шаршы Шалбар» сүйікті анимациялы шоу аталымы бойынша жеңіске жетсе, ал «Соник 2 кинода» сүйікті фильм ретінде марапатталды. «Энола Холмс 2» фильміндегі рөлі үшін Милли Бобби Браун сүйікті киноактриса ретінде марапатталды. Дуэйн Джонсон «Қара Адам» («Черный Адам») фильміндегі рөлі үшін сүйікті киноактер деп танылды. Музыкалық аталымдарда марапаттар Тейлор Свифт, Гарри Стайлс, BTS тобына және тағы басқаларына да берілді.
Әлемдік жұлдыздармен қатар, Nickelodeon Kids’ Choice Awards марапаттарын аймақтық аталымдарда әлемнің түрлі елдерінен қатысқан инфлюенсерлер де алды. Осы жылы аталмыш жүлденің тарихында алғаш рет «Сүйікті қазақстандық инфлюенсер» аталымында дауыс беру жүргізілді. Жүлдегер ретінде Әмина Малғаждар (Аминка Витаминка) танылды. Ол аудиториясына көңілді контент ұсынып, онда әзілдер айтып, көтеріңкі көңіл күй сыйлай біледі. YouTube желісінде Аминканың жұмысын 5,52 миллион адам қараса, Instagram парақшасында 1,3 миллион оқырманы бар.