Елорда • 18 Наурыз, 2023

Елордада ІІ Елизавета патшайымның құрметіне саябақ ашылды

373 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның құрметіне саябақ ашылды. Салтанатты шараға Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада ІІ Елизавета патшайымның құрметіне саябақ ашылды

«ІІ Елизавета патшайымның құрметіне скверді салтанатты ашу шарасына қош келдіңіздер! Патшайым Ұлыбритания тарихында ең ұзақ, 70 жыл бойы басқарған, аса мәртебелі көрнекті көшбасшы, дана билеуші және британ халқының бірлігі мен табандылығының символы ретінде есте қалды. Оның абыройы, қадір-қасиеті және керемет жетістіктері әлемдегі миллиондаған адамдарды шабыттандырады. Қазақстанда ІІ Елизавета лайықты сүйіспеншілік пен құрметке ие», деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко сквердің ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, елорда гүлзарларының біріне мәртебелі патшайымның есімін беру туралы шешімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей өзі қабылдады. Аталған сый ІІ Елизаветаның мерейтойына орай ұйымдастырылды.

«Өкінішке қарай, ІІ Елизавета патшайым Қазақстанда болып үлгермеді. Осы орайда, III Чарльз король және король отбасының басқа да мүшелері біздің елге келеді деп үміттенеміз. Ұлыбританиямен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатында басым орын алатынын атап өткім келеді. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдан астам уақыты ішінде саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық сала бойынша стратегиялық әріптестік жоғары деңгейге жетті», деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ Р.Василенко Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверлидің елімізге сапары қазақ-британ қарым-қатынасының одан әрі жан-жақты дамуына қуатты серпін беретініне сенім артты.