Мұрат Айтқожин туралы толғам
Қазақ ғылымында өзіндік із қалдырған, КСРО заманындағы Лениндік сыйлықтың лауреаты, Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, өзі өмірден өтсе де өнегесі, ғылымдағы сара жолы қалған Мұрат Әбенұлы Айтқожин бүгіндері тірі болса 75 деген жастың бедеріне көтерілер еді.
Тәңір жаратқаннан табиғаты өзгеше, зерек те зерделі талантты жас білімге мектеп қабырғасында жүріп-ақ құштарлығын көрсете бастаған. Ол көп оқып, көп ізденген. Зор талабы оны оқымысты бала атандырған. Таудай талап арқалаған ол мектепті үздік бітіріп, арман қуып Алматы қаласына аттанды. Көздеген мақсаты Қазақ еліндегі бас оқу ордасы Қазақ мемлекеттік университетіне түсу еді.
Мұратына ұмтылған Мұраттың арманы орындалып, ол ҚазМУ-дің студенті атанады. Ол кездегі ҚазМУ, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университеті еліміздің білім ордаларының флагманы. Университетте оқып жүріп, көптеген жаңалықтар ашқан жас жігіттің ғұламалық қасиеттері сол білім ордасында ұшталған, биік деңгейге көтеріліп, жұртқа танылған.
Университетті тәмамдай салысымен білімді өмірлік мақсатына айналдырған ол тағы да оқуын жалғастыруды ойлайды. Ендігі бар арманы Мәскеу университетінің аспирантурасына түсу еді. Ол да ойдағыдай орындалып, жас ғалым аспирантураны үздік бітіріп шықты.
Алдына жоғары ізденіс пен биік мақсат қойған ол 1965 жылы елге оралады. Содан 1978 жылға дейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Ботаника институтында кіші, аға ғылыми қызметкері, сосын директор болып, ғылым саласындағы еңбек жолын бастайды. Өзінің іскерлігінің арқасында ол қызметтік сатылардың бірінен соң біріне көтеріледі. Зертхана меңгерушісі ретінде де ғылымнан қол үзбейді. Белок және нуклеин қышқылдарын зерттеуін жалғастыра береді. Сөйтіп, ол Қазақстан ғылымына көптеген жаңалықтар әкелді. Асқан дарын иесінің ғылымға қосқан елеулі еңбегі мен ұйымдастыру қабілеті, іскерлік қасиеттері ескеріліп, ол өзі 1983жылы ұйымдастырған Қазақ КСР Ғылым академиясының «Молекулярлық биология және биохимия» институтының директоры болып тағайындалды. Ғылымға сіңірген зор еңбегі мен ұйымдастырушылық қызметі оны биіктен-биікке өсірді. Академик атағын алып, Ұлттық академия төралқасының мүшесі болып сайланды. Бұл Мұрат Әбенұлының еліне танымал болып, үлкен ғұлама ғалымға айналған кезі еді.
Айтулы академикті алда әлі шешілмеген істер күтіп тұрды. Көп ұзамай-ақ, ел өміріндегі ерекше жаңалыққа жол ашылды. Өзінің ғылыми тәжірибесінің арқасында, сонымен қатар, ғылым әлеміндегі үлкен беделіне орай Мұрат Әбенұлы 1986 жылы академияның жалпы жиналысында жабық дауыс беру нәтижесінде Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып сайланды. Бұл Қазақ елінің ғылым саласын үлкен табыстарға жетектейтін күшке жол ашылғандығын көрсетті. Ғалымдар жас президентке зор сенім артты.
Мұрат Әбенұлы ел есінде негізінен молекулалық биология және биотехнологияның негізін қалаушы тұлға болып қалды. Оның зерделі еңбегінің арқасында әлемдік ғылымда бірінші болып жоғары ағзалардың белок түзуші аппаратының салыстырмалы зерттеулері өткізілді. Сондай-ақ, бірінші болып, өсімдік жасушаларында информосомалардың түзілуін де зерттеп, жаңа ұғымдар қалыптастырды. Оның зейінді зерттеулерінің нәтижесінде бидай сапасын жетілдіру және өсімдік жасушаларының суббөлшектерінен құралған функционалды белсенділікке ие гибридті рибосомаларды жасау жайы бойынша күрделі тәжірибелер өткізіліп, нәтижесі жоғары деңгейге жетті.
Ғылым жолындағы үлкен белсенділіктің нәтижесінде информосомалар белоктарының физикалық және химиялық қасиеттері түйінделіп, фитогармондардың белок биосинтезіне тигізетін әсерін анықтау Мұрат Айтқожиннің еншісіне тиді. Бұл қазақ ғылымының қол жеткізген зор табысына айналды. Мұнымен де шектелместен, ғұлама ғалымның ойы мен жігері күннен-күнге ұштала түсіп, көптеген сәтті зерттеулер өз нәтижесін беріп жатты.
Отандық ғылым саласының дамуына жан-жақты пәрмен берген академиктің қол жеткізген тағы бір үлкен табысы: ол ғылым сапасын жетілдіре отырып, ғылыми-зерттеулерді автоматтандыру мәселелеріне де көп көңіл бөлді. Бар жағдайды жасап, көп көңіл бөлгендіктен ғылымда үлкен жетістіктерге жол ашылып, мол мүмкіншіліктер туды. Оның басшылығымен шетелдердің 15 авторлық куәлігі және 16 патентімен қорғалған молекулалы-биологиялық тәжірибелерді автоматтандыруға арналған аспаптар кешені жасалды. Мұның өзі Қазақстан ғылымын дүниежүзіне танытып, оның халықаралық деңгейі мен беделінің өсуіне зор ықпал еткенін айтуды парыз санаймын.
Академик Мұрат Айтқожин 90 ғылыми жұмыстың авторы екені белгілі. Оның бәрі куәліктермен дәйектелген. Солардың арасында үлкен монографиясын, 3 патентін ерекше атап өтуге тиістіміз. Тұғыры берік, қанаты талмас ғалымның басшылығымен орындалған жұмыстар әркез КСРО және ҚазКСР Ленин комсомолы сыйлығымен марапатталғандығы біз үшін үлкен дәреже, зор мәртебеге айналған еді.
Беделді ғалымды Кеңестер Одағы ғана емес, сонымен қатар, әлем зиялылары да жақсы білді. Ол Германия, Польша, Чехословакия, Италия, Франция, Болгарияда өткен ғылыми форумдарда баяндамалар жасады. Ол баяндамаларда көтерілген мәселелер оқымыстыларды ойландырып тастаған тұстары аз емес. Бұл академик М.Ә. Айтқожиннің көп жеңістерінің бірі ғана.
Мұрат Әбенұлының еліміздің ғылым саласына қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Осындай қомақты еңбегі бағаланып, ол «Қазақ КСР-інің Алтын Құрмет кітабына» (1974 ж.) енгізіліп, зор құрметке ие болды. Әркез еңбегі мемлекет тарапынан қастерленіп жатты. 1976 жылы А.Н.Бах атындағы Биохимия институтында Мәскеу ғалымдарымен бірлесіп жасаған «Жасуша бөлшектерінің жаңа класы – информосомалардың ашылуы» атты еңбегі үшін Лениндік сыйлықтың лауреаты атағын алды. Бұл сол кездегі Кеңес Одағындағы үлкен марапаттың бірі еді.
Елжандылық пен ұлтжандылық дәстүрде өсіп, жетілген Мұрат Айтқожин кезінде Мәскеу қаласында кандидаттық диссертациясын өте жақсы қорғап, болашағынан көп үміт күткізген еді. Ол соны ақтады. Осыны пайдаланып, көптеген мәскеулік ғалымдар мен ұстаздары: «Болашағыңнан үмітіміз зор, осындай ғылым ордасында қал, қанша айтқанмен байтақ елдің орталығы емес пе?» деген сөздерге қарамай, өз топырағына оралғанын жоғарыда айттық. Жоғарыдағыдай қамқорлыққа жас азамат: «Егер Қазақстанда биология ғылымы әлі болмаса, онда сондай ғылымды ол жерде де ұйымдастыру керек», деп кесіп айтқан екен. Кейін дегеніне жетті. Қазақ елінде биология ғылымын әлемдік деңгейге көтерді.
Жүрегі қазағым, елім, жерім деп соғатын Айтқожиннен ол кезде басқа жауап күтуге болмайтындығы баршаға белгілі. Өзінің туған елі мен жерін көркейтуге бар өмірін арнаған академик жолының бұл бір парағы ғана. Қаншама осындай перзенттік парақтар әлі ашылмай жатыр десеңші! Мұрат Әбенұлының бойындағы мұндай елжандылық мінез – туған жерге деген сүйіспеншілік куәсі деп білеміз. Келешек ұрпаққа тәлімдік маңызы зор мұндай ұлы қасиет кез келген адамнан табыла бермесі анық.
Айта берсе оның жасаған жұмыстарының шегі де бітпейді, шеті де көрінбейді. Биікке шарықтап, тындырымды дүниелерді жасау Мұрат Әбенұлына ғана тән қасиет. Жоғарыда атап өткендей, Ботаника институтының молекулалық биология тобын құрудан басталған Айтқожин бастамалары болашаққа негіз боларлық лаборатория кешенін салуға ұйытқы болған еді. Сол бастама осы күні де жалғасын тауып келеді. Осылайша, ол еліміздегі молекулалық биология мен биотехнологияның негізін қалаушы ғалым болып қана қоймай, бүкіл әлем бойынша ағзалардың белок түзетін аппараттарын (рибосомаларын) салыстырмалы түрде зерттеуші және осыған дейін белгісіз болып келе жатқан биологиялық құбылыстарды анықтаған оқымысты ретінде дүниежүзіне белгілі болды.
Оның ашқан жаңалықтарын бүкіл дүниежүзінің алдыңғы қатардағы ғалымдары мойындады. 1983 жылы Мұрат Әбенұлы молекулалы биология бойынша ірі орталықтардың біріне айналған Қазақ КСР ҒА «Молекулярлы биология және биохимия» институтын ұйымдастырып, оның бірінші директоры болғандығы осының айғағы.
Өмір жолын Қазақ елінің ғылымын көркейтуге арнаған ғалым үнемі ізденісте жүрді. Соның нәтижелі жемісі ретінде 1987 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы биотехнологиясы орталығын ашқанын айтуға болады. Ауыл шаруашылығы дамымаса, халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мәселелері күннен-күнге проблемалық түйінге айналып келе жатқанын ол ерте түсінді. Сондықтан ғалым ауыл шаруашылығын дамытуға септігі тиетін молекулалық биотехнологиялық жетістіктерді кеңінен зерттеп, қолдану аясын кеңейтуге ұмтылды, проблемаларды жойып, істің шешімін табуға талпынды.
Осындай жолмен алға ұмтылған академик тек өзі біліп қана қоюмен шектелмей, басқа да ғалымдарды, сондай-ақ, жастарды тәрбиелеп шығару үшін жоғарыда көрсетілген орталықта инженерия жұмыстарын жүргізуді қолға ала бастады. Оның зерттеу тақырыбы ғылымда тың сала ретінде қалыптасты. Атқарылып жатқан шаралардың жалғасы ретінде ҚазҰУ-де молекулалық биология пәні оқытыла бастады. Академик үлкен практикумдар мен курстық және дипломдық жұмыстарды студенттерге өз лабораториясында жасауды ұсынды және оған толық жағдай жасап отырды. Тіпті, ғылым жолына түскен жастарға шетелден әкелген ең соңғы үлгідегі электронды жабдықтарды да пайдалануға мүмкіндік берді. Бұл нағыз отаншылдық, елге деген шын жанашырлық, жастарға жасаған қамқорлық еді. Сол жабдықтарды шетелден әкелу үшін талай табалдырықты тоздырып, шаршап, шалдыққанына куәміз.
Академик Айтқожин еңбегінің қайнар көзі болашақ шәкірттер дайындауға бағытталды. Соның нәтижесінде ондаған ізбасарлары бүгінгі күні оның жолын жалғастырып келеді. Бұрын елімізде, тіпті, көрші елдердің көбінде дамымай келген жаңа сала – молекулалық биология, биохимия, жасушалық биотехнология және генетикалық инженерия еді. Айтқожин еңбегінің нәтижесінде Қазақстанға ғана емес, әлемде танымал болды. Жаңа ғылым саласы орнықты. Бұл бүгінде ғалымның соңында қалдырған мұрасы іспеттес.
Қазіргі таңда молекулалық биология денсаулық сақтау ісіне де өз көмегін тигізіп жатыр. Жалғасы ретінде «Иммунобиотехнология» деп аталатын сала пайда болды. Бұл адам денсаулығы үшін қатерлі аурулар мен улы заттарды айқындауға қажетті моноклондық антиденелерге негізделген тест-жүйелер жасатуға жол ашты. Екпе өсімдіктер «ауруларын» айқындау үшін поликлондық антиденелерге негізделген диагностикалық тест-жүйелер де жасалды. Бұл отандық ғылымға үлкен төңкеріс, зор жетістік әкелді.
Мұрат Айтқожин Ғылым академиясының президенті ретінде көптеген істер істеді. Ол ғылымның барлық саласына көңіл аударумен қатар, ұйымдастырушылық қызметін де заман талабына сай бағыттады. Көп күттірмей оның нәтижесі көріне бастады. Ғылым елімізде өрлеудің алдыңғы шебіне шықты. Дәл осы кезде Ғылым академиясының үйлестіруші орталық ретінде рөлі көтерілді. Елімізде ғылыми-зерттеулердің үйлесімі айтарлықтай жақсарды. Шетелдердегі жетекші ғылыми орталықтармен ынтымақтастық кеңейе түсті.
Осындай еңбектері үшін дарынды да талапты азамат мемлекет тарапынан да көптеген марапаттарға ие болды. Солардың арасында «Бейбітшілік қорының» Алтын медалін, «Халықтар достығы» орденін атап өтуге болады. Өз қолымен іргетасын қалаған Ұлттық ғылым академиясының Молекулярлық биология және биохимия институтына оның есімі берілді. Өзі оқыған Петропавл қаласындағы №1 орта мектеп М.Айтқожин атында.
Атақты ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әбенұлы қарапайымдылығымен де ел есінде қалып отыр. Оның елжанды, ұлтжанды мінезі, әсіресе, 1986-1988 жылдары, белгілі Желтоқсан көтерілісінен кейін ерекше көрінді. Сол кезде бір шаруамен алдына барған едім. Жағдайымды сұрап болған соң, Қарағандыдағы мен басқаратын институттың қызметтік жетістіктерімен танысып, «Мәскеуде оқыпсыз, кандидаттық, докторлық диссертацияларыңызды сонда қорғапсыз, оның үстіне КСРО химия өндірісі министрлігінің тапсырмасы бойынша күрделі зерттеулер жүргізеді екенсіз. Басқа не керек. Өте жақсы ғой», деп ризалығын білдірді. Мұның өзі оның кеңдігін, кемелдігін танытса керек.
Төтеннен келген мезгілсіз ажал қоғам және мемлекет ісіне белсене қатысып, артына өзіндік із қалдырған, туған елін әлемге әйгілеген ғұлама ғалым, біртуар академик Мұрат Айтқожинді арамыздан ерте алып кетті. Бірақ артында өшпес ғылыми мұрасы қалды. Ол қазір азат елдің өркендеуіне септігін тигізу үстінде. Осындай Алаш рухты азамат есімі мен ісі әрқашанда ұрпақтар есінде қала береді.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті.