«Үйде дауыс беретін сайлаушылардың мекенжайына сағат 12-ден кейін барамыз. Мысалы, Назарбаев даңғылы №114-ші үйде Әнвар Шарипова есімді әжей тұрады. Кейуана 100-ден асса да сергек, ұмытып кетпей келіңдер дауыс беруім керек деп белсенділік танытып отыр», дейді №11 сайлау учаскесінің төрағасы Гүлбану Сұлтанғазина.
Аталмыш сайлау учаскесінде ең бірінші келіп өз таңдауын жасаған сайлаушы – 65 жастағы зейнеткер Николай Филипенков.
«Ерте келгенім үшін әдемі сый-сияпат алып, көңілім көтеріліп қалды. Біз енді мемлекет қамқорлығындағы зейнеткер адамдармыз ғой. Екі балам бар. Солардың тұрмысы жақсы болса, мектепке барып жүрген кішкентай немерелерім сапалы білім алса, медицина дамып, дәрі-дәрмек арзандаса, елдің әлеуметтік жағдайы бұдан да жақсара түссе екен дейміз. Өзім таңдау жасаған үміткерлер осы мәселелердің ілгерілеуіне барынша атсалысамыз деп отыр. Сол кандидаттарға сенемін», дейді сайлаушы.
Қостанай облысында дауыс беру құқына ие азаматтар 500 мыңнан асады. Оларға 745 сайлау учаскесі қызмет көрсетіп жатыр.