27 Маусым, 2014

Ұлттық ұйысу мен халықтық топтасудың тұғыры

430 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

АСТАНАНЫҢ АСҚАҚТЫҒЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕРЕЙІ

asem kala 5 6 шілде – республикамызда Астананың 16 жылдық мерейтойы жалпыхалықтық деңгейде тойланады. Осынау он алты жылда сәні мен салтанаты жарасқан, бүгінде сәулеті талайларды тамсандыратын еңселі елордамызды тұрғыздық. Елорда – Тәуелсіздігіміздің тірегіне, экономикамыздың жүрегі. Астана бүгінде біздің еліміздің күш-қуатын әлемге танытқан қасиетті орда ретінде ұлт болып ұйысуымыздың, халық болып топтасуымыздың және тәуелсіздігіміздің тұғырын одан сайын нығайтудың басты нышаны болып отыр. Бүгінде Астана – жай ғана ел ордасы емес. Бұл шын мәнінде Тәуелсіз мемлекеттігіміздің Ұлттық идеясының ең басты тұғырларының бірі. Сондықтан да, «Астана күні» дегенде біз елорданың тарихи жолы­нан бұрын, ең алдымен бас қала­ның ел дамуындағы орнын, мемлекетіміздің біртұтас болуындағы рөлін айтамыз. Бұл ретте Астананың әрбір туған күні – қатардағы мереке емес, ел болып есейген жеріміздегі көпжылдық ырыс пен берекенің әржылдық межелі өлшемі. Ел еңбегінің заңды жемісі. Олай болса, қала күнін атап өтуде ұйым­дастырушылар ұсынып отырған әрбір іс-шараның мере­келік мазмұнынан басқа, олардың идеологиялық маңызы құнды. Астананың 16 жылдығын мерекелеудің басты идеология­сы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық идеясы мен қалыптасқан тәуелсіз елдің елордасы – Астананың айналасына барша отандастарымызды ұйыстыру. Әрине биылғы қала күнінде жылда ел көңілінен шығып жүрген дәстүрлі іс-шаралардан бөлек, бағыты жаңа, мазмұны тың мерекелік бастамалар бар. Ең бастысы – олардың барлығы астаналықтар мен қала меймандарына мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлаумен қатар, барша отандастарымыздың Астананың жетістігіне жақындығын, сол ар­қылы тұтас халқымызды астана­­сы­мен, Астананы туған ха­л­қы­мен мақтанып-марқаюға шақы­­ратын мәнді де сәнді шаралар. Астана күніне арналған шаралардың ресми ашылуы Мемлекеттік тудың салтанатты көтерілуі және Елбасының еліміздегі әскери білім ұйымдарын бітіруші курсанттарына офицер­лік шен тапсыру рәсімімен бас­талады. Салтанатты рәсімнің Астана күнін мерекелеудің бастауы ретінде қабылдануы кездейсоқ емес. Өйткені, Мемлекеттік ту, Елтаңба, Әнұранымыз – ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі. Кез келген елдің тәуелсіздігін оның мемлекеттік рәміздерінен бөліп алып қарауға болмайды. Ал, Астана – мемлекетіміздің әлем алдындағы жаңаруының нышаны. Халқымыздың ғасырлар бойғы арман-тілегінің шынайы болмысы. Қалыптасқан дәстүр бойынша салтанатты шара аясында әскери білім ұйымдарының үздік бітірушілеріне алғашқы әскери шен тапсыру рәсімі өтеді. Ел қорғайтын батырларымыздың Мемлекеттік ту астында алғашқы әскери шен алуы үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Өйткені, мұның астарында Отан алдындағы адалдық пен ел сенімі жатыр. Жалпы, биылғы жылы мере­келік бағдарлама аясында барлығы 70-ке жуық түрлі шаралар өткізу жоспарлануда. Оның ішінде басты назар қала көшелері мен алаңдарында, саябақтар мен гүлзарларда өтетін шараларға аударылып отыр. Өйткені, біздің жүргізген сауалдама бойынша осындай бұқаралық мәндегі шаралар ел көңілінен шығатын көрінеді. Ал енді ауқымдық тұрғыда ерекше назар республикалық деңгейдегі іс-шараларға аударылатын болады. Ол да болса мерекенің идеологиялық қағидатын сақтау тұрғысынан алынып отыр. Яғни, елорда күнінде Астананың айналасына барша отандастарымызды ұйыстыру. Бұл ретте келесі республикалық деңгейдегі іс-шараларды атап өтуге болады: «Аялаған Астана» республи­калық телевизиялық балалар байқауы еліміздің түкпір-түкпі­ріндегі дарынды балалардың басын қосып, олардың талантын ашуға көмектеседі; – жыл сайын ұйымдас­ты­ры­латын театр фестивалі. Оның ая­сында еліміздің барлық өңір­лері­нен келген театр ұжым­дары­мен қа­тар, басқа елдерден шақы­рыл­ған­ өнер майталмандары көр­ер­­мендерге өз қойылымдарын ұсы­нады; – «Мәңгілік ел» – «Мүшәйра» республикалық байқауы. Мүшәй­раның басты тақырыбы Мемлекет басшысы саясатының стратегиялық бағыты «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының орын­далуындағы Астананың рөлі мен маңызы болмақ; – отандық орындаушылар­дың қатысуымен «Астанаға тар­ту» және «Ән-жүрегім – Астана!» екі концерттік бағдарлама ұйым­дас­тырылады. Астана күнінің жалпыха­лықтық мереке екендігін айшықтайтын ашық алаңдардағы ауқымды мәдени, ойын-сауық шаралары саналады. Мереке күндері елорданың барлық алаңдарында қала тұрғындарының еркін қыдыруы мен демалысына арнал­ған бұқаралық ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Атап айтқанда «Қазақ елі» монументі алаңында «Шуақты қала» кон­церттік бағдарламасы және бұқара­лық шеру өтеді. «Шуақты қала» фестивалінің негізгі мақсаты – отбасылық демалыс­ты жандандыру, отбасындағы татулық пен бірлікті нығайту және саламатты өмір салтын дәріптей отырып, отбасылық мәдени орта қалыптастыру. Сон­дай-ақ, Қалалық алаңда түрлі фор­мат­тағы және тақырыптағы бірнеше шара жоспарланып отыр. Оның ішінде күндізгі уақытта – аспаздық және тағамдар фестивалі, поэ­зия және кітап мерекесі, кешкі уақытта «Интернешнл стрит дансе» көше билерінің фестивалі мен «Қайырлы кеш, Астана!» жастар дискотекасы бар. «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында, Есіл жағалауында және «Бәйтер­ек» монументі жанында дәстүрлі «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениетінің фестивалі, «Астана-Арқау» түркі музыкасының фестивалі, «Өзен әуендері» және «Шаттық» балалар шығармашылық фестивальдары жоспарланған. Елорда алаңдарымен қатар, қаладағы барлық сарайлар, концерт залдары, театр­лар, мұражайлық холлдар мен елорданың спорт объектілерінде мерекелік шаралар өтеді. Атап айтқанда, Конгресс-холлда айтыскерлердің «Мүшәйрасы» мен «Ән жүрегім Астана!» гала-концертінен бөлек, түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізу жос­парланып отыр. Бұл ретте «Ән мен күй әлдилейді Астананы» концерті, «Астананың үздік тауары» байқау-көрмесі, «Астана кубогы» халықаралық КВН лигасы, Кондитерлер фестивалі,  «Көңілді Астана» сатира кеші және «Саммер Джаз Астана» джаз музыкасының концерті  өткізілетін болады. Бейбітшілік және келісім сарайында, «Астанаға тарту» концертінен өзге, «Астана кештері» клас­сикалық музыка кеші, Астана-балет қойылымдары; «Астана жұлдызы» музыкалық сый­лығын тапсыру салтанаты, иллюзионистердің халықаралық фестивалі, «Битва городов» халықаралық әзіл фестивалі өтеді. Ал «Қазақстан» орталық киноконцерт залында «Опералия» халықаралық фестивалі, Мей­рамбек Беспаевтың жеке концерті, Композитор Шәмші Қалдаяқов­тың шығармашылығына арнал­ған концерт, «Мечты сбываются» ретро-концерті, «А-Студио» тобының концерті астаналықтар мен қала қонақтарын шақырады. Астана күнімен құттықтауға отандық өнер майталмандарымен қатар ресейлік, ағылшындық және америкалық эстрада мен классикалық музыка жұлдыздары арнайы келеді. Олардың ішінде Лариса Долина, Олег Погудин, Юрий Антонов, Анна Нетребко, Марк Кинг, Akon және тағы басқа жұлдызды меймандар бар. Спортсүйер қауым үшін мереке күндері «Қайсар керуен» бұқаралық қайырымдылық веложарысы, «Қазақстан барысы» республикалық турнирі, «Астана кубогы» үстел теннисі марафоны, Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін ат спорты бойынша халықаралық жарыстар және «Волна экстрима» спорттық акциясы ұйымдас­тырылады. Әрине, мұның барлығы келген көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлау үшін жасалып отыр. Десе де Астана күні – бұл тек той-думан емес. Оның аясында бірінші кезекте әр адамның жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй, аулааралық аумақ, кіреберіс жолдары, жарықтандыру сияқты, бір сөзбен айтқанда, барлық шаруашылық жұмыстар жасалады. Сарыарқа, Алматы және Есіл аудандарында қала күні қарсаңында көптеген аула абаттандырылатын болады. Жұмыстар мамыр айының ортасында басталған, қазіргі күнде жалғасуда. Асфальт-бетонды жабдықтау, балаларға арналған ойын кешендерін салу, спорттық алаңқайлар, орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылып және ауланы безендіру жүргізілуде. Осындай түйткілді әлеуметтік жағдайлардың шешілуі өз кезегінде мереке қарсаңында халықтың көңіл-күйін көтеріп, әр астаналыққа мерекелік сезім сыйлайды деген ниеттеміз. Алып қарқынмен дамып келе жатқан бас шаһар 2050 жылға қарай әлемнің ең табыс­ты 10 қаласының біріне айналып, алдыңғы қатарлы қалалар көшінде болуы керек. Бұл Елбасының қадап айтқан тапсырмасы. Бұл ретте Астананың сәулеттік, эстетикалық, көркемдік келбеті рухани-мәдени, білімдік-тәрбиелік мазмұнымен астасып жатуы қажет. Бұл орайда Астана күніне арналған мерейлі шаралар ел халқын біртұтас бірлікке үндеп, келісім мен кеңдікке жетелейді. Барша қазақстандықтарды ерекше сезімге баурап, зор мақтаныш пен ризашылыққа бөлейді деген сенімдеміз. Болат ТІЛЕПОВ, Астана қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы.

Цирк өнерінің халықаралық бәсекесі

Қала күні мерекесі құрметіне өткізілетін дәстүрлі «Азия жаңғырығы» фестиваліне Максим Никулин, Эдгард Запашный және басқа да танымал цирк жұлдыздары келеді. Биылғы 1-8 шілде аралығында Астана қаласы әкімдігі қолдауымен жыл сайынғы «Азия жаңғырығы» 7-ші халықаралық цирк өнері фестивалі өтеді. Жақын және алыс шетел әртістерін жинайтын фестиваль жылдан-жылға құлашын кеңге жайып келеді. Биыл әдеттегіден әсерлі жаңа көріністер көрермендерге тарту етіледі. Фестиваль әр елдің әртістері арасындағы ең мықтылардың өнер додасы ғана емес, халықаралық қазылар алқасы сараптайтын ең ірі бағалау алаңы ретінде есте қалмақ. «Астаналық цирк» манежінде елорда тұрғындары мен қонақтарына Ресей, Қытай, Моңғолия, Вьетнам, Беларусь, Якутия, Украина, Өзбекстан және Қазақстанның әртістері өнер көрсетеді. Олардың көбі бүкіләлемдік фестиваль жеңімпаздары мен лауреаттары, өз жанрларының хас шеберлері, цирк әулетінің ұрпақтары. Фестиваль бағдарламасы  әрбір қатысушы мемлекеттің ұлттық цирк ерекшеліктерін ортаға салатын «жанды» әрі бірегей шоуға қанық. «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі оған қатысушылардың үрмелі оркестр сүйемелдеуімен Астана көшелеріндегі «Кавалькада» мерекелік шеруімен ашылады. Дәстүрге айналған цирк өнері фестивалі қала тұрғындарының үлкен қолдауына ие болды. Жыл сайын цирк қойылымдары үлкен қызығушылықпен өтеді әрі келушілерді тамаша көңіл-күйге бөлейді.  Биылғы байқауға өнерсүйер жұртшылыққа кеңінен танымал Ерік Жолжақсынов – қазылар төрағасы, «Астаналық цирк» МҚКК бас директоры, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Вадим Гаглоев –Ресейлік «Росгосцирк» цирк компаниясының бас директоры, Эдгард Запашный – Ресей халық әртісі, Вернадский даңғылындағы Мәскеу үлкен циркінің бас директоры, Максим Никулин – Никулин атындағы Мәскеу циркінің бас директоры, Игорь Хлебосолов – Украина мемлекеттік цирк компаниясының бас директоры және басқа да цирк өнерінің білгірлері төрелік ететін болады. Цирк өнері фестивалі әдеттегідей қызықты да әсерлі болады деп күтілуде. Ұлбосын Рақаева, Астана күнін өткізудегі ұйымдастыру комитеті медиа-штабының үйлестірушісі.

Жасыл орман – қырғауылдар мекені

Ел арасында «Президент орманы» ата­латын Астананың жасыл белдеуі жай­қалып тұр. Адам қолымен өсірілген жасанды орманның жасыл желек жамылған ағаштары бүгінде Ақкөл-Бурабай аймағындағы табиғи ну орманмен қабысуға жақын қалды. Астананың жасыл белдеуі аталатын жа­сан­ды орман шын мәнінде адам қолы­мен жасалған табиғат кереметіне ай­нал­ды. Қала ішінде егілген қара ағаш­тың өзі зорға өсетін Ақмола қаласы ас­тана  мәр­тебесіне ие болысымен-ақ Елба­сы Ар­қаның аңызақ желі мен ақтүтек бо­ран­дарына тосқауыл болатын қаланың «жа­сыл белдеуін» жасауға тапсырма бер­ді. Қолдан егілген ағаштың көбі қурап қа­латын сортаңды аймақта «жасанды орман» өсіру мәселесіне біреу сенсе, біреу сенбеді. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші Ел­басының табандылығының арқасында сол сортаң жерде бүгінде жүздеген гек­тар­ға созылған жасыл орман жайқалып тұр. Астана іргетасы қалана бастаған 16 жыл­­дың ішінде өсірілген ағаштар жарыса бой түзеп,  сыңсыған орман қанатын кеңге жайды. Қазір көпшіліктің көзайымына ай­налған осы орманды жан-жануарлар да мекен ете бастады. Астананың жасыл бел­деуінде қоян, қарсақ, түлкі сияқты аң­дар жортып жүрсе, шіл сияқты құстар ме­кен­дейді. Осы орманда дала құстарын кө­бейту мақсатында біршама игі бас­тама­лар қолға алынды. Бұл ретте қала маңын­да­ғы жасанды орманда шілдермен қатар қыр­ғауылдар өсіру ісі қолға алынды. Астана орманында қырғауыл өсіруге басым­дық берілудің басты себебі, бұл құс күй талғамайды. Арқаның қатты аяз­ында қырғауылдар түнде қар астына кі­ріп кетіп, жан сақтайды. Қорегі мол болса бол­ғаны, қырғауылдар өсімталдығын дәлелдейді. 2010-2011 жылдары Астана орманының Рождественко тас жолына жақын маңда аналық қырғауылдарға арналған үйшіктер салынды. Сөйтіп, алғаш рет 125 қырғауыл Астана орманына жіберілген болатын. 3 жыл ішінде инкубациялық әдіспен қыр­ғауылдар саны 3210-ға жеткізілді. Оның 2300-ден астамы орман алқабына еркін­дікке жіберілді. Қазір қырғауыл өсіретін үйшіктерде 360 аналық құс және 1500-ден астам шібилер жетілуде. Үстіміздегі жылдың көктемінде Астана ормандарына тағы да 704 қырғауыл еркіндікке жіберілген болатын. Бүгінде бұл орман алқаптарында қырғауылдар жерсініп, еркін өсіп-жетіле бастады. Оларды орман қызметкерлері сырттай бақылап тұрады. Астананың жасыл белдеуі қазір қырғауыл, шіл сияқты құстардың құтты мекені болды. Астана орманында қырғауылдарды көптеп өсірудің тағы бір себебі, олар орман алқаптарын зиянкес жәндіктерден қорғауға да ерекше ықпал етеді. 16 жыл ішінде Астананың жасыл белдеуі нағыз табиғи ну орманға айналды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».

Серпінді жоба – сенімді сапа

Елімізге инвестиция тарту, сол арқылы елорданы көркейту – бүгінгі күннің басты талабы.  Осыдан он екі жыл бұрын Президенттің арнайы Жарлығымен құрылған «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында бүгінге дейін 283 нысан пайдалануға берілді. Осы аумақта  жер және салық жеңілдіктері қарастырылып, отандық және шетелдік инвесторларды тартуға қолайлы жағдай жасалған. Астананың негізгі кескін-келбеті мен бет-бейнесі – Есілдің сол жағалауы екені анық. Кезінде Есілдің ен бойы ел қонбақ түгілі, иен жазық дала болғаны белгілі. 2001 жылы «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы құрылғалы бұл өңір адам танымастай өзгерді.  Елорданың бойтұмарына айналған небір тамаша ғимараттар,  әкімшілік-іскерлік нысандар бой көтерді. Арнайы аймақтың мақсаты да сол – жаңа шаһарға тән заманауи инфрақұрылым құрып, әкімшілік, тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени маңыздағы айшықты ғимараттар құрылысын салу. Индустриялық парк  үдемелі индустриялық-инновациялық даму стратегиясы шеңберінде  жаңа технологиялармен жабдықталған өндіріс ошақтарын құруды көздейді. Бүгінде «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына кіретін бірінші Индустриялық парктің көлемі  598,1 гектар болса, жаңадан қолға алынған екінші Индустриялық парктің аумағы 433,1 гектарды құрайды. Мұндағы Индустриялық алаңда ерекше құқықтық режім қалыптасқан. Елорданы дамытуға ниет білдіріп, Индустриялық парк аумағында өндірісін ашқан инвес­торлар корпоративтік табыс пен жылжымайтын мүлік салықтарынан босатылады.  Импортталатын тауарларға акциз салуды қоспағанда, тарифтік реттеу шаралары қол­данылмайды. Құрылыс нысандары салынып жат­қан жер телімдері жер салығынан босатылады.  Яғни, ғимарат  салық салу нысаны  болып саналмайды. Жер телімін жалға алғандар да 10 жыл бойы жалдау құнын төлеуден босатылады.  Еркiн кедендiк режім қалыптастыру арқылы  осы аумақты серпінді жобалардың қайнаған ортасына айналдыру – басты мақсат болып отыр. Жалпы, елімізде құрылған  оншақты арнайы экономикалық аймақтар сол өңірге қосымша инвестиция тартып, экономикасына тың серпін беруге бағытталған.  Солардың ішінде Астананың арнайы аймағы – белсенді жұмыс істеп жатқандардың қатарында. Бүгінгі таңда оның аумағында жалпы инвестиция мөлшері 184 млрд. теңге болатын 50 жоба жүзеге асырылып, парк  алаңы­ның 90 пайызын иеленуде. 19 жоба белсенді жұмыс істеуде,  тағы 5 кәсіпорынды 2014 жылдың аяғына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Қалған 26 жоба құрылысын жүргізу және жер телімін ресімдеу сатысында тұр. Тұтастай алғанда, Индустриялық парктегі жоба­лардың барлығы 2016 жылдың аяғына дейін өндіріске кіріседі. Сол арқылы елорда нақты көрсеткіштері мен елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділікке қол жеткізетін болады. Мәселен, 2017 жылға қарай Индустриялық парк кәсіпорындары шығарған өнімдер мөлшері жыл сайын шамамен 300 млрд. теңгеге жетеді деп күтіліп отыр. Елордадағы өнеркәсіптік жобалар негізінен №1 Индустриялық паркте шоғырланған.  Мұндағы кәсіпорындардың барлығы тың технологиялармен жұмыс істейді. Олар өндірген жобалардың сапасы да жоғары. Ел экономикасын алға сүйрейтін ірі жобалардың бірі – 2010 жылы іске қосылған Локомотив құрастыру зауыты. Жылына 100 тепловоз шығаруды міндетіне алған зауыт бүгінде межелі жоспарын артығымен орындауда. Бұрынғыдай емес, тепловоз бөлшектері де сырттан тасымалданбай, осы зауыттың өзінде өндіріліп жатыр. Бұған қоса, 2011 жылы пайдалануға берілген «Тұлпар-Тальго» ЖШС жылына 150 вагон шығаруға қауқарлы болса, «Электровоз құрыстыру зауыты» ЖШС-нің жылдық қуаты 50 электровоз шығаруға жетеді. Сондай-ақ, темір-бетон өнімдерін шығаратын «АБК Максат» ЖШС жылына 3 млрд. теңгенің тауарын өндірсе, «Іскер ЖҚ» ЖШС жылдағы 2 млрд. теңгенің өндірісімен елорданың экономикасын өркендетуге өзіндік үлесін қосуда. Ал әйнектен жасалған бұйымдарды дайындайтын, құны 440 млн. теңгені құрайтын «Стеклянный дом» ЖШС жобасы іске қосылса, 50-ге жуық жұмыс орны ашылады. Италия, Германия, Ресей қондырғыларында шығары­латын жоғары сапалы жиһаздарды өндіруді « Авалон-К» ЖШС мойнына алып отыр. Бұл жобаның құны – 220 млн. теңге. Кәсіпорын 48 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Жалпы, Астана қаласының Индустриялық паркі ау­ма­­ғын­дағы нысандардың 90 пайызы инвестициялық жо­ба­лармен жұмыс істейді. Жыл өткен сайын елорданың Ин­­дустриялық паркіне қызығушылық  танытып отырған ин­вес­торлар қатары көбейіп келеді. Келесі жылы тіпті ин­вестициялық жобалар алаңында бос орын қалмауы да мүмкін. Индустриялық парктегі жұмыстар табысты жал­­ғасын тапса, қосымша 8 мыңнан астам жаңа жұмыс ор­­ны ашылып, 180 млрд. теңгенің өнімі өндірілетін болады. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы жалпы аумағы 433 га құрайтын №2 Индустриялық парк құрылысын да қолға алды.  Биыл оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп бітеді.  Бұл Индустриялық паркте  40-қа тарта жаңа кәсіпорын құрылатын болады. Олардың барлығы да инновациялық және экономикалық тиімділік өлшемдеріне сай жұмыс істемек. Бүгінде оның сметалық-жобалау жұмыстары мен инфрақұрылымын жасақтау жүргізілуде. Архат САЯБАЕВ, «Астана – жаңа қала» АЭА әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары.

Бетті әзірлеген Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан» .

Соңғы жаңалықтар